Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

28 March 2024

18 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Жебірейілді екі рет жерге түсірткен сахаба

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 21.11.2017 9083 0 пікір

 

Пайғамбарымыздың ﷺ заманында Сә’ләба бин Абдуррахман есімді бір жас сахаба болған. Ол Ислам дінін қабылдағаннан кейін өзін Пайғамбарымыздың қызметіне атайды. Бір күні Пайғамбарымыз ﷺ оны бір шаруаға жұмсайды. Сә’ләба жұмсаған жеріне барып, есігі ашық қалған үйдің ішіне көзі түседі. Үйде «ансарлық» бір әйелдің жуынып жатқанын көреді. Сә’ләба әлгі әйелден бір сәтке көзін ала алмай қалады. Кейін өз-өзіне келіп, қатты ұялып кетеді. Бір жағынан «Пайғамбарымызға Алла Тағаладан бұл күнәм жайында уахи түссе, қайтемін» деп қатты қорқады. Екінші жағынан «харамға қараған көзіммен Пайғамбарымыздың ﷺ мүбәрак жүзіне қалай қараймын?» деп Мәдина қаласын тастап шығып, тауға қашып кетеді. Пайғамбарымыз ﷺ Сә’ләбәні ұзақ уақыт бойы күтеді. Келмеген соң өзгелерді жіберіп іздетеді. Алайда табылмайды. Арада қырық күн өтеді. Сол кезде Алла Тағаладан хабар алып Жебірейіл періште келеді. ­­

- Уа Мұхаммед ﷺ! Раббыңның саған сәлемі бар. Алла Тағала: «Үмбетіңнен қашып кеткен жан мына таудың арасында, Менің отымнан Маған сиынуда!» деді»,- деп Жәбірейіл Алла Тағаланың сәлемін жеткізеді.

Бұл хабарды алған Пайғамбарымыз ﷺ Хазіреті Омар (ол кісіге Алла разы болсын) мен Хазіреті Сәлманды (ол кісіге Алла разы болсын) шақырып, Сә’ләбаны алып келу үшін Жәбірейіл айтқан жерге жібереді. Екі сахаба жолға шығып, айтылған жерге жетеді. Сол жерде қой баққан Зәфәфә есімді бір шопанға жолығады. Шопанға бір жас жігітті іздеп жүргендерін айтып, суреттеп береді. Шопан да:

- Сендер тауға шығып алып айқайлап жүрген бір жасты іздеп жүрген боларсыңдар. Ол Жәһәннамның отынан қашып жүр, – дейді.

Сонда Хазіреті Омар:

- Оның тозақ отынан қашып жүргенін қайдан білдің? – деп сұрайды. "Айқайынан білдім. Күнде түннің ортасында таудан шығып қолын төбесіне қойып «Уа Раббым! Мен Сенен ұяламын, жасаған күнәмнан ұяламын! Жанымды ал, тәнімді шіріт!» деп дұға қылып айқайлайды, ­– дейді шопан.

Хазіреті Омар мен Сәлман қойшы айтқан таудың жанына барып, түн ортасына дейін күтеді. Түн ортасында қойшы айтқандай Сә’ләба таудан шығып, қолын төбесіне қойып Аллаға дұға қылып жалбарына айқайлайды. Сол кезде Омар мен Сәлман Сә’ләбаны ұстап алады. Сә’ләба болса, Хазіреті Омардан:

- Ей, Омар! Алланың Елшісі ﷺкүнәмнан хабардар болды ма? – деп сұрайды. Омар:

- Күнәңды біліп-білмегенінен хабарым жоқ. Бізге тек сені алып келуді бұйырды, - дейді.

Сонда Сә’ләба тұрып:

- Омар, онда саған бір өтінішім бар. Мені Пайғамбарымызға ﷺнамазда тұрғанында апаршы, ­- дейді.

Себебі, сахаба харамға қараған көздерімен Пайғамбарымыздың жүзіне қарауға қатты ұялған болатын. Омар да Сә’ләбаның өтінішін жерге қалдырмай, сахабаны мешітке Пайғамбарымызﷺ имамдыққа шыққанда кіргізеді. Сә’ләба да сапқа тұрады. Намаз біткен соң Пайғамбарымыз ﷺ артқа бұрылып:

- Уа Омар! Сә’ләба қайда? ­– деп сұрайды.

Мұны естіген Сә’ләбаның буыны ұстамай, отыра кетеді. Пайғамбарымыз ﷺ Сә’ләбаға жақындап келіп:

- Уа Сә’ләба қайда жоғалып кеттің? – дейді.

- Уа РасулАллаһ! Жоғалып кетуіме күнәм себеп болды!

- Қателік пен күнәні өшіретін Алланың аятын айтайын ба? – дейді ардақты елші  ﷺ

- Айтыңыз, Расулым! ­– дейді Сә’ләба.

Сонда Алланың Расулы ﷺ:

- «Раббанаа әәтинәә фид дуния хасанатан уа фил әхирати хасанатан уа қинә ‘әзәбәннар» деген дұғаны оқы! – дейді.

Сә’ләба болса:

- Уа,  Алланың Елшісі! Менің күнәм үлкен ғой! – дегенде ардақты елші: «Жоқ, Алланың сөзі одан да үлкен, одан да ұлы!», – деп жауап береді.

Осыдан соң Сә’ләба үйіне қайтады. Арадан сегіз күн өткеннен кейін Сәлман Алла елшісіне ﷺ келіп Сә’ләбаның қатты ауырып, өлім аузында жатқанын жеткізеді. Пайғамбарымыз ﷺ орнынан тұрып, сахабаларын ертіп, Сә’ләбаның үйіне барады. Барса, сахаба қатты науқастанған, тіпті басын көтеруге шамасы жоқ. Әз пайғамбар ﷺСә’ләбаның жанына келіп, басын көтеріп, өзінің тізесінің үстіне қояды. Сә’ләба болса, басын пайғамбарымыздың ﷺ тізесінен ақырын сырғытып, қайта жерге қояды. Сонда Алланың елшісі ﷺ:

-Ей, Сә’ләба, басыңды неге тіземнен алып кеттің? – дейді.

- Пайғамбарым! Бұл күнәға толған бас сіздің мүбәрак тізеңіздің үстінде жатуға лайық емес! – дейді.

Пайғамбарымыз Сә’ләбадан қай жерінің ауырып жатқанын сұрайды. Сә’ләба: «Етім мен сүйегімнің арасында құрт жүргендей», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз одан не қалайтынын сұрайды. Сахаба: «Алланың кешірімін тілеймін!», – дейді. Сол кезде, сол жерде көктен Жәбірейіл періште түсіп келеді де Пайғамбарымызға ﷺАлланың сәлемін жеткізеді:

- Уа, Алланың Елшісі! «Алланың саған сәлемі бар! Құлымның Жер шарындай күнәсі болса, ол күнәсі үшін дәл сондай кешірім бар!» деп жатыр, - дейді.

Пайғамбарымыз ﷺ Сә’ләбаға бұл сүйіншіні жеткізеді, сахаба да бұл қуанышты хабарды ести салып, сол жерде көз жасы ішінде жан тапсырады.

Ардақты елші ﷺ Сә’ләбаны кебіндеп, жаназа намазын оқиды. Жаназа намазында Алла елшісі ﷺ аяғының ұшында тұрады. Мұны байқаған сахабалар жерлеп келген соң пайғамбарымыздан ﷺ не себепті олай тұрғанын сұрайды. Сонда Алла расулы:

- Сә’ләбаның жаназасына қатысқан періштелердің көптігінен аяқ басар жер таппай, сол себепті аяғымның ұшымен тұрдым, - деп жауап береді.

Харамға көзі түсіп кеткені үшін дерті ішіне түсіп кеткен сахабаның бұл оқиғасы неткен ғибратты еді. Күнәға түскен көзімен әз пайғамбардың ﷺ жүзіне қарауға ұялған Сә’ләбаның бұл оқиғасы неткен хикметке толы еді. Бүгінде көз күнәсына белшемізден батып жүрген мына біздерге үлгі боларлық оқиға емес пе? «Үмбетім, үмбетім» деп ботадай боздап, еңіреп алдымыздан шығатын Алла елшісіне бұл көзімізбен қайтіп қарамақпыз? Харамға қарамасын деп осы көзіміз үшін қабақ жаратқан Алланың дидарына, жамалына қайтіп ұялмай қарамақпыз?! Аяғының ұшынан көз алмай жүрген пайғамбардың үмбеті – мына біздер айнала жалаңаштанғанда пайғамбарымыздың бұл сүннетін қалайша ұмыттық?! Алла өзімізге де, көзімізге де ұят берсін! Сә’ләбаның тәубесіндей тәубе берсін біздерге! Уа Раббым! Сә’ләбаны кешірімінен де асқан кешірімің мен жарылқауыңа мұқтажбыз!

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру