Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

АБАЙ ТАНЫМЫНДАҒЫ ТАУХИД

Төлеби ОСПАН azan.kz 04.02.2022 6760 0 пікір
АБАЙ ТАНЫМЫНДАҒЫ ТАУХИД

Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деп жазды 1913 жылғы «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласында. Алаш зиялыларының жетекшісі Хәкім Абайдың тек ақын емес, ислам ғұламасы һәм заманының озық ойшылы екенін білгенінде шүбә жоқ. Алайда, Абай мұрасын сақтап А.Байтұрсынұлының өз тілімен айтқанда: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу» үшін ақындық қырын ғана жазуда. Өйткені, кешегі қанды жүйе қазақ руханиятының талай тарландарының есімі мен еңбектерін тарихтан біржолата жойып жіберді.

Абайды жалпы жұрт ақын деп, оның еңбектерінің ақындық тұсы ғана зерттелді. Бүгінде, Хәкім мұрасын исламтанушылар зерттеуі кезек күттірмес мәселе. Бұл өте өзекті. Өйткені, Абайдың шығармасы тұнып тұрған шариғат. Алайда, Ахаң айтпақшы: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады». Абайды түсіну, оның орамды ой толғауларын жұртшылыққа түсіндіру оңай шаруа емес. Заманының заңғар тұлғасының қаламынан туындаған ойларын түсіну діни білімді қажет етеді. «Даналық – мұсылманның жоғалтқан меншігі» деген мағынадағы хадисте айтылғандай, ислам ойшылдары еңбектерінің бір парасы даналық, яғни хикметтер деп аталады. Мәселен, Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі» сияқты. Абайдың да шығармасы даналықтар топтамасы болғандықтан оны Хәкім десе керек. Ойшылдың қара сөздерінің бір атауы ғақлия. Ата дініміз исламда діни таным нақыл және ақыл жолымен үйретіледі. Абайдың ғақлиясы шариғат мәтіндері жайлы ой толғауын көруге болады. Ғұламаның ғақлиясы теңдесі жоқ туынды.

Абайдың танымындағы таухидке зер салсақ. Ол қалың бұқара халыққа қарапайым тілмен күрделі тақырыптарды жеткізуде. Мәселен, он екінші сөзінде мұсылманшылық жайлы: «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз», - деп ой қозғайды. Десе де, құлшылық толыққанды болуы үшін: «Әуелі – иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші – үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды», - деп екі шартты баяндайды. Демек, құлшылық дұрыс болуы иғтиқат (ақида) дұрыс болуымен өлшенеді. Ал, он үшінші сөзінде: «Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ» деп яқини иман мен тақлиди иман жайлы жазады.

Ойшыл сөзін жалғастыра келе: «Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз?» деп яқини немесе тақлиди иманы жоқ кісінің сенімін ұрлау немесе ең сорақысы бұрмалау оңай екенін айтып, сақтандыра келе «Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ» деп иманның осы екі түрінен басқа сенім жоқтығын айтады.

Ал, жиырма жетінші сөзінде Сократ пен Аристодим сұхбаты арқылы тәфәккур, яғни Жаратушы жайлы ойлауды түсіндіреді. Аталмыш сұхбатта ұстаз сұрақ қою арқылы шәкіртіне имани дәріс беруде. Әуелі, өнері және қабілеті арқылы қалың жұртшылықты таң қалдырған тұлғалар жайын сұрайды. Аристодим Гомер, Софокл және Зевксис жетістіктерін өнердің ең биік шыңы дегенде ұстазы: «Олай болса, кім артықша ғажайыптануға лайықты: жансыз, ақылсыз, құр пішінді жасайтұғын суретші ме? Я жан иесі, ақыл иесі адамды жаратушы ма?» деп айтпақ ойын тереңдете түседі. Мұнан соң он сегіз мың әлемнің шағын нұсқасы адам жаратылысына зер салуға шақырады. Дәлірек айтқанда, хауаси хамса, яғни адамның бес сезімі жайлы тәфәккур етеді. Ұстазы адамның жаратылуы асқан шеберліктің айқын белгісі екенін түсіндіреді. Сонда шәкіртінің «тахқиқ ойлап тексергенде, адамды жаратушы артық хикмет иесі екендігіне һәм махаббатыменен жаратқандығына шүбәсі қалмады», - дейді.

Зер салсаңыз, Хәкім Абай осы сұхбат арқылы Жаратушыны жаратқан туындысы арқылы тану иманды күшейтетіндігін көрсетуде. Ақида кітаптарында: Алланы танимын десең, Оның заты туралы емес, жаратқан туындыларын ойлау арқылы таны, - дейді. Он сегіз мың ғаламды махаббатпен жаратқан Алланың мейірімі шексіз екенін айтады. Демек, иманның бастауы – Жаратушыға деген махаббат. Хәкім Абай:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл, - дейді.

Аллаға иман ету – Рахман һәм Рахим Алланы жақсы көру. Әрбір мұсылманға бауырлық мейіріммен қарау. Үшіншісі, әділетті сүю. Ал енді, иманға залалы тиетін пиғылдар жайлы: 

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой - онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс, - деп түйіндейді.

Демек, исламның негізі, бес парызының төртеуі имансыз пайдасыз. Дана Абайдың шығармасын талдау, түсіну ешуақытта маңыздылығын жоймайтын мәселе.

 

Төлеби ОСПАН, 

Алматы қаласының бас имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру