Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Ибраһим пайғамбар мен Нәмруд патша

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 07.03.2018 7589 0 пікір

Ежелгі Ирактағы Бабыл шаһары өте әдемі қала болатын. Шаһар халқының жағдайлары жақсы, мамыражай тіршілік кешіп жатқан-тұғын. Алайда Бұл шаһардың патшасы қатыгез әрі озбыр болатын. Оның аты Нәмруд Кенғанұлы еді. Бұл заманда адамдар надандық түнегінде тіршілік етіп жатты. Өйткені олар әлгі залым патшаны шектен тыс мадақтап, оған табынатын. Сонымен қатар, өздері тастардан қашап жасап алған мүсіндерге де бас ұратын. Осылайша, қала халқы залым патша мен пұт тастарына бірдей құлшылық қылатын.

Осындай бұзылған елде Ибраһим пайғамбар дүниеге келеді. Оның әкесі Азар ағаш ұстасы болатын. Ол ағаштан өздері табынатын пұттардың мүсіндерін жасайтын. Ибраһим жастайынан әкесі мен қауымы табынатын осынау мүсіндерге таңдана қарайтын. Терең ойға шомып, меңіреу пұттарға табынудың сырын ұкпай дал болатын.
- Бұл мүсіндерді менің әкем ағаштан ойып жасады. Ешқандай зиян да, пайда да келтіре алмайды ғой. 
Солай бола тұра адамдар бұларға қалайша табынады? Қалайша жансыз мүсіндерге тағзым етіп, сәжде жасайды? Қалайша оларды мадақтап, олардан зәре құттары қалмай қорқады? Шынында бұлар өздері қолдан жасап, базардан сатып алатын, өздері үйлеріне көтеріп әкелетін жай ғана мүсіндер емес пе? Жоқ, бұл нағыз адасудың өзі!
Ибраһим ойын осылайша қорытты. Өзінің қауымының ақиқаттан алыс кеткен халық екендігін ұғынды.
Бірде ол шаһардан шығып, далаға барып табиғатты тамашалады. Төбедегі шексіз аспан, төмендегі жер, суы мол өзендер, ну ормандар, биік таулар - барлығы да назарынан тыс қалмады. Оңашада отырып өз-өзіне сұрақ қойды.
- Осы көз алдымдағы нәрселердің бәрін жаратқан кім? Бұлар қайдан пайда болды? Мұның бәрін жаратқан әкемнің ағаштан ойып жасаған мүсіндері болуы ақылға сыйымсыз! Олар басқа түгілі өздерін де қорғай алмайтын меңіреу ескерткіштер ғой.
Ибраһим осындай терең ойда отырып кешті де батырды. Аспанда тұс-тұстан жұлдыздар жарқырап көріне бастады. Олардың кейбіреулері жарқырап, кейбіреулері әлсіз жылтылдап тұрды. Бір кезде жарқыраған үлкен жұлдызды көзі шалды. Ибраһим: «Бәлкім, әлемді жаратқан осы болар?» - деп ойлады. Алайда арада біраз сағат өткен соң әлгі жүлдыз көмескіленіп, көзден ғайып болды. Ибраһим жұлып алғандай: «Жоқ, бұл емес! Әлемді жаратқан ешқашан да ғайып болмауы керек», - деді өз-өзіне. Келесі түні Ибраһим аспан аясында дөңгелек айды көрді. Таң-тамаша болып: «Мынау өте үлкен. Бәлкім әлемді жаратқан осы болар», - деп ойланды. Бірақ таң ата аспаннан ай да жоғалды. Ибраһим қатты мұңайып: "Жоқ. Бұл болуы мүмкін емес. Жаратқан Ие жоғалмайды", - деді.
Таң ата көкжиектен үлкен күн көрінді. Ибраһим: "Бәлкім, осы жаратушы болар", - деп ойланып көрді. Алайда кеш батқан соң күн де аспаннан ғайып болды. Осыдан кейін ол өзі көрген заттардың жай жаратылған нәрселер екендігіне әбден көзі жетті. Аспан мен жер, күн мен ай, жарқыраған жұлдыздар, бәрі-бәрі жаратылыс. Осылардың бәрін жаратушы - бір Алла!
Көптен бергі мазалаған ойдың түйініне жеткен Ибраһим осы тұста ішінен:

«Уа, халқым! Мен сендердің табынғандарыңа ешқашан да табынбаймын. Жүзімді, бар ынтамды көктер мен жерді жаратқан жалғыз Жаратушыға бұрдым. Мен оған ешқандай серік қоспаймын. Менің құлшылығым да, тіршілігім де, өлімім де әлемдердің Иесі - Алла үшін ғана болмақ!» - деп шешті.

Осылайша Ибраһим Жаратқан Иесіне жол тапты. Оған жан-тәнімен берілді. Тек Алладан ғана қорқып, Алладан ғана медет сұрайтын болды. Жаратушыға деген айқын сенім жүрегін баурап алды. Осылайша Раббысы оны туралыққа бастады. Алайда Ибраһим өзінің иманын бекіте түскісі келді. Алла Тағаладан: «Уа, Раббым! Өлі денені қалай тірілтесің?» - деп сұрады. Алла Тағала: «Сен иман келтірмеп пе едің?» - деді. Ибраһим: «Әрине, иман келтірдім. Бірақ жүрегім орнықсын деп едім», - деді. Сонда Алла Тағала оған төрт түрлі құс әкеліп, оларды сойып, денелерін бөлшектеп, әр бөлшекті таулардың ұшар бастарына апарып тастап, сосын сол құстарды атап шақыруды бұйырды. Ибраһим Алланың әмірін екі қылмады. Құстардың денелерін таулардың бастарына апарып тастады. Сосын оларды атын атап шақырғанда олардың денелері бір-бірлеріне қосылып, құралып, қайтадан тіріліп, Ибраһимнің алдына ұшып келді. Ол Раббысының кұдірет-күшіне куә болды. Иманы бұрынғыдан бетер күшейіп, нығая түсті.
Осындай ұзақ ізденістерден соң Ибраһим туған шаһарына нағыз мұсылман болып оралады. Адамдарды әлемдердің жаратушысы - Алланың тура жолына, білім мен парасаттың жолына шақырғысы келді. Оған ең қиыны өзінің әкесі Азарға уағыз айту болды. Әкесі ол үшін адамдардың ішіндегі ең жақыны әрі ең жақсы көретіні болатын. Бірақ басқалармен бірге ол да қатты адасуда еді. Ибраһим әкесіне барып, сыпайы түрде әдеппен сөз бастады.
- Уа, әке! Әкешім! Мына көзі көрмейтін, құлағы естімейтін және өзіңе еш пайда да келтіре алмайтын мүсіндерге неге табынасың? Маған Алла тарапынан бір білім берілді. Маған ерсең тура жолда боласың. Уа, әкешім! Шайтанға табынба. Шынында шайтан Алла Тағалаға ашық қарсы шықкан. Мен сенің Алла тағаланың азабына ұшырап, шайтанға дос болуыңнан қатты қорқамын.
Бірақ әкесінің даусы қатқыл шықты. Қатты ашуға булығып:
- Ей, Ибраһим! Сен не деп тұрсың?! Сен біздің табынып жүрген кұдайларымызға қарсы шықпақсың ба? Егер райыңнан қайтпасаң сені тас боран қылып өлтіремін. Жоғал көзіме көрінбей! - деді ұлына.
Ибраһим әкесінің бұл сөздеріне катты кайғырды. Үмті ақталмады. Өз халқының тура жолдан ауытқып адасқанына, әкесінің де солардың қатарында екендігіне күйзелді. Әкесіне жаны ашып тұрып:
- Аман бол, әке. Сен үшін Раббымнан кешірім сұраймын. Раббым маған тура жол көрсетті. Енді сендерден, сендердің табынып келген нәрселеріңнен аулақ боламын. Тек Раббымнан тілек тілеймін. Бәлкім, Ол менің тілегімді қабыл алар, - деп әкесімен қош айтысты.
Бұдан соң Ибраһим қаланың көшелеріне шығып, елді Алланың жолына үгіттей бастады. Адамдарды әртараптағы ғаламның кереметтеріне үңіліп, терең ойлануға шақырды. Оларды осындай жолмен пұттарға табынудан аулақтатуды, жүректері мен ақылдарын оятып, адасудан қайтаруды ойлады.
- Сендер кімге табынасыңдар? - деп сұрады Ибраһим.
- Пұттарға табынамыз. Оларға бар ынтамызбен сыйынамыз, - десті қауымы.
Ибраһим сонда:
- Ал олар сендердің тілектеріңді ести ме? Немесе сендерге бір пайда, не зиян келтіре ала ма?,-деп сұрады.
Қауымы оның бұл сөзін жақтырмай:
- Бұларға ата-бабаларымыз да табынған. Сол дәстүрмен біз де табынамыз! - десті. Сонда Ибраһим:
- Сендер де, ата-бабаларың да осы кезге дейін адасып келгенсіңдер! -деді.
Сонда адамдардың кейбіреулері қатты ашуланып, енді біреулері кекетумен:
- Ей, Ибраһим! Сен бізге нағыз ақиқатты әкелдің бе? Әлде бізді мазақ қылып тұрсың ба? - десті.
- Сендердің де, көктер мен жердің де жаратушы Иесі бір Алла. Мен соған куәгермін, - деді Ибраһим жұлып алғандай. Содан соң оларға:
- Алланың атымен айтамын, сендер кеткен соң табынып жүрген пұттарыңды қиратамын,- деді.
Қауымымен пікірталас жүргізудің ешқандай пайда әпермейтіндігіне Ибраһимнің көзі жетті. Оларға уағыз-насихат айтудың өзі артық еді. Демек, ашық күреске шығудан басқа жол жоқ.
Ол дүйім жұртшылыққа өзінің тура сенімде екендігін, олардың табынып жүргендерінен мүлде бас тартатындығын ашық мәлімдеді.
- Уа, қауымым! Мен сендердің Аллаға қосқан серіктеріңнен бас тартамын. Сендердің және ата-бабаларыңның табынып келген нәрселері мен үшін дұшпан. Мен тек әлемдердің жалғыз Жаратушысына ғана табынамын. Оған ешбір серік қоспаймын. Ол мені жаратты әрі тура жолға бастады. Ол мені тірілтіп, өлтіреді. Одан Қиямет күні күнәларымды жарылқауына үміт етемін, - деп жар салды.
Осыдан соң Ибраһим қауымының жылда тойлайтын мейрамының келуін күтті. Ақыры сол күн туып, бүкіл шаһар жұрты қаладан сыртқа серуендеуге кеткенде ол пұттар тұрған ғибадатханаға барады. Бұл құлшылық орнында жүздеген мүсін бар еді. Ибраһим пұттардың алдына кұрбандық ретінде тасталынған тағамдар мен асыл заттарды көріп, кекесінді пішінмен: «Иә, неге жемей тұрсыңдар?» - деп тас мүсіндерге сұрақ қойды. Бірақ оның сұрағына ешкім де жауап бермеді. Өйткені бұлар ештеңені естімейтін әрі көрмейтін меңіреу мүсін тастар болатын. Ибраһим тағы да: «Неге үндемейсіңдер?!» - деп айқай салды. Оның даусы жаңғырып, ғибадатхананың ішін күңірентіп жіберді. Ол өзінің айқайының жаңғырығынан басқа ештеңе естімеді. Сол-ақ екен ол қолындағы балтасымен тастарды кезекпен қирата бастады. Оларды быт-шыт қылып, түгін қалдырмай сындырды. Тек қана ең үлкен мүсінге тиіспеді. Қалғанының барлығының күл-талқанын шығарды. Сосын қолындағы балтасын үлкен мүсіннің мойнына ілді де: «Аллаһу әкбар!»,- деп ғибадатханадан шығып кетті.
Қала халқы кешке қарай үйлеріне оралды. Олар әуелі тас мүсіндерге табыну үшін ғибадатханаларына кірді. Одан өздерінің осыған дейін табынып келген құдайларын біреудің быт-шытын шығарып қиратып кеткенін көреді. Ғибадатхананың іші астаң-кестең. Мұны көрген қауым қатты қорқып, үрейленді. Мұны істеген адамға қатты ашуланып, қаһарға мінді. Бір-бірлеріне қарап: «Мұны істеп жүрген қай ант ұрған?! Біздің құдайларымызға қол көтеруге кімнің батылы барып жүр?!» - деп сұрасты. Олардың арасындағы біреулері: "Бір жігіт құдайларымызға тіл тигізіп жүретін. Бәлкім сол болар. Оның аты Ибраһим", - десті. Жиналған наразы халық: «Оны дереу әкеліңдер! Төрт көзіміз түгелде біліп алайық! Жазасын берейік!»-деп шуласты. Бұл қалада мұндай іске одан басқа ешкімнің де бармайтындығына олардың әбден көздері жетті. Өйткені ол бұрын да пікір таластырып, құдайларына көп тіл тигізіп жүрген болатын.
Суыт хабарды естіген шаһардың барлық халқы ғибадатханаға жиналды. Қаланың әкім, шонжарлары, қазылары мұндай сұмдық істі істеген адамды соттамақ болады. Ибраһимге де керегі сол болатын. Осынау қалың көпшіліктің алдында қауымның көсемдерімен пікірталас жасауға тырысты. Бәлкім, оларды азғын жолдарынан айырып, туралыққа бастар сәт осы болар?
Жағдай өте күрделі болатын. Ибраһимнің ісіне қатты наразы қала халқы бүкіл тайлы-тұяғымен жиналды. Барлығы да оны өлтірмекке бекінген еді. Бірақ Ибраһим салмақты қалпынан айнымай, нық тұрды. Оған қала халқының ұлы көсемі: «Уа, Ибраһим! Құдайларымызға қол көтерген сен бе?» - деп сұрады. 
Ибраһим салмақты күйде кекесінмен:
- Оны істеген ана тұрған үлкендері болуы керек”,-деп сау қалған үлкен пұтты нұсқады. - Олардың сөйлейтіндігіне шынымен сенетін болсаңдар, сұрап көріңдер!
Жиналған қауым қорқынышпен бір-бірлеріне қарасты. Кейбіреулері екіншілерін: «Шынында да сендер қателесіп жүрсіңдер», - деп кінәлады.
Содан кейін олар пікірталасқа қайта көшті. «Уа Ибраһим! Бұл пұттардың сөйлемейтіндігін өзің де білесің ғой. Неге бұлай дейсің?» - деп сұрады. Бағанадан бері осы сәтті күтіп тұрған Ибраһим дереу:
- Сонда қалай? Алланы қойып, өздеріңе пайда, не зиян келтіре алмайтын нәрселерге табынасыңдар ба Алла Тағаладан өзге табынғандарың да, өздерің де құрып кетіңдер. Ақылға келмейсіңдер ме? - деді.
Сол-ақ екен, жиналған халық ашуға басып, шулап қоя берді. "Оны өртеңдер! Құдайларыңа болысыңдар!" - деп айқайлады біреулер. Осылайша Ибраһимнің соты тез арада аяқталды. Надан қауым пікірталаста оның сұрақтарына жауап бере алмай жеңілген соң ашу-ызыға булығып, қандай жолмен болса да жеңіске жетуге тырысып бақты. Өздерінің қалыптасқан нанымдарына қарсы шығатын әрбір адамға сабақ болуы үшін Ибраһимді аяусыз жазалауға шешім қабылдады. Олар алаңның ортасына таудай қылып үйіп отын жинады. Сосын оған от қойды. Бұл от лезде жалыны көкті шарпыған үлкен өртке айналды. Жалын лебінен ешбір адам оның қасына жақындай алмайтындай еді. Жендеттер Ибраһимді оттан алысырақ жерде тұрған тас атқышқа мықтап байлады. Оны осы тас атқышпен оттың дәл ортасына тастауды көздеді. Ибраһим болса иманынан қайтпай, Раббысына нық сеніммен міз бақпай тұрды. Алланы есіне алып, іштей күбірлеп Одан көмек сұрады. Осы сәтте оған Жебірейіл періште келді. «Уа, Ибраһим! Менен не көмек керек?» - деп сұрады. Ибраһим: «Сенен көмек керек етпеймін», - деді. Жебірейіл: «Олай болса, Раббыңнан сұра», - деді. Сонда Ибраһим: «Оның менің жағдайымды білуінің өзі маған жеткілікті», - деді.
Сөйтіп тұрғанда жендеттер Ибраһимді тас атқышпен оттың ортасына лақтырды. Жиналған жұрт үрейлене қарады. Оттың үлкендігі соншалық, отынның сатырлап жанып жатқаны алыстан естіліп жатты. Айналасы бет қаратпайтын ыстық. Тіпті үстінен құс ұшып өтпек болса, жалынның биіктігінен өртеніп құлап түсер еді.
Алайда еш ұйықтамайтын, бәрін біліп, көретін Жаратушы бұл істен хабардар болатын. Алла Тағала отқа: «Ей, от! Ибраһим үшін салқын әрі бейбіт бол», - деп әмір етті. Сол-ақ екен, жалыны төңіректі шарпыған от Ибраһим үшін салқын әрі амандық жағдайын жасады. Ибраһим жалындаған оттың ішінде аман-есен тұра берді. Ешқандай ыстық-қызуды да, қатты суықты да сезбеді.
Біраз уақыт өткен соң от жалыны басылуға айналды. Таудай етіп жиналған отынның үйме-үйме көмірі мен күлі де көріне бастады. Жиналған жұрт Ибраһимді әлдеқашан күлге айналып кеткен болар деп шешіп қойған еді. Алайда жаңағы таудай болып жалыны аспанға шарпыған оттың күлінің арасында Ибраһимнің түк болмағандай аман-сау тұрғанын көрді.
Мұны көрген қауымның таңданыстан тілдері байланғандай болды. Бұрын-соңды мұндай керемет орын алған емес. Бұл Ибраһимнің жолының дұрыстығын білдіреді. Адамдар бірден: «Ибраһимнің Раббысына сендік», - десті. Бірақ жария түрде емес, іштей айтты. Имандарын жария етуге көпқұдайшыл патшаның жендеттерінен қорықты.
Бұл оқиға туралы Бабыл патшасы Нәмруд естиді. Ибраһимнің дүйім жұрттың алдында керемет көрсетіп, бәрін жеңіп шыққаны оны қорқыта бастады. Өзінің билігінің шайқалып, халқының Ибраһимнің соңына еріп кетуінен қатты сескенді. Сондыктан да өзіне бағындырмақ ниетімен Ибраһимді сарайына шақырды. Ибраһим алдына келгеннен-ақ:
«Әй, жігітім! Сенің істеп жүргенің не сұмдық? Менен басқа Құдай бар ма?», - деп Нәмруд патша оған дүрсе қоя берді. Ибраһим еш саспастан:
«Иә, бар. Менің Раббым өлтіреді және тірілтеді», - деп жауап береді. Залым патша мақтанышпен: "Ендеше, мен де тірілтемін әрі өлтіремін", - деді күпсініп. Ибраһим онын не айтқысы келгенін түсінді. Нәмруд біреуге кешірім жасаса, оны өлтірмей тірі қоя беретін. Ал, біреуді өлтіруді каласа өлтіретін. Залым патша осыған меңзеп тұр еді. Ибраһим өзіне тән зеректікпен: "Алла күнді шығыстан шығарады, күшің жетсе соны батыстан шығарып көр", - деді.
Нәмруд аузына құм құйылғандай жауаптан тосылып қалды. Не деп жауап береді? Күнді өзінін жолынан шығару кімнің қолынан келер дейсің?
Сөйтіп, Ибраһим ақылдылығымен Бабылдың кәпір патшасы Нәмрудті де жеңіп кетеді.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру