Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

28 March 2024

18 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Ризабек ІЛІМБАЙ: Терроризм – геосаяси тұзақ, сәләфизм – исламнан ұзақ

Әңгімелескен Жайық НАҒЫМАШ kazislam.kz 30.10.2017 5534 0 пікір

Бүгінде терроризм әлемге қауіп-қатер төндіріп тұрған құбыжық құбылысқа айналды. Оның ошағы – негізінен Таяу Шығыс елдері. ДАИШ, әл-Каида секілді қаруланған экстремистік ұйымдар мен топтар әуелгі кезекте мұсылман елдеріне зобалаң әкелді. Әлемді әлекке салған экстремистік ұйымдар қайдан басқарылады? Оны ойнатып отырған «король» кім? «Нұр-Мубəрак» Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, PhD доктаранты, белгілі исламтанушы Ризабек Ілімбаймен осы тақырып жайында әңгіме қозғадық.

–  Ризабек Батталұлы, қазір қоғамда дейік, жалпы әлемде болсын, ислам дініне, мұсылман өркениетіне күйе жағушылар көп. Мұның басты себебі неде?

– Иә, исламға және мұсылмандарға күйе жағу күнделікті әдетке, тіпті, дәстүрге айналғандай. Оның себептері де жоқ емес. Солардың кейбіріне тоқталайын.

Біріншіден; бұл жағдайға әлемде жүргізіліп отырған геосаясаттың тікелей ықпалы басым. Тіпті, басты себептерінің бірі деп айтсақ та болады. Табиғи ресурстарға ие болу үшін экономикалық және әскери тұрғыдан алпауыт елдердің өзара саяси ойындары нәтижесінде осындай діни алауыздық пен қақтығыстарға әкеліп отыр. Ал мұсылман елдерінің басым бөлігі табиғи ресурстарға өте бай екені белгілі.

Екіншіден; «Аңқау елге арамза молда» демекші, бұқара халықтың діни сауатының таяздығын белгілі бір мақсаттағы саяси күштер пайдаланып кетуінде. Әйтпесе, ислам діні бейбітшілік діні емес пе еді?! Жаббар Хақ Құран Кәрімде: «Біз (Мұхаммед (с.ғ.с) сені әлемге рақым етіп жібердік» десе (Әнбия сүресі, 107-аят) және бір аятта: «Кімде-кім жазықсыз бір адамның өмірін қиатын болса немесе жер бетінде бұзақылық жасаса, бүтіндей адамзаттың өмірін қиғанмен тең» деп ескертеді (Мәйдә сүресі, 32-аят). Бұдан кейін қалайша исламды және мұсылмандарды арсыздыққа жол береді деп айта аламыз?!

Үшіншіден; көптеген мұсылмандар елдерінің дамымай қалуы да осы тұрақсыздық пен берекесіздікке бірден-бір себеп болып отыр. Әрине, мұсылман өркениетінің көштен кейін қалуына ислам діні кінәлі емес, керісінше, өздерінің исламды дұрыс түсінбеулерінен туындады. Біздің қоғамда да бұндай жаңсақ пікір жоқ емес. Ислам десең араб деп түсінетіндер, дін десе оны ұлтқа қарсы дүние деп ұғатындар қоғамда болсын, әлеуметтік желілерде болсын бой көрсетіп жатады. Ақиқатында, Ислам – Алланың хақ діні. Ислам арабтың діні ғана емес, адамзатқа жіберілген дін. Сондықтан, ислам мен арабтарды шатастырмау керек. Иә, Құран Кәрім араб тілінде түсті, оған ешкім шүбә келтірмейді. Хақ Тағала Құран Кәрімде: «Алланың құзырында құрметтілерің – тақуаларың» деген (Хұжырат сүресі, 13-аят). Алла Елшісі пағамбарымыз (с.ғ.с): «Арабтың басқадан айырмашылығы жоқ, айырмашылық тақуалықта» дейді.

Сайып келгенде, исламды қаралауда геосаясаттың ықпалы басым екені байқалады. Бұған қоса, мұсылмандардың көптеген заманауи ілімдерден артта қалуы да түрткі болуда әрі мұсылмандардың діни практикада қателіктерге бой алдырулары исламды қаралауға жол беріп отыр.  

– Ислам тарихындағы толқуларды мұсылман халқының өз ішінде туған деп айта аламыз ба әлде ықпал етуші күштер басым ба?

– Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұсылмандардың арасында қалыптасып отырған қайшылықтарға, алауыздықтарға, саяси, діни толқуларға сыртқы күштердің ықпалы басым болған. Әрине, өзара іштей туындаған, қалыптасқан жағдайлардың да әсері бар. Дегенмен, сыртқы күштер қай кезде де қарап жатпаған. Әсіресе, бүгінгі таңда бұл анық байқалады. Мысалы, сәләфизм секілді діни радикалды бағыттарды дамытып, солар арқылы мұсылмандардың арасына іріткі салып отырған сыртқы саяси күштер екені анық. Сол секілді әл-Кайда, ДАИШ секілді қарулы топтардың артында үлкен алпауттар тұр. Сондықтан, экстремизм, терроризм секілді жиырма бірінші ғасырдың індетін тоқтату қиынға соғып келеді.

– Қазіргі діни ағымдар ішінде уахабизм, тәкфиризм дерті асқынып тұр. Бұл ағымның көздегені не? Дін атынан ту көтеруге бұл топтардың қандай құқықтары бар және оларды қолдаушы қандай күш?

– Аталмыш ағымдардың кең таралуы – саяси ойын ғана. Жоғарыда айтқанымыздай, бұлардың артында үлкен алпауыттар тұр. Оларды өз мүдделеріне пайдаланып отыр. Уахабизм ағымы – соның бір көрінісі. Кезінде ағылшындар Осман халифатын құлату арқылы мұсылмандарға өз үстемдіктерін жүргізген еді. Сонымен қатар, хижаз жерінде пайда болған діни идеолог Мұхаммед бин Абдулуаххабтың ұстанымын қолдауында үлкен саясат болды. Сол ағымды қолдап, дамытып бүгінгі таңда өз мүдделеріне пайдаланып, мақсаттарын іске асырып жатыр. Ал ол ағымның жетегінде кеткендер шынай исламның жолын ұстандық деп адасып жүр.

– Әлемнің тыныштығын бұзған басбұзар ұйымның бірі қазір ДАИШ аталып жүр. Бұған қатысты бір сөзіңізде келіспейтіндігіңізді айттыңыз. Осы жайында тарқатып берсеңіз.

– ДАИШ та алпауыт елдердің өз мүдделері үшін ойлап тақан құралы, қазіргі уақытта оларды түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан, әлем террористік ұйымға қарсы күресте, терроризмнің алдын алуда дәрменсіз болып отыр. Бұндай ұйымдарға қарап исламға, мұсылмандарға баға беру үлкен қателік. Әрбір көзі қарақты адам жақсы түсіну керек. Міне, осындай қарулы күштерді қолдау, дамыту арқылы діттегендеріне жетіп, нәтижесінде исламды қаралауға бағытталған ойларын да жүзеге асырып отырған белгілі-бір саяси күштер бар. Ол жайында білікті мамандар айтып-ақ келеді.

– Бұл топты қандай балама атпен атау керек?

– Саяси күштердің құралы деп айту керек. Басқа жолы жоқ. Ал исламды, мұсылмандарды олармен өлшеу дұрыс емес.

– Әлемдік қауымдастық неліктен терроризмді ауыздықтауға қауқарсыз болып отыр?

– Тағы қайталап өтейін, бұлардың артында үлкен алпауыттар бар. Сондықтан, оларды құрықтау мүмкін емес. «Тірі адам тіршілігін қылады», еліміздің тыныштығы үшін, жастарымыздың жат ағымдарға түсіп кетпеуіне күш салып, қоғамның діни сауатын арттыра беру керек. Мысалы, ДАИШ ошағы саналып отырған Шам өлкесіне шекаралас ел Түркия секілді қуатты елдің азаматтары тікелей соғысқа аттанбады, керісінше Орта Азия елдерінің жастары аттанды. Өйткені, оларда (Түркия) діни сана қалыптасқан. Ал, біздің жастарымыздың діни санасы толық қалыптаспады. Сол себепті, діни ұранды қасиетті ұғым деп түсінеді. Діни сананы көтеріп, халқымызға белгілі бір деңгейде діни ұғым қалыптастырмасақ біз бұл індеттен құтыла алмаймыз.

– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет.

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру