Жарапазан «Жә-Рамазан», яғни арапша «Рамазан келді» деген сөзден шыққан. Баяғы кезде жарапазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға молаюда ата-бабамыздың бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен Жарапазан жыры қайтадан жаңғырып, ол жаңаша реңке ие болады деген үміттеміз әрі ұлтымыздың көне дәстүрін жаңғырта жүруге шақырамыз.
Жарапазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. Ол ораза ұсталатын Рамазан айында ғана орындалады. Жарапазанды жас-кәрісіне қарамай барлығы айта береді.
Негізінен, жарапазан айту мерзімінің өзіндік тәртібі бар. Ол Ораза айтында ғана емес, Рамазан айы туғанда да айтылады. Басында Оразаның алғашқы үш күнінде ауыз бекітер алдында, үйдің ту сыртынан айтылады. Бұл бір жағынан ауыз бекіткен адамды сәресіне ояту үшін жасалады. Алдымен жарапазан желдірмесі, сосын жарапазан сөзі, одан кейін жарапазан батасы айтылады. Жарапазан айтқан жарапазаншыға үй иесі оянып, беліне ақтық байлап, дәм ұсынып, разы қылып шығарып салған. Жарапазанды үлкендерден үйренген ауыл балалары да жаттап алып, топтасып кешке ел орынға отырған шақта ауыл аралап жарапазан айтқан.
Жарапазан өлеңдері адамгершілікті, имандылықты, әділет пен адалдықты, оразаны дәріптейді. Өзіндік сарыны бар. Оған негізінен діни сенім арқау болады.
Жарапазан өлеңі он бір буынды қара өлең ырғағымен келеді. Тек әр шумақ айтылып болған соң арасында: «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген тілек қайталанып айтылып отырады. Жарапазан айтқан үйден ырым алғаннан кейін міндетті түрде бата беріледі. Бата жыр түрінде болып келеді де жақсылық, ізгілік ниет білдіреді.
Жарапазанды адам жалғыз айтпайды, оның жанында міндетті түрде қостаушысы болуы керек. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады:
Үйің үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Ақтөбедей көрінген,
Қандай байдың үйі екен!
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағалейкум, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.
Сәлемді қабыл көрсін, Хақ Тағалам!
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған.
Алдыңда Нұр-Мұхаммет күліп тұрған.
Мінгені пайғамбардың жирен дейді,
Намазды он екіңде үйрен дейді.
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.
Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза намазыңның несі жұмыс.
Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Біреуі бес намаздың таң намазы,
Оқыған тал түстегі қай намазы.
Терісі шұбар киіктен-жайнамазы.
Біреуі бес намаздың бесін біл тек,
Аллаға "оқыдым" деп қылма міндет.
Алдыңда дайын тұрар екі жендет.
Біреуі бес намаздың екінтіні,
Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.
Барғанда ахиретте өкіртеді.
Біреуі бес намаздың ақшам намаз,
Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.
Тартасың ахиретте өзің жаза.
Біреуі бес намаздың Жашихты,
Білген адам тартады тәспиықты.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда періштелер бас иіпті.
Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
(әр шумақтан кейін қайырма қайталанады)
Балаңыздың үлкені батыр болсын.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,
Балаңның батырлығы татыр болсын!
Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.
Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.
Қыз берсе құндыздай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Аллаху әкбар,
-деп бет сипайды.
Pіkіrler (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру