Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Әз елшінің ﷺ сүт анасы – Барака Умм Айман

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 25.01.2018 5137 0 пікір

 

Бір күні Меккеге Эфиопиялық жас күңді сатуға алып келеді. Ол жерде соған ұқсас тұтқынға түсіп, құл базарына алып келінген көптеген жас балалар, арабтар мен араб еместер бар еді.

Қатігез қожайынның қолына түскендері тағдырдың тәлкегін көреді, оларға ауыр жұмыстарды істеуге зорлайды және де оларға өте қатал қарайды. Кейбірінің жолы болып, жақсы әрі қайырымды қойжайынның үйіне баратыны белгілі.

Барака – эфиопиялық жас күң, сол жолы болғандардың бірі. Ол Абдулмуталибтың ұлы, жомарт әрі мейірімді Абдулланың үйіне келеді. Ол сол үйдегі жалғыз күң болды. Ол Уахбаның қызы Әминаға үйленген кезде Барака жас бикеге жәрдем берді.

Бараканың айтуы бойынша, жас жұбайлар отау тіккеннен екі апта өткен соң, Абдулланың әкесі олардың үйіне келіп ұлына Шамға баратын керуенмен сапарға шығуын бұйырады. Қосағынан бөлек тұруға ренішін білдірген Әмина: «Қандай ауыр әрі қайғылы хабар еді! Күйеуім мені тастап қалайша Шамға кетеді? Қолымдағы қынаның ізі де кетіп үлгерген жоқ»,- деп жылап жібереді. 

Сапарға шығатын кезде Абдуллаға жарымен айырылысу жанына батты. Қайғы мен мұңнан әлсіреген Әмина есінен танып қалады. Күйеуі сапарға аттанған соң, Барака былай деді: «Әминаның есінен танғанын көріп: «Бикем!» деп айқайладым. Әмина көзін ашып, маған қараған кезде көз жасы бетін жуып жатыр еді. Өксігін басқан ол: «Мені төсекке апар, Барака»,- деді.

Ол былай деп жалғастырады: «Әмина төсек тартып ұзақ жатып қалады. Ешкіммен сөйлеспей, тіпті оны зиярат етіп келгендерден қайын атасы, Абдул Мутталибтен өзге ешкімге қарамады. Абдулла кеткеннен кейін екі ай өткенде бір күні Әмина таңертең мені жанына шақырды. Оның жүзі қуаныштан жадыраған ол маған:

«Барака! Мен қызық түс көрдім»,-деді.

«Жақсы нәрсе ме, бикем?»,- деп сұрағанда:

«Ішімнен от шығып, тауларды, белестерді және де Меккенің аңғарын нұрға бөлегенін көрдім»,-деді күлімдеп.

«Өзіңді жүкті сезесің бе, бикем»,- деп сұрадым.

«Иә, Барака»,- деп жауап берді ол. «Бірақ өзге әйелдер секілді ешқандай ауырлық немесе жайсыздық сезіп тұрғаным жоқ»

«Бұл сенің рақымға бөленген, әлемге көп жақсылық әкелетін перзентті дүниеге әкелетініңнің белгісі»,- дедім мен.

Абдулла сапарда болған кезінде Әмина үнемі ойлы әрі мұңды болып жүрді. Барака оның жанында болып, оны жұбатып және көңілін көтеруге тырысты, әңгімелесіп, небір тарихи әңгімелер айтатын. 

Бірде Абдулмуталиб Әминаға келіп Мекке халқымен бірге үйін тастап, тауға баруы керектігін, себебі Йемен басшысы Абраха қалаға шабуыл жасамақшы болып жатқанын айтады. Мұны естіген Әминаның көңілі мүлде түсіп кетеді де, тауға баруға дәрмені жоқтығын айтады. Себебі Қағба Құдіреті күшті Алланың қорғанында болғандықтан Абраханың Меккеге кіре алмайтынына және Қағбаны құлата алмайтынына Әмина сенімді еді. Абдулмуталиб қатты қобалжып тұрғанмен, Әминаның жүзінен ешқандай қорқынышың ізі көрінбеді. Оның Қағбаға зиян келмейді деген сенімі ақталып, Абраха әскерінің алдыңғы шебіндегі пілді әскерлер Меккеге кірместен ғажайып оқиғамен опат болды.

Барака күндіз-түні Әминаның жанында болды. Ол өзі былай деп баяндайды: «Мен оның төсегінің қасында, жерде жататынмын. Түннің бір уағында ұйқысырап, күйеуінің атын атап шақыратын. Оның даусынан оянып кетіп, жұбатып, жігерлендіруге тырысатынмын».

Керуеннің алғашқы бөлігі Шамнан Меккеге келіп жеткенде оларды туыстары мен достары қуана қарсы алады. Барака Абдулмуталибтің үйіне Абдулла жайлы хабар алмаққа жасырын барады, алайда одан еш хабар болмайды. Ол қайтып келіп көргенін де, естігенін де айтпады. Ақыр соңында, барлық керуен толық келіп жетеді, алайда ішінде Абдулла жоқ болып шығады.

Кейін Барака Абдулмуталибтің үйіне хабар алуға барғанда, Мәдинадан Абдулланың қаза болғаны жайлы хабар келеді. Барака: «Мен мұны естіген кезде айқайлап жібердім. Кейін Әминаға қарай күйеуін жоқтап, құрайыштың мақтанышы болған керемет жас жігіттің енді қайтып келмейтінін айтып жүгіріп кеткенімнен басқа ешнәрсе есімде жоқ».

«Әмина суық хабарды естіген кезде есінен танып қалды. Екі өмірдің ортасында жатқан Әминаның қасында болдым. Ол кезде үйде екеумізден басқа ешкім жоқ еді. Мен оған асын беріп, аспан әлемі Алланың нұрына бөленіп, баласы Мұхаммедті ﷺ дүниеге әкелгенше күндіз - түні күттім.

Мұхаммед дүниеге келген соң оны ﷺ қолына алғаш алған Барака болды. Кейін атасы келіп, оны Қағбаға алып барып, меккеліктермен бірге дүниеге келуін атап өтті. Барака Әминаның жанында қалды да, Мұхаммедті бірнеше уақыттан соң шөл даланың таза ауасында тәрбиелеуі үшін сүт анасы Халимаға береді. Бес жыл уақыт өткен соң баланы Меккеге қайта алып келеді. Әмина оны аналық махаббатпен, құшағын жая қарсы алса, ал Барака өзі айтпақшы: «Қуаныш пен тамсана» қарсы алған.

Мұхаммед ﷺ алты жасқа толғанда анасы күйеуі Абдуллаyың Мәдинадағы қабірін зиярат етпек болады. Барака мен Абдулмуталиб екі жақтап айнытпақ болып еді, Әмина алған бетінен қайтпады. Бір күні таңда олар жолға шығып кетеді. Әмина, Барака және Мұхаммед үшеуі үлкен түйенің үстіне орнатылған күймеге отырды да Шамға бара жатқан керуенге қосылды. Сезімтал баланы мазасыздандырмайын деген Әмина Мұхаммедке әкесінің қабіріне бара жатқанын айтпады.

Керуен жылдам жүрді. Барака Әмина мен ұлына қамқор болуға тырысты. Бала көбінесе Бараканың мойнынан қолдарымен құшақтай ұзақ ұйықтады.

Керуен Мәдинаға дейін он күн жүрді. Анасы Әмина қабірді зиярат етуге кеткен кезде бала Мұхаммед бәну Нажар руынан болған нағашы ағасының жанында қалды. Әмина бірнеше апта бойы, күн сайын қабір басында қайғыға батып отыратын болды.

Меккеге қайтқан жолда Әмина безгек ауруына шалдығады. Мәдина мен Меккенің ортасындағы Әл- Әбуә деген жерге оқтаған кезде Әминаның хәлі мүлде нашарлап кетеді. Түнге қарай ыстығы көтеріліп, басы ауырған ол әлсіреген даусымен Бараканы қасына шақырады.

Барака бұл оқиғаны былай деп баяндайды: «Ол менің құлағыма: «Барака, мен мына дүниеден озып барамын. Ұлым Мұхаммедті сенің қамқорлығыңа қалдырамын. Менің құрсағымда жатқан кезінде әкесінен айырылды. Енді анасынан да айырылып барады. Оған анасындай бол, Барака. Оны ешқашан тастама»,- деп сыбырлады.  

Жүрегім мұңға толып, жылап, жоқтау айта бастадым. Бала менің айқайымды естіп, ол да жылады. Анасының құшағына құлап, мойнынан қатты құшақтап алды. Әмина соңғы рет ыңырсып, мәңгіге көз жұмды». 

Баракаға Әминаның өмірден озғаны қатты батады. Ол өз қолымен жер қазып Әминаны жерлейді. Кейін Барака жетімсіреп қалған баланы алып Меккеге келеді де, атасының қамқорлығына береді. Өзі де сол үйде балаға қарауға қалады. Екі жылдан соң Абдулмуталиб дүниеден озғанда Барака баланы алып ағасы Әбу Тәліптің үйіне барады. Мұхаммад ер жетіп, Хадишаға үйленгенше өзі қамқор болып қасында қалады.

Олардың тойынан соң Барака Мұхаммед пен Хадишаның үйінде қалады. «Мен оны ешқашан тастамадым, ол да мені ешқашан қалдырмады",- дейді ол. Бірде Мұхаммед ﷺ оған: «Анашым!» - (Ол үнемі оны анам деп атаған) «Мен үйлендім, ал сен болсаң әлі тұрмысқа шықпадың. Егер біреу келіп қолыңды сұраса не дейсің?»,- дейді. Барака Мұхаммедке ﷺ қарап: «Мен сені ешқашан да қалдырмаймын. Анасы баласынан бас тартушы ма еді?»,- дегенде әз елші ﷺ күлімсіреп оның басынан сүйеді де жары Хадишаға қарап: «Барака – туған анамнан кейінгі анам. Ол – менің отбасымның қуанышы»,-дейді. 

Сонда Хадиша Баракаға: «Барака, сен  жастығыңды Мұхаммед үшін құрбан еттің. Енді ол сенің алдыңдағы міндетін орындағысы келеді. Қартаймай тұрып, мен үшін және ол үшін тұрмысқа шығуға келісіміңді бер»,- дейді.

«Бикем, кімге тұрмысқа шығамын?»,-деп сұрайды Барака. «Осы жерге хазраж руының Мәдинадан келген адамы Убайд ибн Зейд келді. Ол бізге сенің қолыңды сұрап келіп отыр. Бас тарта көрме»,- дейді.

Барака келісімін береді де Убайд ибн Зейдке тұрмысқа шығып, Мәдинаға кетеді. Ол жақта бір ұл тауып, атын Айман деп қояды. Сол кезден бастап оны бәрі Умм Айман деп атайтын болған.

Бірақ оның отбасылық бақыты ұзаққа созылмады. Күйеуі қайтыс болып, ол қайтадан Меккеге, асыранды ұлы Мұхаммед пен Хадишаның үйіне келеді. Ол кезде олармен бірге Әли ибн Әбу Талиб, Хинд (Хадишаның бірінші күйеуінің қызы) және Зейд ибн Харис тұрып жатқан болатын.

Зейд Қалб руының арабы болған, бала кезде тұтқынға түсіп, Меккедегі құл базарында сатылады. Оны Хадишаның жиені сатып алып, әпкесіне сыйға тартады. Хадишаның үйінде жүрген кезде Зейд Мұхаммедке ﷺ қатты бауыр басып қалады да, өзің соның қызметіне арнайды. Олардың қарым- қатынасы әке мен баланың қатынасындай еді. Зейдтің әкесі Меккеге ұлын іздеп келеді. Сол кезде Мұхаммед ﷺ Зейдтің алдына не әкесімен бірге қайтуды немесе өзімен бірге қалу таңдауын береді. Сонда Зейд әкесіне: «Мен бұл адамды ешқашан тастамаймын. Ол маған әкемдей қарады. Мен өзімді оның құлы деп ешқашан сезінбедім. Ол маған жақсы қарады. Ол маған мейіріммен, махаббатпен қарады. Ол әлемдегі ең ізгі адам. Мен оны қалайша қалдырып, сенімен кете беремін? Мен оны ешқашан қалдырмаймын». 

Осы оқиғадан соң Мұхаммед ﷺ Зейдке бостандық беріп, оны асырап алады. Алла елшісіне ﷺ пайғамбарлық берілген кезде Барака мен Зейд алғаш болып иман еткендерден болды. Ислам дінінің алғашқы күнінен бастап, олар құрайыштың иман еткендерге көрсеткен озбырлығына бірге шыдады. 

Барака пен Зейд пайғамбарымыздың ﷺ пайғамбарлық міндетін атқаруына көп жәрдем берді. Олар көп құдайшылардың жоспарлары мен қастандықтары жайлы мәлімет жинап, өз бастарын құрайыштықтардың жазасы мен аңдуына тікті.

Бір күні түнде мүшріктер Алла елшісі ﷺ сахабаларына Исламды үйрету үшін үнемі жинап отыратын Әл- Аркамның үйіне апаратын жолды бөгеп тастайды. Барака Хадишадан пайғамбарымызға ﷺ жетуі керек хабар алады да тәуекелге бел буып Әл- Аркамның үйінежол тартады. Ол үйге жетіп, хабарды пайғамбарымызға ﷺ жеткізген кезде ол күлімдеп: «Алла Тағала сені жарылқасын, Умм Айман. Расында, Жәннатта сенің орның бар»,- дейді. Умм Айман кеткен соң әщ елші ﷺ сахабаларына қарап: «Егер кімде кім Жәннаттық әйелге үйленгісі келсе, Умм Айманға үйленсін»,-дейді.

Алайда, барлық сахабалар үнсіз қалады. Умм Айман ол кезде әдемі я тартымды да емес- тін. Жасы елуге таяп қалса да нәзік көрінетін. Кейін Зейд ибн Харис алдыға шығып: «Уа, Алланың елшісі! Умм Айманға мен үйленемін. Алламен ант етемін, ол сұлулық пен көріктілік бойына жиған әйелдерден артық»,-дейді.  

Зейд пен Умм Айман отау құрып, Усама атты ұлды дүниеге алып келеді. Пайғамбарымыз ﷺ Усаманы өзінің туған ұлындай жақсы көрді. Ол Усамамен жиі ойнап, оны сүйіп, өз қолымен тамақ беретін. Сахабалар: «Бұл Алланың жақсы көретін ұлы»,- дейтін. Усама жастайынан Исламға деген ықыласымен ерекшеленді, кейін оған әз елші ﷺ тарапынан үлкен міндет жүктелді.  

Пайғамбарымыз ﷺ Мәдинаға хижра жасаған кезде Умм Айманды өзінің шаруашылық жұмысын аяқтауға Меккеде қалдырады. Ақыр соңында Умм Айман Мәдинаға өз күшімен қоныс аударады. Ол шөл даладағы ұзақ әрі қиын жолды жаяу жүріп жетеді. Аптап ыстық пен құмды дауыл сапарды одан ары ауырлатса да оның ардақты елшіге ﷺ деген терең махаббаты алдыға жүруге толассыз жетеледі. Ол Мәдинаға жеткен кезде аяқтары қатты ауырып, ісіп кеткен, ал жүзін құм мен шаң басқан еді.  

Оны көрген ардақты пайғамбарымыз ﷺ: «Әй, Умм Айман! Әй, Анашым! Ант етейін, Жәннатта сенің орың бар»,- деп  қуаныштан айқайлайды.  

Мәдинада да Умм Айман мұсылмандар үшін көп қызмет жасады. Ухуд шайқасында шөлдегендерге су әкеліп, жараланғандарға жәрдем берді.  Хайбар және Хунайн секілді бірнеше жорықтарда пайғамбарымызға ﷺеріп жүрді.

Оның ұлы Айман пайғамбарымыздың ﷺ сахабасы болды әрі Хунайн шайқасында, хижраның сегізінші жылы қаза тапты. Бараканың күйеуі Зейд пайғамбар мен исламға ұзақ жыл қызмет еткен соң Шамдағы Мута шайқасында көз жұмады. Бұл кезде Барака жетпіс жасқа келген еді әрі көп уақытын үйде өткізетін. Ардақты елші ﷺ Әбу Бәкір мен Омарды, ертіп оған жиі келіп тұратын әрі: «Анашым! Жағдайың жақсы ма?»,-деп сұрағанда:  «Исламның жағдайы жақсы болып тұрғанда менде де бәрі жақсы болады, Алланың елшісі!»,-деп жауап беретін.

Бараканың өмір жолы ерекше, себебі ол әз елшіге ﷺ өмір бойы, туылғанынан өмірден озғанға дейін ең жақын болған жалғыз адам еді. Оның өмірі Алла елшісіне ﷺ тынбай қызмет етумен өтті. Оның Исламға адалдығы күшті әрі мызғымас берік болды. Ол Османның халифалығы кезінде өмірден озды. Алла Тағала біздерге осындай жандардың шапағаты мен берекетін нәсіп етсін! Әмин!   

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру