Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

29 March 2024

19 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: ИХСАН ІЛІМІ ІЗГІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Қарагөз СІМӘДІЛ anatili.kazgazeta.kz 30.11.2020 7593 0 пікір
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: ИХСАН ІЛІМІ ІЗГІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

«ИХСАН» ІЛІМІ ХАЛҚЫМЫЗҒА ЖАТ ЕМЕС

 – Жуырда Мемлекет ­басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабыл­дауында болдыңыз. ­Кездесуде елімізде ­«Ихсан» ілімін насихаттау ­туралы бастама көтердіңіз. «Ихсан» ілімі дегеніміз не? Тарқатып айтып берсеңіз?

– «Ихсан» – бағзы заманнан мұ­сыл­мандық жолды ұстанған қазақ халқының діни түсінігіне етене жақын ілім. Осы ілімді қалыптастыруға Түркістан діни мектебінің негізін ­салушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыз және оның ізбасарлары ерекше еңбек сіңірді. Ортағасырлық тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауидің қолөнермен шұғылданған сопы екенін, дүние ісіне көп мән бермейтін тақуа адам болғанын байқаймыз.

Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы жергілікті халықтың 20 жыл бойы зорлық-зомбылығына сабыр етіп, ­баласы Ибрахимді қастандықпен өлтірген адамға мінген атын беріп, қызын үйлендіруі оның аса төзімді, дегдар жан екенін көрсетеді. Ғұлама ­бабамыз бейбіт ұстанымының арқасында ескі түркілік дәстүрлер мен Исламды қабыстыра білді. Осы арқылы ол діни һәм мәдени қақтығыстардың арасынан жол таба алды.

«Ихсан» сөзі шынайылық деген мағынаны білдіреді. «Ихсан» дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық ету. «Ихсан» ілімі мұсылман баласын әр істе, әр құлшылықта ­шынайы болуға тәрбиелейді. ­Асылында, Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біледі. Шынайылық болмаған амалда береке болмайды.

Бірде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен сұх­баттасып отырғанда бір кісі келіп: «Иман дегеніміз не?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, пайғамбарларына, Алламен кездесуге, қайтыс болғаннан кейін қайта тірілуге сену» деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам дегеніміз – Аллаға құлшылық ету, Оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылық жасау» деп жауап береді. Сұрақ қоюшы: «Ихсан дегеніміз не?» деп сұрағанда әз Пайғамбар: «Сені көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады» дейді.

Біз осы хадистен «ихсан» ілімінің негізгі мәні Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету екенін түсінеміз. Біз Алланы көрмесек те Ол бізді көріп тұрғандай сеніммен құлшылық ­жасауымыз керек. «Ихсан» ілімі адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

 

«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАСАҢ – ҚАЙЫРЫН ӨЗІҢ КӨРЕСІҢ»

 – Діни басқарманың 30 жылдық ­мерейтойына орай «30 игі іс» жобасы қолға алынғаны жайлы ақпарат оқығаным бар еді. Осы жоба аясында нақты қандай іс-шаралар атқарылды?

– Өздеріңізге белгілі, биыл Қа­зақстан мұсылмандары діни басқар­масының құрылғанына 30 жыл толды. Ширек ғасырдан астам мерзімде елімізде 2714 мешіт ашылды. Діни саладағы қызметкер саны 4 мыңнан асты. 9 медресе-колледж бен 6 қари­лар даярлау орталығы ашылды. «Нұр Мүбәрак» университеті мен ­Ислам институтының жемісті еңбе­гінің арқасында маман тапшылығы толық шешілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың қамқорлығымен облыс орталықтарында зәулім мешіттер бой көтерді. Аллаға шүкір, тәуелсіздігіміздің арқасында діни салада да көптеген жетістіктерге жеттік. Діни басқарма өзінің 30 жылдық белесінде Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағына, рухани ордасына айналды.

Ислам тек құлшылықтың діні емес. Ислам – мейірімділік пен қайы­рымдылықтың діні. Ораза айт, Құр­бан айт, Мәуліт сынды мұсылман мерекелері адам баласын қанағат пен қайырымдылыққа, мейірімділік пен шүкірлікке тәрбиелейді. Біз осынау игі дәстүрмен 30 жылдық мереке аясында жомарт жандардың демеушілігімен 30 елді мекенге көпір салдық. 40 құдық ел игілігіне берілді. Оқуда озат болған, көмекке зәру отбасыдан шыққан 30 шәкіртке мүфтият грантын табыстадық. Республика көлемінде «30 жылдық мерейтойға 30 мың көшет отырғызу» атты игі шараны қолға алдық. Осы бас­таманың арқасында 1 170 712 түп түрлі көшеттер отырғызылды. Оған 301 566 адам қатысты.

Республика бойынша ең ауқымды «Ел үлесі пәтерге» атты жоба аясында бүгінгі таңда 329 баспананың кілтін табыстадық.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз пандемия кезінде көптеген қайырымдылық шараларды жүзеге асырдық. Сындарлы сәтте қайырымдылық жұмыстарды жандандыру мақсатында «Өмірге үміт сыйла» акциясын өткіздік. Акция аясында демеуші азаматтардың көме­гімен 18 дана өкпені жасанды тыныс­тандыру аппараттарын, 891 оттегі құрылғыларын, 20 обаға қарсы киімді, 255 монометр, 528 пульсометр, 60 термометр, 136 701 бетперде және 32 млн теңгені құрайтын дәрі-дәрмекті тиісті орындарға жеткіздік.

Күрделі кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын беру ниетімен ­www.qurban2020.kz жобасын іске қостық. Жұмыс тобы күшейтілген режимде қызмет етіп, 81 301 мұқтаж отбасыға құрбандық етін таратып бердік. Бұдан бөлек, қарттар, жетімдер, балалар үйі мен ауруханаларға да құрбандық еті жеткізілді.

Мұсылман баласы сауап істі шын ниетпен, жүрек қалауымен жасайды. Өзіңіз жақсы білесіз, пандемия кезінде мешіт қызметіне шектеу қойылды. Имамдарды ақысыз демалысқа жібе­руге мәжбүр болдық. Алайда, бұған қарамастан, карантин кезінде қайырым­дылық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға ұйытқы болған дін қызметкерлерінің ыждағатты еңбегі ерлікке бергісіз деп атар едім.

Халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» дейді. Талай жанның көңіліне медеу, жүрегіне қуаныш сыйлаған осынау сауапты іске үлес қосқан барша азаматқа Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.

 

ДЕНСАУЛЫҚ – АЛЛАНЫҢ БЕРГЕН АМАНАТЫ

  Күллі адамзатты бір тарының қауызына «сыйдырған» індет кезінде ҚМДБ қоғамға қолдан келген көмекті жасады. Оны өзіңіз де жан-жақты айтып өттіңіз. Алайда адамзатты індеттен құтқарудың жолы көмек беруден ғана тұрмайтындай көрінеді. Бұл тұрғыда біз дәл қазір не істеуіміз керек?

– Әрине, сөзіңіздің жаны бар. ­Алайда көмек беру – көңілге медеу болу. Жабырқаған жанның жүрегіне аз да болса қуаныш сыйлау – үлкен ­сауапты іс.

Сұрағыңызға оралсам, менің ­ойымша, біз індет кезінде ең алдымен өзіміз сақтанып, қорғануымыз қажет. Бүкіл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлы қарау – өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандар­дың өміріне де әсерін тигізері хақ. Ден­саулық – Алланың берген аманаты. Оны сақтау – мұсылманның міндеті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адам екі нәрсенің қадірін білмейді. Ол – бос уақыт пен денсаулық» деген. Расында, денсаулық пен уақыт – адам өміріндегі ең қажетті ұлы нығмет. Осы нығмет пен аманатқа қиянат жасаған адамның әрекеті – өзінің өміріне қиянат жасағанмен тең. Әуелі өзіміздің, содан кейін өзгелердің өміріне қиянат жасап қоймайық. Бұл мәселеде адам өзіне әділетті болуы тиіс.

Елімізде төтенше жағдай жариялан­ған сәтте біз жамағатқа үндеу жариялап, діни рәсімдер кезінде карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырдық. Имамдарға жаназа намазын ұзағымен 5 минут ішінде өткізуге, мәйітті жерлеп болғаннан кейін, халықты көп ұста­май, лезде қайтаруға пәрмен бердік. Әрине, бәріміз топырақты өлімде төбе көрсеткіміз келеді. Бірақ қазір сезімге берілмей, ақылға салып шешім қабылдайтын заман. Осыны жамағат түсінуі тиіс. Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деп ескерткен («Бақара» сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды» деген. ­Жиындар мен құдайы астарға барудан бұрын, өзіміздің, отбасымыздың, туған-туысымыздың өмірі мен болашағын бір сәт ойласақ. Жұқпалы ауру жайлаған сәтте одан сақтану – баршаға міндет.

Жұқпалы індет тараған кезде діни рәсімдерге шектеу қою – дініміз бен өткен тарихымызда бар ұстаным. Алла елшісі: «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар. Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнәға батады. Ал сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей ажал тапқан адамға шейіт сауабы жазылады» деген. Біз бұл хадистен жұқпалы ауру пайда болған кезде ешқайда шықпай, үйде отырудың маңызды амал екенін түсінеміз.

Бергі тарихымыздан белгілі, Абай Құнанбайұлы Семейге келген бір сапарында шаһарда жұқпалы індеттің тарап жатқаны жайында жайсыз хабар естиді. Бірінші кезекте, Абай халыққа жаназа рәсімдерін өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс жасауды түсіндіру керегін ұқты. Міне, осы тұста ол өзі білетін Сармолла есімді молданы шақырып, оған халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсіндіру керегін жеткізеді. Сармолла: «Қаза болған адам үйіне, жаназаға халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келмесін. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тарату, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын!» деген сөзін жеткізеді.

Біз осы бағытта пәтуаларымызды шығарып, оны халыққа жан-жақты жеткізіп жатырмыз. Пәтуаға бойсұну – мұсылманның міндеті. Халықты тағы да пәтуаға бойсұнып, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз.

 

«ДОСТЫҚ, ҚАСТЫҚ, БАР ҚЫЗЫҚ – ЖҮРЕК ІСІ»

 – Адамзат кез болып отырған ­мә­селенің тағы бірі – діни қақтығыстар. Діни құндылықтар келемежге айналған кезеңде мұсылман баласы қандай ұста­нымда қалуы қажет?

– Адам баласы алмағайып заманда бір-бірімен бірлік пен бейбітшілікте өмір сүрмесе, кез келген елде прогресс болмайтынын өмірдің өзі дәлелдеумен келеді. Бұл жағдайда әр адамның қоғам алдындағы моральдық жауапкерші­лігін айрықша атап өткім келеді. Бір ізгі ғұламаның: «Жүрек – теңіз, ал тіл – оның жағасы, теңіздегі түрлі нәрсе бір күні жағаға қалқып шығады» ­деген сөзінде терең мән жатыр. Хакім Абайдың: «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі» деген жырында да жүрек мәселесі тереңнен өрбиді.

Бір адамның жүрек түбіндегі жақсы яки теріс ойы күндердің күнінде сыртқа шығып, бір қауымға шарапатын ­немесе зарарын тигізері хақ. Пенденің қастықпен жасаған бір ғана амалы әлемдік аренада қате саясат пен жалған ұстанымдар мен ұрандардың пайда болуына әкеп соғуда. Бұл оқиғаның соңы жекелеген азаматтар арасындағы алауыздыққа, ұлтаралық, дінаралық қақтығысқа, тіпті мемлекетаралық келіспеушілік әрекеттерге түрткі болуда. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келемеждеген адамның ­карикатурасы халықаралық деңгейдегі келіспеушілікке себеп болғанын жақсы білесіздер. Менің ойымша, олар өздерінің сенімдері мен өмірлік ұстанымдарын келемеждеді.

Осы ретте бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерінің ақпарат алаңындағы адамгершілік жауапкершілігі жайлы баса айтқым келеді. Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресіндегі «Сендерге біреу хабар әкелсе, оны анықтап алыңдар, әйтпесе істің анығын білмей, бір елге ­залал жеткізіп, ертеңгі күні істегендеріңе өкініп қаласыңдар» деген аят әр азаматтың, әр БАҚ өкілінің өмірлік және қызметтік ұстанымы болуы тиіс деп санаймыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінде көкейде жүрген мәселені көтеріп: «Бұқаралық ақпарат құралдары басқа діндегі азаматтардың қасиетті сезімдерін қорлауды ушықтыра түссе, журналистер күндердің күнінде өз наным-сенімдерінің қорлануымен бетпе-бет келеді. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырыбы болмауы керек. Өкінішке қарай, осындай қарапайым қағиданы журналистер мен саясаткерлер жиі бұзады» деген еді.

Көрнекті ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деп жырлаған. Демек, адам баласы жақсылық пен жамандықты өз ниетінен табады. Біз барлық нәрсені Көруші, Естуші және кез келген істің соңғы нәтижесін Білуші Әділетті Аллаға тапсырамыз және бұзық ниетті адамның өзі жасаған амалын өзінің ары мен ұятына қалдырамыз. Мұсылман ­баласы осындай ұстанымда қалуы қажет деп есептеймін. Сіз бен біз, ең бастысы, теріс пиғылды жандардың арандатушылық әрекетінің ықпалында қалып қоймауымыз керек.

 

ҚАУЫМ ӨЗІН ӨЗГЕРТПЕЙІНШЕ...

  Қазір қоғамда дін ұстанған жамағатқа деген көзқарас ала-құла. Бұған қатысты көзқарасты түзеу үшін не істемек керек? Ата Заңымызда зайырлы мемлекет екенімізді көрсеткенімізбен, баба жолына қарасақ, діннен іргемізді бәріміз бөле алмаймыз. Ендеше, дін мен бүгінгі заманғы өмір салтын бөле-жара қарастырмау секілді жайттарға қатысты ұстаным қалай болуы керек еді?

– Біз көпұлтты, көпконфессиялы қоғамда өмір сүреміз. Ондай қоғамда ұстанымдар мен діни көзқарастар әртүрлі болатыны заңдылық. Көзі ашық адам ондай тенденцияны дұрыс қабылдайды, оған құрметпен қарайды. Ата Заңымызда: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғы­лықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған. Демек, біреуді діни көзқарасы, киімі, сырт келбеті, т.б. жағдаяттар үшін кемсіту – заңға да, адамгершілікке де жат нәрсе.

Біз көп жағдайда жақсы нәрсені өзгеден күтеміз. Ал өзімізге келгенде өзгеге әділетсіздік жасаймыз. Адам өзгеруді өзінен бастау керек. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» деген. Демек, адам баласы өзі өзгермейінше, Алла оны өзгертпейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында: «Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр» деген болатын.

Түйіндеп айтқанда, қай саланың қызметкері болсақ та өзгеруді өзімізден бастауымыз керек. Өйткені, жұмыртқа сырттан жарылса, іштегі өмірге үлкен қауіп төнеді. Ал іштен жарылса, сыртта жаңа өмір басталады. Айтайын дегенім, өмірде болып жататын үлкен өзгерістер ең әуелі іштен басталады. Адам баласы жаңа өмір бастауды қаласа, ең әуелі өзін, іштегі ниетін өзгертуден бастауы тиіс. 

 

ЖҮРЕК ДЕРТІ...

 – Еліміздің рухани-қоғамдық тыныс-тіршілігіне қатысты жайттар сіздерді алаңдатады ғой. Осы күнгі қоғамның ­тамырын басқандай ең әуелі қандай дертті байқайсыз?

– Осы ретте мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Ғұлама Асмағи бұл оқиғаны былай баяндайды: «Бірде сахарада жасы жүз жиырмаға келген, жүрісі тың бір ақсақалды көрдім. Үлкен жасқа келгені бір бөлек, жүрісіндегі ширақтығы мені таңғалдырды. Таңданысымды жасыра алмай, оның сырын сұрадым. Сонда ол: «Іштарлықтан арылып едім. Соның сыйы ретінде Құдайдың маған бергені ғой» деп жауап қатты».

Кейде біреудің басындағы бағы мен астындағы тағын көре алмай жатамыз. Бұл – Алланың жазған тағдырымен келісе алмау деген сөз. Ал Алланың тағдырын «талқылау» күпірлікке жол ашады. Ал күпірлік жасаған адам діннен шығып кетеді. Алла сақтасын! Көреалмаушылық күпірлікке жол ашады.

Алла Тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың ­салауаты мен сәлемі болсын) «Әл-Фәләқ» сүресінде адамдардың қызғаныштан жасайтын әрекеттерінен сақтану үшін арнайы дұға оқуды үйретіп: «(Уа, Мұхаммед!) Жер бетін түгелдей жапқан қара түнектің зардаптарынан (жауыздықтан) және соның салдарынан туындаған (қатерлерден) түйіншектерді үрлеп, сиқыр жасайтын (әйелдердің) қастандығынан, күншіл пенделердің көре алмай, қызғанғаннан жасайтын зияндарынан сақтай гөр деп, нұрланып атқан таңды жаратқан Раббымнан пана тілеймін» деп айтқын» деген.

Көреалмау – қылмыс пен бүліктің бастауы. Бұл – жүрек дерті. Осы дерт әр адамның бойынан табылады. Егер іштарлық дерті «асқынып» кетсе, үлкен қылмыстық істерге есік ашады. Алла одан сақтасын. Көреалмаушылық дертіне шипа болатын «ем» – қанағат. Шүкір мен қанағатты, кешірім мен сабырды өмірінің тұғырына айналдыра білген адам жамандық атаулыдан аман қалады. Біздің қоғам осындай дерттен аман болса деп тілеймін.

 

«МЕН ОЛАРҒА ӨТЕ ЖАҚЫНМЫН...»

 – Өзіңіз жақсы білесіз, елімізге келген сынақтан көп адамдар қиналып қалды. Сынаққа сынып кетпеу үшін не істеу ­керек? Қандай амал жасаған абзал?

– Бұл сынақтың соңғы нәтижесі – Алланың құзырында. Сынақ немен бітерін біз білмейміз, Алла біледі. Бір білетініміз – Алла құлдарын жақсы көреді. Сондықтан біз Хақ Тағала ­туралы дұрыс ойда болуымыз керек. Пайғамбарымыз Алла туралы дұрыс ойда болмай, өмірден өтіп кетпеуді өсиет еткен. Сондықтан болашақтан күдер үзбей, сабырлы қалпымыздан танбай, дұға етейік.

Раббымыз қасиетті Құранда: «Егер пенделерім сенен Мен туралы сұраса (оларға айтып қой): Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін және Маған сенсін. Бәлкім тура жол табар» («Бақара» сүресі, 186-аят); «Маған дұға етіңдер, сендерге ­жауап беремін» («Ғафир» сүресі, 60-аят) деп уәде еткен.

Біз сан ғасырлық тарихымызда ­талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешкен елміз. Сын сағаттарда бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, ­иманымыз бен бауырмалдығымыздың арқасында аман қалған рухы биік ­жоралы жұртпыз. Сынақ сәтінде де осы қалпымыздан танбай, үмітсіздікке бой алдырмай, алға жылжуымыз керек. Алла Тағала елімізге, жерімізге жар болып, жақсылығын жаудырғай. Әмин!

Сұхбаттасқан Қарагөз СІМӘДІЛ

anatili.kazgazeta.kz

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру