Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

«МЕН ЖҰМЫСТАН ҚАЛАЙ ҚУЫЛДЫМ?..»

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы    www.muftyat.kz 03.11.2017 4772 1 пікір

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы

«МЕН ЖҰМЫСТАН ҚАЛАЙ ҚУЫЛДЫМ?..»

Біраздан бері бір жазармын деп қойған көкейде жүрген дүние еді. Бүгін сәті түскендей. Орайы келген ойсалар оқиғаны қысқаша баяндайын.

Бердалы Әбдіхалық

Бердалы Әбдіхалық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Шымкент қаласындағы оқу орындарының бірінде жұмыс істейді. Басынан өткен оқиғасын айтып бергенде іштей «нағыз ер жігітке тән шешім қабылдапты» дестік. Өзі бұл әрекетін ерлікке балайды...

Бірде оны бастығы тығырыққа тірейді. Мерекелік басқосуға қатысып, сол жиында өзінің «құрметі» үшін тілек айтып, арақ ішуін бұйырады. Имандылық жолына енді түсе бастаған жас мұғалімге бұл сөз оңайға соқпайды. Табиғатына теріс, имандылығына қайшы «бұйрық».

Екі таңдау тұр: бастығын «құрметтеу» немесе Құдайдың шариғатына құрмет көрсету. Өзімен жасы шамалас бала бастық тағы да қызба мінезін көрсетіп: «Егер бұған көнбесең – арызыңды жаз да кете бер», – деп дүрсе қоя береді. Пәтер жалдап, азын-аулақ табыспен отбасының нәпақасын тауып жүрген Бердалы үшін бұл сөз буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей  соққы боп тиеді...

Жұмыста қалайын десе күнә арқалайын деп тұр, кетейін десе тіршіліктің қамы мазалайды. Көп ойланбастан Аллаға тәуекел етіп, қайырын тілеп, тақуалық жолды таңдайды...

«Бірнеше күн жұмыссыз жүрдім. Сынақ алғашқы соққыда білінеді деген сөздің мәнін сол кезде түсіндім. Алайда Алла Тағала тығырықтан шығар жолды нәсіп етті. Осы оқиға үшін жұмыстан қуылғанымды естіген бір оқу орынның басшысы өзіне қызметке қабылдады. Жалақымды да көтерді. Өзі әлгіндей арсыздық пен азғындыққа бармайтын адам. Иманыңды сақтасаң – Алла сені сақтайды. Мен осыны жүрегіммен сезіндім. Құдайға шүкір, одан да жақсы қызметке орналастым», – дейді ағынан жарылған Бердалы Әбдіхалық.
Байқағанымыз, осынау өткінші сынақтан кейін: «Шындығында ауырлық бар жерде жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 5-аят), – деген Құран аяты, сонымен қатар: «Кімде-кім истиғфар (кешірім сұрау) айтуды әдетке айналдырса, Алла Тағала оған тығырықтан шығатын жолды көрсетеді, уайым-қайғысынан кейін қуаныш және ойламаған жерден ризық-несібесін береді», – деген хадис оның жадында жаңғырып тұрғандай сезілді...

 

Pіkіrler (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Арман Аранбаев | 04.11.2017 02:04

Акикатты жаксы коргендердин жолы осындай болады.

Коркактардын жолы жагымпаздану болады.