Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

«ЖАҚСЫ БАСТЫҚ – ЖАРТЫ БАҚЫТ»

Ретроспективалық сұхбатты дайындаған Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ www.muftyat.kz 28.02.2019 6840 0 пікір

Журналистикада ретроспективалық сұхбат дейтін жанр бар. Жанрдың көтерер жүгі – тұлғаның өзі өмірден өтсе де өзегін жоймаған сүбелі сөзінен сұхбат құрастырып, оқырманға ой салу. 
Осы сүрлеумен жазушы Әзілхан Нұршайықовтың даңқты қолбасшы, өзі де, сөзі де патриотизмнің символына айналған Бауыржан Момышұлы жайлы жазған «Ақиқат пен аңызын» ар мен ұят, отаншыл көзқа­рас­пен қайта қарап шыққан едік. Әйгілі батырдың иман­дылыққа ұйытар салиқалы сөзінің бір парасын екшеп, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Намыс, ар-ұят туралы айтқанда, Сіздің жігер жаныған жалынды сөздеріңіз еске түседі. Сіздің түйсігіңіздегі намыс деген не?
– Намыс – азаматтың алтын туы.
– Ал осы намыстың өлшемі қайсы? Сипаты неде?
– Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды ағайын-жұртымды жерге қаратпайын дейді.
– Сіздің өмірлік ұраныңыз қандай болды?
– Қайда, қандай қызметте жүрсем де жүректегі ұраным қазақтың: «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалы болды. Ел намысы ер намысы деп білдім.
– Ал арманыңыз ше?
– Арманым халқымның намысына дақ түсірмеу болды.
– Атаққа қызыққан сәтіңіз болды ма?
– Ақындыққа, шенге, атаққа ешқашан да қызыққан емеспін. Олардың өздері келді… Генерал болсам, маршал болсам, герой болсам деген емеспін. Осы атағым да жетеді. Мен награда қуғамын жоқ. Ешкімнен награда сұрағаным жоқ. Мен награда үшін емес, еліміздің тәуелсіздігі, халқымыздың намысы үшін соғыстым.
– Адам қандай сипатымен сыйлы болмақ?
– Адам қанша көкке көтерілгенімен топ етіп төменнен бір-ақ шығады. Өйткені әркім жеткен жеріне дейін барады, жығылған жерінде қалады. Атағыңа атың сай келсе ғана сыйлы боласың.
– Қандай адамды ардақтайсыз? Нені ұнатпайсыз?
– Ардақты ананы қадірлеймін. Ары бар азаматты ардақтаймын. Талабы бар жасты құрметтеймін. Маңғазсынған ағаны ұнатпаймын. «Бауке, мына сөзіңіз құдайский, сіз данышпансыз» деп көзге мақтап көлгірситін ініні жек көремін. Шын дос сыртыңнан мақтайды. Сайқал ғана бетіңе қарап қылмыңдайды. Әйелдің сайқалы бірді ғана арбайды, әдебиет сайқалының мыңға зияны тиеді.
– Сізді біреулер мақтаған кезде немесе сынаған сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде әркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасқаным жоқ, жамандады деп жасығаным жоқ. Қара қылды қақ жарғанды мақтайды да, боқтайды да ғой, қарағым.
– Нені жақсы көресіз?
– Қазақтың қонақжайлығын жақсы көремін. Қазақтың досқа деген мейірбандығын ұнатамын. Қазақтың қас-жауға қаһармандығын қадірлеймін. Мұнда Отанды қорғаудың қасиетті сезімі сақталған. Үлкенге жол беріп, құрмет көрсететін, сол сияқты кішіге көмектесіп, ізет істейтін сыпайылығын сүйемін. Жастардың ата-аналары алдындағы перзенттік борышқа адалдығын ардақтаймын. Бұл – адамгершілік негізі. Жас семьядағы жарастықты жаным сүйеді. Бұл – семья – мемлекеттің қауіпсіздігінің негізі. Кәрі-жасының ерінбейтін еңбекшілдігін жаратамын. Бұл – жан-жақты өркендетудің сипаты. Әке мен баланың, ағайын арасының ұйымшылдығын ұнатамын. Бұл – мемлекеттік бірліктің басы. Тағысын тағылар…
– Өмірбаяныңыз туралы жазылған деректерге қарасақ, көп бастықтармен сыйыспай, қызметпен қош айтысып, кетіп қала беріпсіз? Неге?
– Мемлекет мүддесін жүзеге асыруда принципсіздік көрсететін, қарамағындағы адамдардың дұрыс ісін қорғай алмайтын бастықтың қарауында жұмыс істегенше қаңғып кетуді артық көремін.
– Сонда бастық қандай болу керек? Басшының бойынан қандай сипатты көргіңіз келеді?
– Жақсы бастық – жарты бақыт қой, шіркін! Өйткені ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді. Ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді. Ал менің қолымнан келетіні ұқыптылық, ыждағаттылық қана. Тапсырылған істі тапжылтпай орындау ғана. Ұғысып істескен қызметтен тәтті тіршілік жоқ-ау тегі деп түйдім сонда.
Ауылда сынықты сипап отырып орнына түсіретін сынықшылар болады. Сол сияқты ақылды командирлер де ақырмай-ақ сені ырқына көндіріп, түзетіп алады. Түзетпесе сол қисық күйінде кәдеге жаратады. Өйткені олар қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу атқаратынын біледі.
– Сіз соғыста өз жауынгерлеріңізге бұйрық бергенде қандай әдісті қолдандыңыз?
– Командирдің айтқан сөзі айқын, берген бұйрығы нақпа-нақ болуы керек. Жауынгер командир сөзінің болбыр болғанын ұнатпайды. Өйткені жауынгер командирден бұйрық қана емес, сол бұйрықты орындайтын жігерді қоса алуы керек.

(Жалғасы бар)

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру