Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

29 March 2024

19 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Мұхтар Тұртаев: Құрма ағашының ерекше бір қасиеті

03.11.2015 6871 0 пікір

Қажылыққа барған адамның елге тәбәрік ретінде алып қайтатын екі нәрсесі бар. Оның бірі - қасиетті зәм-зәм суы, екіншісі - құрма.

Зәм-зәм суының шығу тарихын, оның адам ағзасына қандай пайдасы бар екенін естіп те, оқып та біліп жүрміз. Ал құрма қалай өседі, құрма ағашын қалай баптайды, ол жайында білетініміз аз. Биылғы қажылық сапарымызда жол түсіп Мәдина қаласындағы құрма бағына арнайы бардық. Мақсатымыз - құрма ағашының қалай өсетінін көзбен көру, өсіп тұрған құрманы қолмен үзіп алып, дәмін тату. Бұл біздің әуелден ойымызда жүрген арманымыз болатын.

«Іздегенге – сұраған», – демей ме атам қазақ. Біз барған шақта құрманың пісіп самсап тұрған кезі екен. Баққа кіре сала ағашты қызықтап ұстап көріп жатырмыз. Қожайыны түрік ағайындар, бұл жерді жалға алып өз кәсіптерін дөңгелентіп жатқан көрінеді. Бауырларымыз шәй қайнатып, құрманың түр-түрін ұсынып, бізді құшақ жая қарсы алды. Дастархан басында әңгіме дүкен құрып, демімізді алған соң құрма бағын қызықтауға қайта шықтық. Бізге жол көрсетуші Әкбар есімді жігіт. Мәдина қаласында оқып жатқан студент, Шымкент қаласының тумасы. Оның құрма ағашының қалай өсетіні туралы әңгімесі бізді таңқалдырды.

«Бұл құрма ағашы тура бір адам секілді өседі. Бір жерге отырғызсаңыз, 13-16 жылдан кейін жемісін бір-ақ береді. 60-70 жылдан соң жеміс беруін тоқтатады. Бұл ағаштың әкесі мен анасы болады. Анасының жанынан өсіп шыққан құрма ағашын, яғни баласын анасынан алшақ жерге апарып отырғызсаңыз, бір-бірін сағынады. Тіптен баласы өсуін тоқтатып қурап кетуі де мүмкін. Сондықтан баласын жанына отырғызу керек. Сосын бұл жеміс ағашының басында адамның миына ұқсас миы болады. Оны алып жейтіндер де бар. Миы алынған құрма ағашы өсуін тоқтатып, қурап кетеді», - дейді ол.

Бірде пайғамбарымыз (ﷺ) жанындағы сахабалардан сұрайды: «Кім маған адам өміріне ұқсас өсетін өсімдікті айтып бере алады», – дегенде ешбірі үндемейді. Сонда Алла елшісі (ﷺ): «ол құрма ағашы», – деген екен.

Құрғақшылық жерде өскендіктен бұл ағаш суды қажет етпейтіндей көрінеді. Керісінше, суды көп қажет етеді екен және айналасын міндетті түрде тазалап отыру керек. Қазір құрманы көрген сайын оның қандай бейнетпен өсетіні ойыма түсіп, бұрынғыдан да қатты қадірлейтін болдым.

Мұхтар Тұртаев

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру