Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Хазіреті Нұхтың оқиғасы

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 15.02.2018 5999 0 пікір

 

Хазіреті Нұхтың баласы кәпір еді. Жер бетін топан су басқан уақытта баласының теңіз толқындарымен арпалысып, өлім мен өмір арасында жанталасып жатқанын көрген Нұх пайғамбардың баласына жаны ашып:

- Ей, балам! Кел, бізбен бірге кемемізге мін. Кәпірлігіңнен арыл!- деп дауыстады.

Алайда баласы да қырсығып бақты:

- Тауды паналасам да судан аман қаламын,-деді асау толқындарға бір батып, бір шыққан күйі екі қолын ербеңдете.

Нұх пайғамбар әлі де баласына оның бүгінгі күнгі апаттан не істесе де құтыла алмайтындығын ескерте:

- Алла өзі қаламаса, бүгінгі күнгі оның азабынан ешкім де сені сақтап қала алмайды,- деді.

Осы сәт Нұх пен баласының арасын таудай толқыған теңіз толқындары бөліп, ештеңеге қаратпай екеуін екі жаққа алды да кетті. Алайда Нұх пайғамбар баласын ойлап қатты қамықты. Іштей қайғырып қан жұтқаны сонша, ең болмағанда баласын Қиямет күні құтқарып қалуды қалады.

Оттың судан да қауіпті екенін ескерсек, ақыреттегі азаптың бұдан да қорқынышты болары сөзсіз. Алайда Алла Тағала Нұх пайғамбарды отбасымен бірге игілікке бөлейтіндігіне уәде етпеп пе еді? Жаратушының уәдеден таймайтындығын бетке ала Нұх баласы үшін Алладан шапағат тілеуді жөн көрді.

Хазіреті Нұх пайғамбар көкке қарап қол жайған күйі жалбарына бастады:

- О, Жаратқан! Балам менің отбасымның мүшесі ғой, сақтаймын деп Өзің уәде етпеп пе едің?! Сенің берген уәденің хақтығы талассыз. Ең ұлы үкім беруші Өзің емессің бе?!

Алайда Алла Тағаланың ата-текке емес, тек қана амалдарға қарайтындығы шындық. Алланың сондай-ақ, Өзіне серік қосқандардың шапағатын қабылдамайтындығы да рас. Аллаға серік қосатын пенденің пайғамбар әулетінен болуы, тіпті орынсыз. Сондықтан болар Алла Тағала құлына осы жайтты ұғындыра:

- Ей, Нұх! Ол сенің әулетіңе жатпайды. Өйткені оның оңған қылығы болмады. Өзің жете білмеген нәрсені менен сұрап надандар қатарына қосылма!-деп қатал бұйырды.

Хазіреті Нұх бірден өз қателігін түсініп:

- Уа, Жаратушы Раббым! Білмейтін нәрсемді сұрағаныма қатты өкініш білдіре, кешірім тілеймін! Егер мені кешірмесең, онда менің сол күйі құрдымға кеткенім,- деп дереу Аллаға жалбарынып, тәубаға келеді.

Ағаттық жасау - о бастан адам баласына сіңісті әдет. Алайда, дереу кешірім тілеп, тәубаға келгендер – сол ағаттық жасағандардың ең ізгілері болып саналады.

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру