Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

18 April 2024

9 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ҚУАНЫШ НАРЖАНОВ: ДІН ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ЖАС МАМАНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 26.02.2021 7880 0 пікір
ҚУАНЫШ НАРЖАНОВ: ДІН ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ЖАС МАМАНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

ҚМДБ Алматы аймағының бас имамы Қуаныш Бақытбекұлы Наржановпен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Діни басқармаға қарасты Алматы облысында екі өкілдік бар. Бірі – Алматы аймағы өкілдігі, екіншісі – Талдықорған қаласы өкілдігі. Әйтсе де, Талдықорған қаласына қарасты да аудан, ауылдар бар. Сіздің өкілдікке қарасты аудан, ауылдарды атап өтсеңіз...

– Әрине облыс аумағы үлкен, халқының да саны көп болғандықтан, екі өкілдіктің болуы заңдылық деп білемін. Талдықорған қаласы облыс орталығы болғандықтан оған қарасты аудандар, ауылдар орналасқан. Ал Алматы аймағы өкілдігіне 9 аудан мен 1 қала қарайды. Олар Жамбыл, Талғар, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Балқаш аудандары және Қапшағай қаласы.

– Қазіргі таңда өкілдікке қарасты неше мешіт жұмыс істеп тұр?

– Аллаға шүкір, биыл егемендік алғанымызға 30 жыл толмақ. Осы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміздегі ең қуанышты көріністің бірі – осы мұнаралары көк аспанмен астасып, күмбездері алыстан менмұндалап тұратын мешіттеріміз. Бүгінгі таңда Алматы аймағы өкілдігіне қарасты мешіттер саны 286-ға жетіп, жылдан-жылға саны артып келеді.

 

– Карантин режимі жұмыстарыңызға қалай әсер етті?

– Тек бізге ғана емес, барлық саланың мамандарына, жалпы ел тұрғындарына карантин оңай тиген жоқ. Әсіресе былтыр жер бетіне карантин режимі өз әсерін тигізді. Кейбір мемлекеттердің экономикасы тұралап, қаншама жұмыс орындары мен мекемелер қызметін шектеп немесе белгілі бір уақытқа мүлдем жабылып қалды. Халықтың материалдық жағынан қинала бастағанын баршамыз байқадық. 

Сол сияқты жер бетіндегі ең берекелі орындар «Алланың үйі» деп аталып кеткен мешіттеріміздің де есіктері уақытша жабылуға мәжбүр болды. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген діни тәрбиемен ұштасып жатқан аталы сөзге тоқтап, әр нәрсені сабырмен, даналықпен жеңуді үйренген халықпыз. Әрбір ризық-несібенің тек бір Алла Тағаладан екені айдан анық. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының осындай сындарлы сәтте мұсылман қауымын қайырымдылық іс-шараларды атқаруға үндеуі көптеген жомарт азаматтарды жақсылық жасауға жігерлендірді. Арамызда жомарт жандар көп. Аллаға шүкір, мұқтаж отбасыларға көмек қолын аяған жоқ. Уақыт талабына сай бейімделіп, имамдарымыз интернет мүмкіндігін барынша пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы қашықтан уағыз-насихат жұмысын жүргізе бастады.

Жұқпалы індет адамзат баласының әр уақытта кез келген нәрсеге дайын жүру керектігін ұғындырды. Мешіт-медреселер уақытша жабылғанымен, сауап есіктері жабылмағанына Аллаға шүкір айтамыз. Ораза, ауызшар, Қадір түні, Құрбан айт, пітір, дәріс пен насихаттар т.б діни рәсімдер заманауи онлайн  әдіспен жалғасып отырды.

– Өңірдегі діни кадр мәселесі жөнінде не айтасыз? Білікті мамандар жеткілікті ме?

– Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінен әр жылы бітіруші түлектермен арнайы кездесіп, мешіттерге діни қызметке шақырып, кадр мәселесін оңтайлы шешудеміз. Сонымен бірге Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешіті жанында орналасқан «Үшқоңыр» медресе-колледжі де кадр мәселесін тиімді шешуде. Мысалы, қазіргі таңда қызметте 370 дін маманы болса, діни жоғары білімді – 130, зайырлы жоғарғы білімі бар – 37, жалпы жоғары білімді – 167, орта діни білімді – 119, шет елден жоғары білім алған 20, магистр дәрежесі 25 қызметкер бар. Алматы өңіріне қарасты «Үшқоңыр» медресе-колледжінде 2020 жылы ұлдар және қыздар бөлімінен 105 шәкірт бітіріп шықса, оның 95%-ы қызметпен қамтамасыз етілді. Қалған 5%-ы отбасылық жағдайға, дәлірек айтқанда, қыз балаларға тиісті қызметін әзірше кідіртуге тура келді.

– Ихсан ілімін насихаттау жұмыстары қалай жүріп жатыр?

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Ихсан ілімін насихаттауға қатысты бағыты – болашаққа өте қажетті бағдар. Осыған орай Алматы аймағы бойынша жауапты арнайы маман бекітіп, өз жұмысын бастап, екі ай ішінде бірқатар семинар өтті. Ихсан ілімі Бас мүфтидің дер кезінде ұсынылған үндеуі десек болады. Өйткені ол Абай және Жамбыл бабаларымыздың мерейтойлары қарсаңында қазақы салт-дәстүріміздің жанданып-жаңаруына қосқан ерекше үлес деп білемін.

Ихсан – дін мен дәстүрдің ұштасуына ұйытқы болып отыр. Өңірімізге қарасты дін қызметкерлері мен халық тарапынан қолдау тауып әртүрлі форматта іс-шаралар атқарылып жатыр. Біздің қоғам дәл қазір жан-жақты білім алған, үлгі болатын кемел тұлғаларға мұқтаж. Адам баласын екі дүниеде де құтқаратын, жақсы амалға жетелейтін – иман, яғни дұрыс сенім.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті, – деген дана Абай атамыздың насихатына осы Ихсан ілімін терең меңгеру арқылы жете аламыз. Жалпы хақ дініміздің асыл мақсаты да сол – адамзатты Аллаға адал құл, халыққа адал ұл болуға тәрбиелеу.

– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай өкілдікте қандай жобалар жүзеге асады?

– Тәуелсіздік – бабаларымыздың қасық қаны қалғанша күрескен еңбегімен келген жетістігіміз. Тәуелсіздік мерекесі әрбір қазақты ойландыруы тиіс. Өйткені осы 30 жылда елімізде көптеген мешіт-медреселер ашылып, халықтың дінге деген құштарлығы оянды. Білімді дін мамандарының қатары көбейді.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы аясында былтыр ҚМДБ-ның 30 жылдығына арналған іс-шараларды карантин кезінде-ақ ұйымдастырып, біраз тәжірибе жинасақ, биылғы айтулы мерекемізді де жоғары деңгейде атқарып шығамыз деген ойдамыз.

Еліміздің жарқын болашағы – иманды жастардың қолында. Сондықтан биыл жастар арасында рухани-патриоттық кездесулер ұйымдастыру, осы тақырыпта рухты, елге деген махабатты оятатын кітапшалар, бүктемелер, бейнематериалдар шығармақпыз. Одан бөлек қайырымдылық, танымдық, спорттық т.б жобалар жоспарланып отыр.

– Соңғы сұрақ, «Ас беру мәдениеті» құжатын аудан, ауыл тұрғындарына таныстырған боларсыздар? Көпшілік қалай қабылдады?

– Карантин уақытында діни рәсімдер жаназа, құдайы тамақ, ас т.б жиындар ҚМДБ-ның және мемлекеттің қойған талаптарына сай ысырапсыз және шектеулі жамағатпен атқарылды. Мұның өзі халықтың тәртіп, үнемшілдік, жинақылыққа жақын екенін көрсетеді. Соның нәтижесінде халық тарапынан «Ас беру мәдениеті» атты дайындалған құжатты құп көріп, мақұлдап отырғаны қуантарлық жайт. Аудан, қала, елдімекендерде кеңінен насихатталып, ақсақалдар мен әжелер, мәдениет қайраткерлерінен ерекше қолдау тапты. Имамдарымыз егжей-тегжейлі, бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп таныстырудың нәтижесінде үлкен-кіші, жас-кәрі демей, сондай жиындарда өз ойын айтып, дер кезінде қолға алып бастап кетуге ұсыныс білдіріп жатыр. Соған байланысты мешіттер тарапынан қысқа-нұсқа бейнеролик дайындалып, мақала, хабарландыру, жаднама, ескерту парақшалары таратылды. Әлеуметтік желілерде үлкен деңгейде жарнамаланып, түсіндіру жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру