Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Алау ƏДІЛБАЕВ: МЕЙІРІМГЕ МҰҚТАЖДЫҚ (1 БӨЛІМ)

05.05.2016 7029 0 пікір
Мейірімге мұқтаждық (1 бөлім)

Мейірім мен рақым – жалпы жаратылыстың түп негізі. Мейірімсіз не нəрсе де мəнсіз əрі суық. Ғаламдағы барлық тіршілік атаулы терең мейірім, рақымшылық негізінде бар болып, өсіп өнеді. Құрандағы барша сүренің «Бисмиллаһир-Рахмани-р-Рахим» деп басталуы ең алдымен ислам дінінің Алла түсінігінен хабар беріп тұр. Жаратушының Рахман жəне Рахим есімі рақымдылыққа тəн бүкіл сипаттарды қамтиды.

Жер бетіндегі тіршілік атаулының (құстардың самғауы, ағаштардың жер қойнауынан бой көтеріп, көкке шырқап өсуі, судың сарқырап ағуы, алып күннің күлімдеп сəуле шашуы, ағаштардың иіліп жеміс беруі, тіпті, жан-жануардың төліне мейіріммен емірене қарауы) бəрі де Алланың Рахман есімін дəріптейді. Алланың Рахман есімі пенделерін мұсылман, кəпір деп бөліп жармай, қаншама күнə жасап, астамшылық танытса да Алла оларды жарылқап, ризық- несібесін беруде. Ал Рахим сипаты ақиретте тек иман еткендерге ғана тəн.

Жансыз нəрселерде мейірімнің болмайтыны баршаға мəлім. Олай болса, алып күн қандай мейірімімен бізге сəуле беріп, жарығы мен жылуын төгеді? Топырақ, ауа, қан тамырлары қандай мейірімімен біздің тіршілігімізге қажетті нəрді еш кемшіліксіз бере алады? Бұл жансыз жаратылыстарға шапағатты таңу мүмкін емес, əрине, оның бəрі де Раббымыздың кең рақымдылығының, аса мейірбандылығының көрінісі.

Құранда Алланың рақымдылығына байланысты көптеген аяттар бар, солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік. «Бақара» сүресінде: «Алла Тағала имандарыңды жоймайды. Еш күмəнсіз, Алла адам баласына тым жұмсақ, аса рақымды» (Бақара: 143) десе, «Ағраф» сүресінде:«Менің рақымым барлық нəрсені тегіс қамтиды» (Ағраф: 156) деп, Алла рақымшылығының баршаға тəн екенін баяндайды. Тағы бір аятта бұл жайында: «Егер сендерге Алланың кеңшілігі мен рақымы болмаса (жағдайыңыз қалай болар еді?), асылында Алла өте жұмсақ, аса рақымды» (Нұр: 20) деп ашық ұғындырады. Шын мəнінде, Алланың шексіз рақымшылығы болмаса жер бетінде тіршілік атаулы болмас еді.

Алла Тағаланың рақымдылығы туралы бір хадисте «Алла жаратылысты жаратпа- стан бұрын рақымдылықты өзіне жазды жəне «Расында менің рақымдылығым азабымнан жоғары»деген (Бұһари, Тəухид, 15,22; Муслим, Тəубə, 14). Алланың аса рақымдылығын айқын көрсететін көптеген хадис келтіруге болады: «Алланың атымен ант етейін, Алланың құлына деген мейірім-шапағаты бір ананың баласына деген мейірімділігінен сан есе үлкен»(Бұһари, Муслим, Ихя, 4/1, 278-б.). Əлемде ананың мейіріміне жетерлік ешбір мейірім жоқ, ана өз баласы үшін жанын пида етуге əрқашан дайын тұрады. Бұл тек адамдарға ғана емес, жануарларға да тəн. Осы қайсарлылық һəм қасиет – Алла тарапынан аналарға берілген ерекше сый.

Ал осы адамзатты таңдай қақтырған ана мейірімі мен əлемдегі мейірім Алланың жүз рақымдылығының бірі ғана. Бұл шындық хадисте былайша көрініс тапқан: «Алла Тағаланың жүз рақымы бар. Тоқсан тоғызын өзінің жанында сақтады. Дүниеге тек бір рақымын түсір ді. Жаратылыстың бір-біріне деген мейірім-рақымы, ананың балаға деген мейірімі, жануарлардың өз төлдеріне жан ашуларының бəрі осы бір рақымның себебімен. Қиямет болған кезде Ол бір рақымын тоқсан тоғызға қосып, жүз рақымдылық етіп ашады. Əрбір рақымдылығы жер мен көктің кеңдігіндей. Ол күні шынайы мағынада жазаға лайық болғандар ғана құрдымға кетеді» (Бұһари, Əдəб, 19.).

Жабир (р.а.): Пайғамбарымыздың: «Мына үш нəрсе кімнің бойында болса, Алла оны қорғауына, қамқорлығына алып оны жәннатқа кіргізеді: Əлсіздерге жұмсақтық, əке-шешеге мейірім, құлдарға жомарттық (жақсылық, сый)» дегенін алға тартады. Міне, бұл дəлелдердің бəрі исламдағы Алла түсінігінің қаншалықты кең, қаншалықты рақымдылық пен мейірімге ие екенін соқырға таяқ ұстатқандай анық көрсетіп тұр. Осылардың бəрін бізге жеткізіп, үйреткен пайғамбарымыз да ерекше мейірімді, аса рақымды, тым кешірімшілдігімен адамдардың жүрек сарайларының төрінен орын алған-ды. Осы ақиқаттарды бізге жеткізген Алланың елшісі үнемі үмбетін мейірімділік пен рақымдылыққа шақырды. Бір хадисінде: «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды» дейді (Термези, Бирр, 16; Əбу Дауд, Əдəб, 58.) Пайғамбарымыз () бұл хадисінде «адамдар», «мұсылмандар», «салиқалылар» деп бөлмеген. Олай болса, мейірімділік пен рақымшылық бүкіл жаратылысты толық қамтиды. Жер бетіндегілерге мейірімділік жасау шексіз рақым иесінің разылығына бөлейді. Пайғамбарымыз: «Алла адамдарға мейірімділік танытпағандарға мейірімділік жасамайды» деген (Бұһари, Тəухид 2; Муслим, Фəдəиль 66, (2319).

Мейірімділік – адам болумен қатар иманның да қажеттілігі екенін Ибн Аббас арқылы жеткен мына бір хадистен байқауға болады: «Мейірімді, жұмсақ жүректі болмайынша иман еткен боп саналмайсыңдар». Тағы бір хадисте: «Мейірім тек қана бақытсыздың (иманнан нəсіпсіз) ғана жүрегінен алынып тасталған» (Термези, Бирр 16, (1924); Əбу Дауд, Əдəб 66, 4942) деу арқылы бірінші хадистің мағынасын аша түседі.

Пайғамбарымыздың () ерекше қасиеті сол, өзінің істемеген нəрсесін айтпайтын, айтса – міндетті түрде орындайтын. Сондықтан, оның () айтқан сөздері елдің көкейіне қонып, сенім ұялататын. Оның () өмірі тұтастай мейірімге толы. Пайғамбарымыздың () бүкіл əлемді мейірім құшағына бөлей келгендігі, рақым етіп жіберілгендігі Құранның мына аятында: «Біз сені бүкіл əлемге рақым етіп қана жібердік» (Əнбия: 106) деп айтылса, Алла елшісі мұны бүкіл ғұмырымен адамзатқа үлгі боларлық түрде жүзеге асыра білді. Екі жиһан сұлтанының рақымдылығы – тек қана адамзатты емес, барлық болмысты қамтыған жəне əлі де қамти беретін терең сүйіспеншілік.

Ол адамдарға деген мейірімділік пен жанашырлық дəнін еге білді. Олардың мəңгілік бақыты үшін бір орнында байыз таппай үнемі талмай-жалықпай тура жолға шақырумен болды. Оларға жан ашығаны соншалық, тіпті, өз жанын құрбан етуден де тартынбады. Құран Кəрімнің жиі-жиі оның аптыққан, асыққан көңілін басып отыруы соның айғағы. Құран:«Олар Құранға сенбеді деп, қатты күйзеліп өзіңді жеп бітіре жаздайсың» дейтін (Кəһф: 6.).

Алла сүйіктісінің (): «Мен лағынет етуші емес, рақым ету үшін жіберілдім» деуі рақым пайғамбардың жүрекжарды ақиқи сөздері еді (Мүслим, Бирр, 87). Ол адамдарға бір мəрте болса да «лə илəһə иллəллаһ» деп айтқызу үшін бар қиындықтың атаулыға төзімділік танытты. Қорланды, жеке басына сан мəрте қауіп төнді. Бетіне түкіргендер болды. Басы жарылып, табанына тікен төселді. Соған қарамастан, дұшпандарының тура жолға келіп, жаһаннам азабына душар болмауларын қалап, Таифте жарақаттанып, денесін қан жуған кездің өзінде оларға жаны ашып: «Аллаһым, егер бұлардың ішінен бір адам болса да иманға келер болса, оларға азап жібере көрме!» деп дұға еткен жоқ па еді?!

Өзіне қаншама жапа шектіріп, жақын жолдастарын азаптап, мазақ етіп, тіпті, достарының көбісін өлтірген дұшпандары үшін: «Аллаһым, елімді кешір, өйткені, олар (мені) білмейді!»деуі (Бұһари, Əнбия, 54; Муслим, Жиһад, 104-105) Пайғамбарымыздың () жалпы адамзатты қам титын мейірімділігінің, ұлы жауапкершілік мұратының белгісі. Ол өзі əкелген ұлы ақиқатты мейі рім мен рақымдылық, жылулық пен жанашырлық сезімдерінің негізінде құрды. Өз міндетін айналасындағыларға жанашырлық танытып, көл-көсір мейірім аясында жүргізді. Пайғамбарымыздың: «Мен сендерге əке сияқтымын» (Əбу Дауд, Тахара,4) деген сөздері – оның () кіршіксіз рух əлемінің айнасы. Иə, оның өмір бойы тынбастан «үмбетім, үмбетім» деп артынан ерген халықты ойлап өтуі бір əкенің «балам» деп құлынын көкірегіне басқан мейірімін елестеткендей еді. Үмбетінің əр тұлғасы өзінің жан баласындай ыстық еді ол үшін. Үмбетінің де оған деген ерекше сүйіспеншілігіне арқау болған басты нəрселердің бірі – оның əрбір адамға мейірім құшағын айқара ашуы болатын.

Құран оның бұл терең сүйіспеншілігін: «Расында, сендерге іштеріңнен ардақты бір пайғамбар келді. Қиналған дарың оған ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық. Мүміндерге өте жұмсақ ерекше мейірімді» деп суреттейді (Тəубə: 128). Үмбетінің басына келген қиындықтар жүрегіне қатты батып, оларға ерекше жаны ашиды. Осы дүниедегі қияметке дейінгі тағдырларына қатты алаңдаған пайғамбарымыз (с.а.с.) ақиретте де «үмбетім, үмбетім» деп қорғаштап шапағат етеді.

Айтып-айтпай не керек, Оның () балаларға деген сүйіспеншілігі елден ерекше еді. Ол балаларды жақсы көріп сүюге шақырумен қатар, маңдайынан иіскеп сүймеуді тасжүректіліктің, мейірімсіздіктің белгісі əрі Алланың рақымдылығынан мақұрым қалудың себебі екенін білдірген.

Пайғамбарымыз () туған ұлы Ибраһим қайтыс болғанда қатты қайғырды. Небір қиындықтарға төтеп берген рақым пайғамбары () оны құшағына алып, терең сүйіспеншілікпен бауырына басты, қос жанарынан ыстық жас тамды. Жылағанын көріп таңғалғандарға ол: «Көңіл қайғырады, көз жылайды, бірақ Алланың қаламаған нəрсесін айтпаймыз» деген-ді (Бұһари, Жəнəиз, 44; Ибн Мəжа, Жəнəиз, 53). Иə, бүкіл əлемге рақым етіп жіберілген Алланың сүйікті елшісі адамдардың ең мейірімдісі еді!

Ол кейде жылаған бала көрсе, жанына барып бірге жылайтын. Зарлаған ананың қасіретін жан жүрегімен сезінетін. Əбу Һурайраның риуаят еткен хадисінде: «Мен намазға тұрып, оны ұзақ уақыт оқығым келеді. Сосын бір баланың жылаған даусын естимін. Анасының ол үшін жаны сыздайтынын біліп, намазды тез оқып бітіремін» деген дастан боларлық мейірім-шапағаты көрінеді (Бұһари, Азан, 65; Мүслим, Солəт, 192).

Алла елшісінің хазірет Хасан мен Хұсейінді құшақтап алып, аймалағанын көргенде Ақра ибн Хабис: «Ойпырым-ай, менің он балам бар. Əлі осы уақытқа дейін ешқайсысының маңдайынан иіскеп, бастарынан сипаған емеспін» деді. Сонда Алла елшісі оған: «Мейірім көрсетпегенге мейірім жоқ» деп жауап береді (Бұһари, Əдəб, 18; Мүслим, Фəдəиль, 65.).

Бір риуаятқа жүгінсек, Алла елшісі Ақра ибн Хабиске: «Алла жүрегіңдегі мейірімділік сезіміңді өшірсе, менің саған қылар қайраным жоқ» дегені тағы бар (Бұһари, Əдəб, 18; Мүслим, Фəдəиль, 64). Пайғамбарымыздың мейірімі адамдармен ғана шектелмеген. Оның ерекше рақымдылығынан жануарлар да өз нəсібін алған-ды.

Ардақты елші () жан-жануарларға мейірімді болуын мынадай бір ғибратты мысалдармен түсіндіреді: «Алла бір ит үшін жаман атағы шыққан əйелді кешіріп, жəннатына алды. Құдық басында тілі аузына сыймай салақтап, шөлден қаталап жатқан əлдебір иттің тұсынан өтіп бара жатып, оның мүшкіл халін байқап қалған əйел дереу белінен белдігін шешіп, аяқ киіміне байлайды да, құдықтан, су алып береді. Осылайша ит ажалдан аман қалады. Міне, əйелдің итке деген осы бір əрекеті оның кешірілуіне себеп болды. Алла оған жəннатын нəсіп етті».

Пайғамбарымыздың () қасындағы сахабалардың бірі:

– Уа, Алланың елшісі! Жануарларға да жасаған жақсылықтарымыз үшін сауап беріле ме? – деп сұраған кезде, пайғамбарымыз ():

– Иə, əрбір жануарға жұмсақтық жасағаның үшін сауап бар, – деген (Бұһари, Ширб, 9; Мүслим, Сəлəм, 153, (2244).  

Алау ƏДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

e-islam.kz

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру