Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ӨМІРГЕ ҚАЙТА КЕЛУ...

09.10.2015 5462 0 пікір

ӨМІРГЕ ҚАЙТА КЕЛУ...

(қажылықтан қайтқанда...)

 

Бір сәт һәм бүкіл ғұмыр

Биыл Алла Тағала ұлы сапарға шығуды нәсіп етті. Қасиетті қажылық парызымызды өтеп қайттық. Сабырды қажет еткен сынақ та болды, барға қанағат, жоққа шүкір еткен жағдайлар да кездесті. Қажылықтың машақаты мен марапатын алма кезек сезінген жайттарды Сізге де сөз етіп, әңгімелеп беруді о бастан ойлап қойған едік.

Қажылыққа барған адам бойдәрет (ғұсыл) алған соң екі құлаш ақ матаны оранып, ихрам хәліне енеді. Ихрам – пендеге үлкен жауапкершілік жүктейді. Айта кетері сол, басқа уақытта рұқсат етілген амал дәл осы ихрам хәліндегі адамға адал емес. Тіпті, шыбық сындырып, шыбын өлтіруге де болмайды. Бұл – берісі ғана. Міне, мүмін осылай тәрбиеленеді.

Ұлы сапарда мұсылман бір минутын бос өткізбеуге тырысады. Оның игілікке толы бір сәті бүкіл ғұмырын ізгілікке толтыруы мүмкін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамзат баласын санаулы сәттер мен күллі өмірді рухани құндылықтарға арнауға шақырған.

Ихрамдағы қажы артық сөз айтпауға, біреуді ренжітпеуге, қоршаған ортаға қылдай қиянат жасамауға барынша белді бекем буады. Сөзін, өзін, санасын, амалын түзетуге, тазартуға тырысады. Жан мен тәннің тазалығын сақтайды, жүйрік ойды жамандықтан тыяды. Сауапты сапарда пайғамбар хадисі бағдаршам іспетті: «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан сақтанса, анасынан жаңа туған сәби секілді пәк күйінде оралады».

Өмірге қайта келу, рухани түлеп, жаңарып, ғибратты ғұмыр кешу деген осы болса керек.


Мина жазығынан Арафат аймағына бет алған қажылар бесін мен екінті намазын қосып өтеген соң ақшамға дейін тек дұға жасады. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Алла Тағала Арафат күніндей тозақтан көп пенделерді азат ететін күн жоқ...» депті. Осы мезгіл адамның екі дүниедегі өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Мұндай мүмкіндікті қажылар қалай жіберіп алсын?! Тік тұрып, тілек айтады, Аллаға мадақ жолдайды. Көзі жасқа толып, жалбарынады.                         

Тікелей рейстің тиімділігі


Биыл елімізден тұңғыш рет Алматы-Жидда-Мәдина бағыттары бойынша тікелей рейс ашылды. Қажылар қасиетті Мәдина қаласына бар-жоғы бес сағатта жетті. Ал Меккеге таяу (шамамен 70 шақырым) Жидда қаласына ұшқан екінші топ ихрамды Алматыдан киіп, Аллаға дұға-тілек, мадақ айтып қасиетті жерге әп-сәтте жетті. «Бұл – үлкен жеңілдік болды», – деп ақсақалдар алғысын айтқан.

Жол дегеннен шығады, Мина жазығында Аустралиядан келген Сейфідін дейтін кісімен танысып қалдық. Қытайдың Құлжа қаласында туылған екен. Алматыда бірнеше жыл қызмет етіпті. Біздің осы қаладан келгенімізді біліп, көңілі көтеріліп қалды. Қазақшасы да тәуір екен. Сөз арасында Меккеге дейін екі ел арқылы жеткенін айтты. Бірінші Сингапурға, сосын Дубайға аялдап, одан кейін Жиддаға жетіпті. «Жалпы біздегі қажылық шығыны 10 мың доллардан асады. Сіздердің тікелей рейспен 5 сағатта Жиддаға жетулеріңіз –  үлкен жеңілдік болыпты», – деді Сейфідін мырза. «Аустралияға келіп жатсаңыз – міндетті түрде хабарласыңыз. Өзім күтіп аламын», – деген ниетін де жасырмады ол. Бір қызығы, қажылар мүмкіндік туа қалса, бір-бірімен танысып, телефон алмасып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құруға ыңғайланып тұрады. Тілі, түрі, ділі, ұлты басқа болғанмен, Исламдағы бауырмашылдық деген асыл ұғымды осындайда сезінеді екенсің.                    

 

«Рұқсат жоқ»


Біздің топ бірінші Мәдина қаласына табан тіреді. Қонақүйде бәрі тамаша. Тамақ уақытында, мешіт таяқ тастам жерде. Үш күн аялдап, Меккеге жол тарттық. Сынақ осы жерден басталды. Қалада кептеліс, ал әл-Харам мешіті ұзақ. Мекке маңындағы Мина жазығында, яғни шатырда үш күн түнедік. Барлық жерде кезек: дәретханада, шай берілетін орында, автобуста, т.б. «Қонақүйдің қадірі-ай» дейміз іштей. Қонақүйде тұрғанда уақытында әзірленбей қалған шайға бола мазасыз күй кешкеніміз үшін өзімізден өзіміз ұялып кеттік.


Шатырда түнеу – шыдамдылықты талап етеді. Күннің аптап ыстығы салқындатқышқа (кондиционер) дес бермейді. Оған да шүкір етпеген пенде Арафатта сыналады. Онда көңілге медеу болатын салқындатқыш та жоқ. Жағдай «нашарлай» бастайды. 45 градус ыстыққа қорған болған шатырдың барына шүкір етесің. Арафат даласында тұру – қажылықтың басты парыздарының бірі. «Қажылық ол – Арафат», – деген хадис бар.    

Ақшамға дейін жалғасқан дұғадан кейін қажылар Мұздалифа жазығына жүреді. Автобустарға тыным жоқ. Адамдарды таңға дейін тасымалдайды. Мина, Арафаттан кейін Мұздалифа жазығында адамның «тәкаппарлық» дейтін дертіне «ем» жүре бастайды. Өйткені, тақыр жерге, тасты жерге түнеуге тура келеді. Түнеу дейміз-ау, қажылардың соңғы легі таңға дейін Мұздалифаға жеткізілгенін көрдік. Көз шырымын алмастан жаяулатып Жамаратқа шайтанға тас лақтырауға жүріп кетті. Әрине, ихрам хәліндегі пенде мұның бәрін «түсіністікпен» қабылдайды. Себебі, ашулануға, мазасыз күй кешуге немесе осынау кезек пен абыр-сабыр, қарбалас жағдайларға наразылық білдіруге «рұқсат» жоқ. Сол «рұқсат жоқ» деген түсінік түйсікті әбден билеп алған.

Мұздалифадағы тасты жерге кеудесін төсеген әлжуаз, пақыр, шарасыз пенденің Алла алдындағы жай-күйі, ахуалы айқындала түседі. Өткінші қызыққа рахаттанған асау нәпсі езіліп, құлдық ұрады.  

 

Шайтанға тас лақтыру рәсімінен алатын сабақ көп. Біз мұны жағымсыз мінез бен ұнамсыз амалдарды сол жерге тастап, таспен атқылап кету деп ұғындық.

Таудың етегіне түнеген адам осыдан кейін төменде төсеніші, төбеде шатыры бар Мина жазығын аңсайды. Адам баласы бардың қадірін жоқ кезінде біледі екен. Минадан кейін сап-салқын қонақүй – нығметтің нақ өзі дерсің. Тақыр жерден жұмсақ жиһазға жатудың өзі бір ғанибет. Алла Құранда адам баласын шүкірі аз, сабырсыз деп сипаттауының мәні бар. Сәл сынақ келсе, сыр беріп қаламыз.

Қажылық – сабыр мектебі. Түрлі сынақтар пайда болғанда пенде шайқалып қалмау үшін оның иманы ғана көмекке келеді. «Иманым менің – жиғаным» дегені осы шығар.

Қажылықты өтеуге жалғыз ниеттің өзі жеткіліксіз. Қажылық – ізгі ниетпен, денемен, амалмен, бар болмыспен, қаржымен атқарылатын ұлы  құлшылық. Сауабы мол сапарда денсаулықтың жақсы болуы да аса маңызды. Қажылыққа рухани тұрғыдан дайын болған адам тәннің саулығын да ескеруі тиіс.

 

Өлімі де – өнеге...

Биылғы қажылық ауыр сынақтарымен, қиындықтарымен есте қалды. Кран құлап, 100-ден астам адам мерт болды. Мина жазығында орын алған адам кептелісінен 700-ден астам қажы көз жұмды. Әрине, бәрі Алланың қалауы ғой. Қазақта: «Құдайсыз қурай да сынбайды», – деген әдемі сөз бар.

Мына бір жағдайды айтпай кетпеске болмас. Кувейттік шейх Омар Халифа аш-Шайиджи әлеуметтік желіде ғибратты мысалмен бөлісіпті. Ғалым кран құлап, дүние салған мысырлық мұсылман жайлы әңгімелейді. Ол ұзақ жылдар бойы қажылыққа қаржы жинайды. Ұлы сапарға шығу үшін барлық мүлкін сатуға мәжбүр болыпты. Тіпті, өмір бойы жиған-тергеніне сатып алған жер телімін де саудалауға шешім қабылдайды. Адамдар: «Бәрін сатып бітірдің, енді қызыңа неңді қалдырып бара жатсың», – дегенде: «Оған Алланы тапсырдым. Ол – Жарылқаушы, бәрінен Ұлы», – депті. Мысырлық қажы қасиетті мекен – Меккеде жан тапсыруды армандапты және қайтыс болған жағдайда сол жерде жерлеуді өтінген. Алла аузына салды ма, шынайы қалады ма, әйтеуір тілегі орындалыпты: кран құлап, көз жұмғандар арасында әлгі адам да болған.

Сауд Арабия Корольдігі қайтыс болғандардың туыстарына 2 млн. фунт (шамамен 270 мың АҚШ доллары) өтемақы төледі. Қайтыс болған мысырлық қажының қызы да осы қаржыны алды. «Ол Аллаға әділ болды. Алла да оған әділ болды», – деп жазады кувейттік ғалым. Иә, өзінің өлімі арқылы өнеге қалдырды. Раббымыз рақымына бөлесін.

 

Сөз соңы


Қызметін, көлігін, бала-шағасын, малын, бүкіл туысқандарын ел тастап, жалғыз жолға шығып, Жаратушының шақыртуын қабыл алған пенде екі құлаш матаға оранып, Алланың алдында күнәлары үшін жарылқау тілейді, өкінген күйде кешірім сұрайды, іштей есеп беріп, Онымен сырласады. Қате-кемшіліктер мен жасаған күнәларың үшін өзіңді жеп қоя жаздайсың, ұялған түрде алақан жайып, дұға жасайсың. Оны қайталамауға уәде бересің. Ал жасаған жақсылықтарың мен ізгі амалдарың үшін үмітпен тілек тілейсің. Қажылық – Алла мен адамның арасындағы сырлы сұхбат іспетті.


Арафат, Мина, Мұздалифа жазығындағы мұсылманның жағдайы – махшар алаңын тағы бір рет еске түсіргендей. Бұл ертеңгі күні ешкім жасаған жақсылығын өзгеге бөліп бере алмайтын, пендені тек иманы ғана құтқаратын сәтті баяндаса керек. Осылайша, қажылықтан қайтқан адам өмірге қайта келгендей күй кешеді... Жерлестеріміздің қажылығы қабыл болсын!    

 

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ баспасөз хатшысы

Астана – Мекке – Астана

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру