Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ПАЙҒАМБАР ﷺ ЗАМАНЫНДАҒЫ РАМАЗАН ҚАНДАЙ ЕДІ

Тәржімалаған: Әбдікерім Берікбай Германұлы 24.05.2018 5953 0 пікір

 

Хижрет-құтты көштен кейін пайғамбарымыз және сахабалардың өмірі түбегейлі өзгерген еді. Пайғамбарымыз алдымен Мәдинаның орталығына бір мешіт салдырды. Өз үйі де мешітке қоржынбас болып қаланды. Мекке кезеңінде көбінесе иман және ғибадатқа байланысты аяттар түссе, құтты көштен соң ғибадат әлеуметтік әрі экономикалық өмірге байланысты үкім аяттар түсе бастады. Аталмыш аяттардың біреуі осы ораза ұстауға байланысты үкім болатын. Ол бұйрық:

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақулыққа жетерсіңдер» (Бақара 2/183). «(Сол санаулы күндер), адамдар үшін тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін» («Бақара» сүресі, 185- аят).

Ол кезде адамдар жаңа айдың басталғанын әрі аяқталғанын айға қарап анықтайтын еді. Пайғамбарымыз рамазан айының нақты анықталуын қалап, бұл мәселеде адамдардың селқостық жасап, рамазаннан бір-екі күн бұрын ораза тұтып бастауға жол бермейтін. Өйткені бұл аталмыш ораза Алланың әмірі және ғибадаттың басталуы аса маңызды болатын. Осыған байланысты пайғамбарымыз ﷺ былай бұйырды:

«Рамазанды, бір немесе екі күн бұрын ұстап қарсы алмаңдар. Бірақта бір кісі оданда бұрын ораза ұстап келе жатқан болса бір басқа» (Бұхари, Саум, 14; Мүслим, Саум, 21, 1082).
Мәдинадағы алғашқы Рамазан толқынысы

Алтын ғасыр - асры саъадатта алғашқы рамазан оразасының қуанышы толқындай тасып Мәдинаға лезде жайылды. Олар оразаның түп мақсатын жан-тәнімен түсінген болатын; олар әр жылдағы бір айғы ораза арқылы асау нәпсілерін тәрбиелеп жан дүниелерін тазартуды қалаған еді. Әсіресе пайғамбарымыз, сахабалардың түнгі намазды оқуларын қалайтын-ды: Абдуррахман ибн Ауфтың хабар беруіне қарағанда Алла Елшісі ﷺ былай дейтін: «Аса абыройлы атақ пен ұлықтық иесі Алла Рамазан оразасын парыз етті; мен де бұл айда түнгі намазды (тәһажжуд/тарауих) сүннет еттім. Кімде-кім ол айда шынайы ықыласымен оразасын ұстап әрі түнде құлшылықпен өткізсетін болса, күнәларынан арылып, тұп-тура анасынан туғандай тап-таза күйге енеді» (Ахмед бин Ханбәл, 1/191; Иби Әби Яълә, 2/169, 864).

Тағы бір хадисінде былай дейді:

 «Кімде-кім Рамазан ай түндерін (тәһажжуд/тарауих) намаздарын шынайы ықыласпен жалғастыратын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі».

(Бұхари, иман, 26; Мүслим, Салатул-мусәфириин, 173, 759).

Мәдинадағы имсак

Араб тілінде ұстау мағынасына келетін «имсак» сөзі ислам келген соң ауыз бекіте бастайтын уақыт үшін қолданыла бастады. Ораза күндіз жүзеге асатын бір құлшылық болып саналады. Осыған орай фәжр-садықпен ораза ұстау басталып күн батқанға дейін бұл құлшылық жалғасады. Құранда былайша ашықталады:

«... Сондай-ақ, таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға (таңның бейне бір ақ жіптей ағарып, қылаң бере бастағанын көргенге) дейін жеп-ішіңдер. Содан кейін күн ұясына батып, ымырт түскенге дейін оразаны толық ұстаңдар» («Бақара» сүресі, 187- аят).

Сахабалардың біреуі бұл аятты сөзбе-сөз түсініп, ақ жіппен қара жіпке қарап нақты ажырата алмаған болатын. Бие байлайтын уақытта, Пайғамбарымызға ﷺ барып жағдайды айтты. Сонда Алла елшісі:

«(Құрандағы бұл мәселе) түннің қараңғылығы мен таңның жарығы»,- деді. (Бұхари, Саум, 16)

Сол кезде әсіресе, Рамазан айында Мәдинада имсак үшін екі азан шақырылатын. Біреуі имсактан бұрын еді, өйткені тәһажжуд намазын өтеушілер, ауыз бекітетін уақыттың жақындағанын біліп сәресілерін ішсін деген бір ескерту түрінде болатын. Алғашқы азанды Биләл Хабәши шақыратын. Сағат жоқ уақытта бұл аса маңызды мәселе болатын. Османлы дәуірінде, ауыз бекіту уақыты жақындағанда азан емес Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтылатын. Оның атауы «Тәмжид» еді. Сол кезде кешке сәресі үшін палау пісіріліп, сәресіде сол тәмжид оқылып жатқанда ысытып таратылып желінетін. Сол себепті бұл «тәмжид палауы» делініп кеткен екен.

Имсактан кейін, ораза мен таң намазының басталғанын жариялау үшін екінші азан айтылатын. Екінші азанды шақыру міндеті көз ақауы бар кісі Абдуллаһ бин Үмму Мәктумге тиесілі еді. Адамдар «таң атты» деп оған хабар айтқаннан кейін барып азан шақыратын. Осылайша адамдардың бір ауыздан келісімі болған бір уақытта азан шақырылған болып саналатын. (Бұхари, Азан, 12, 13; Нәсаи, Сиям, 30)  

Мәдинадағы ифтар

Ифтар аяқтау әрі ашу деген мағынаға келетін сөз бола тұра, Ислам дәуірінен соң оразаны аяқтау, ауыз ашу уақыты үшін қолданысқа ене бастады. Пайғамбарымыз ﷺ ауыз ашарға асығу керектігін, оны құрма немесе сумен ашуға кеңес беретін. Әнәс былай дейді: «Алла елшісі, ақшам намазын өтеуден бұрын бірнеше жас құрмамен, егер ол жоқ болса кепкен құрмамен ауыз ашатын. Ол да болмаса сумен ифтар ететін».  Пайғамбарымыз ﷺ ауыз ашар сәтте дұға етілуін ұнататын әрі «әрбір ораза тұтушының ауыз ашқан кезде қайтарылмайтын бір дұғасы болады» дейтін. Өзі де алақандарын жайып:

«Раббым, сенің разылығың үшін ораза тұттым. Сенің берген ризығыңа ауыз ашып отырмын» деп дұға жасайтын. (Әбу Дәуід, Сиям, 22)

Пайғамбарымыз ﷺ  ауыз ашар дастарханына басқа адамдардың да шақырылуын және көппен бірге ауыз ашуға үндейтін. Және былай дейтін: «Кімде-кім аузы берік жанға ауыз аштыратын болса, оғанда ораза тұтқандай сауап жазылады». Ауыз ашқан соң барып ақшам намазын өткізетін. Қазіргі күнде Мекке, Мәдина көшбасшы болып басқа да үлкенді-кішілі мешіттерде осы үрдіс жалғасын табуда. Елімізде бұл үрдіс күн санап жаңа белестерді бағындыруда.

Жәбірәйілмен  Құран муъарадасы

Әр Рамазан айында пайғамбарымыз ﷺ  Жәбірәйілмен бірге Құранды муъарада ететін.  Пайғамбарымыз ﷺ оқып, Жәбірәйіл тыңдайтын. Ибн Аббас бұл жайлы: «Пайғамбарымыз ﷺ жақсылық, қайыр жасауда адамзат баласының ең жомарты еді. Рамазан айында Жәбірәйілмен жолыққанда да Ол адамдардың ең жомарты болатын. Жәбірәйілмен жолыққан әр түнде пайғамбарымыз ﷺ Құран тапсыратын»,- деп баяндайды. Кейбір риуаяттарда Жәбірәйілдің оқығаны жайлы дерек келеді. Бұл риуаяттан кейде пайғамбарымыз ﷺ оқып, Жәбірәйіл тыңдайтынын, Жәбірәйіл оқып, Пайғамбарымыз ﷺ тыңдайтынын түсінуге болады. Бұл тақырып хадис жинақтарында «Муъарада» делінеді. Түрікше «муқабалә» болып аударылып қолданысқа енген. Қазақша бетпе-бет отырып Құран оқу дегенге саяды, бірақ әлі қалыптаса қоймаған.

Алғашқы Рамазанда Бәдр соғысы

Исламды түп-тұқиясымен жоймақшы болған Меккелік мүшріктер қарап жатпай, мұсылмандар жайлы өсек-аяң таратып, саяси және эканомикалық күшке ие болу үшін әрдайым Шам мен Иемен жаққа керуендерін аттандырып отырды. Осыдан түсірген пайдаларымен қарулану және шөл арабтарын дүние-мүлік, ақша арқылы айдап салуды мақсұт тұтқан болатын. Сондықтан пайғамбарымыз ﷺ  елдерінен қуып шығып дүние-мүліктерін талан-таражға салып жандарына қастандық жасаған Меккелік мүшріктердің керуендерінің Мәдинаның маңайынан баса көктеп өте берулеріне жол бермеуді көздеді. Анда-санда жорықгерлерді шығару арқылы керуенді тікелей өзі бақылап, ұстап отырғанын байқатты. Міне, дәл сол кезде Шам жақтан құрайыш мүшріктеріне қарасты бір керуеннің келгені жайлы хабар жетіп дереу жорық жасағы аттандырылды. Бұдан хабардар болған Меккелік мүшріктер де бір жасақ дайындап Мәдинаға жол тартты. Пайғамбарымыз ﷺ Мәдинада сахабалармен алқалы кеңес өткізді. Сол күнге дейін жасаулы жорықтарға тек муһажирлер ғана міндет алып шығатын. Пайғамбарымыз ﷺ  ансар жұртына бір зарар тимесі үшін оларды жорықтарға шығармаған болатын. Ал, бұл жолы жағдай басқа, яғни соғыс мәселесі болатын. Жауапкершілікті сезе білген ансарлар пайғамбарымызға ﷺ келіп, соғысқа қатысқысы келетіндіктерін айтады. Пайғамбарымыз ﷺ муһажир мен ансардан құралған бір әскер жасағымен Рамазанның 12-ші жұлдызында Мәдинадан жылжыды. Рамазанның 17-ші жұлдызында екі жақ Бәдрде жолықты. Ауыр алапат соғыстан соң мұсылмандар Рамазанның 22-ші жұлдызында жеңіспен Мәдинаға қайтты. Пайғамбарымыз ﷺ қайтып келгенде, бірнеше күн бұрын қызы Руқияның дүниеден озғанын естіп қабырғасы қайысты. Бұрыннан науқастанған жұбайының жанында Осман қарайлап қалғандықтан Бәдр соғысына қатыса алмаған болатын.

 Жалғасы бар...

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру