Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

29 March 2024

19 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында өмір сүрсем

Бағдат Абдукаримов, «Әл-Ғани» мешітінің бас имамы www.muftyat.kz 31.10.2017 5674 0 пікір

Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бақилық болғанына біраз жылдың жүзі болып қалған. Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі, сыр сандығы Хузайфа бин Йаман (р.а.) Куфа қаласында өмір сүріп жатқан кез. Жас жігіт ақсақал сахабаға:

-Уа, Әбу Абдулла (сөзбе-сөз: Абдулланың әкесі)! Сіз Алла елшісін (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрдіңіз және серігі болдыңыз емес пе?,-деді.

-Иә, бауырым солай,-деді.

-Оған қалай қызмет етуші едіңіздер?,-деп сұрады жігіт.

-Уаллаһи, біз барымызды салып тырысатынбыз,-деді. Сонда жігіт:

-Құдай ақы, егер біз пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында өмір сүрсек, ол кісінің аяғын жерге тигізбей, иығымызға көтеріп жүретін едік,-дейді.

Жас жігіт бұл сөздерімен пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының Алла елшісіне (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты дәрежеде қызмет ете алмаған дегісі келгендей болды. Сахабалардың еңбегіне көңілі толмаған сыңай танытты. Өзі пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзін көрсе, әлде қайда жоғары қызмет ететінін айтқысы келгендей болды.

Жігіттің жастық буымен айтқан сөздерін абыз сахаба бөлген жоқ. Тыңдап болған соң, жігітке естен кетпес, өмірлік сабақ бергісі келді. Жігітке кісінің аузынан шыққан сөз әрқашан ісімен сәйкес бола бермейтіндігін түсіндіргісі келді. Хузайфа (р.а.): Бауырым!,-деп әңгімесін бастады. Сен бізді Алла елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хандақтағы жағдайымызды көрсең ғой, шіркін! Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнде намаз оқып болып, бізге бұрылып қарады да: «Қайсы жігіт жаудың не істеп жатқанын көріп келеді?»,-деді.

Барлаушы боп барған кісіге аман-есен келетінін пайғамбар өзі уәде етіп, әрі Алла оны жәннатқа кіргізетінін де айтты. Арамыздан ешкім тұрмады. Сонда, пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы да намаз оқыды да, сахабаларға бұрылып тұрып: «Жаудан хабар алып келетін азамат бар ма?»,-деп барлауға барған кісі сау-саламат қайтатындығын уәде етті. Бұған қоса, Алла Тағаладан ол адамның менің жолдасым болуын сұраймын,-деп айтты. Бірақ, арамыздан ешкім суырылып шыға қоймады. Өйткені, қатты қорқу, өзекті талдырып бара жатқан аштық әрі өңменнен өткен суық бізді қинауда еді. Ешкім атылып шыға қоймады. Сонда, Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мені шақырды. Ал, менің шақырмаса баруға құлқыным жоқ еді,-деп көпті көрген сахаба әңгімесін аяқтады. Расында бұл сахабаның сөзі желөкпе жастарға ой саларлық жайт.

Мекке шаһарында темекі шегіп тұрған жігітті көрдім. Ең қызығы жігіт құптан намазының парызы басталып жатқанда будақтатып тұр еді. Жігіт бір емес екі бірден күнә жасап тұр емес пе?! Қасиетті қаланы да құрметтемей, бес уақыт намаздың қасиетін де ескермей тұрғаны.

Арафа жазығында телефон шұқылап отырған адамдарды да көрдік. Арафа қажылықтың парызы. Дұға-тілек қабыл болатын құтты мекен емес пе?

Кейбір адамдар пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір сүрген дәуірде болса Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әли (р.а.) сияқты болар едік дейді. Алайда, Әбу Жәһіл, Әбу Лаһаб немесе Умайа бин Халаф сияқты Исламға қас дұшпандар қатарынан болуы әбден мүмкін екенін ұмытып кетеді.

Біреулер болса, әттең қажылық жасап келсем ғой, тәубе етсем мүлде басқа адам боп келер едім деп сағым артынан жүреді. Сондықтан, Аллаға құлшылық етер болсаң, ешнәрсені сылтау етпе. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында өмір сүрсем, Меккеде болсам деген сөздерді қою керек. Маған уақыт жағы дұрыс келмей тұр, орын сәйкеспей тұр деген бос сөзді доғар. Шайтан сені алдауына жол берме.

 

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру