Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Әбу Ханифа мен Византия елшісі

30.07.2015 5115 0 пікір

Бірде Византия императоры өз елшісін Куфаға, мұсылман ғалымдарына үш сұрақ қоюға жібереді.

Қалаға келгеннен кейін әлгі елші халифке өзін оның ғалымдарына сұрақ қою үшін император жібергенін жеткізеді. Сонда халиф қаланың бар даналарын шақыруды бұйырады.

Император елшісі жоғары жерге шығып: «Аллаға дейін не болды? Алла Тағала қайда қарайды? Қазір Алла не істеуде?» — деп дауыстайды.

Жиылғандар мұны естіп үнсіз қалады. Қалың топтың арасынан әкесімен бірге келген жасөспірім жігіттің дауысы шығады. Әкесі мен халифтен рұқсат сұрап бозбала алға шығады.Елші жас мұсылманға өзінің «Аллаға дейін не болды?» деген бірінші сұрағын қайталап қояды.

Бірақ бозбала: «Сіз санау білесіз бе?»-дейді. Нақты жауап алғаннан кейін жас жігіт елшіге: «Оннан кері қарай санаңыз»-дейді.

Византиялық елші бірге дейін санап тоқтап қалады. Жас жігіт: «Бірдің алдында не бар?»-деп сұрайды. Елші таңқалып: «Бірдің алдында сан жоқ»-дейді.

Сонда жас жігіт: «Арифметикалық бірліктің алдында ештеңе жоқ болғаны сияқты, Хақ Алланың алдында не болғаны туралы қалай ойлай аласыз?»-дейді.

Елші мұндай жауапқа таңқалып: «Алла Тағала қай бағытқа қарап тұр?» — деп екінші сұрағын қояды. Жас жігіт: «Шам жаққанда оның жарығы қай бағытқа қарап тұрады?»-дейді.

Елші: «Шамның жарығы төрт жаққа бірдей түседі. Ол бір бағытқа қарап тұрмайды»-деп жауап қатады.

Сонда бозбала: «Егер сен шамның жарығы төрт тарапқа бірдей қарап тұратынын мойындасаң, онда біліп қой, Көк пен Жерді жаратқан Алла Тағала барлық бағытты көріп тұрады»-дейді.

Көңілі қалған елші, оған үшінші сұрақты қоюға ыңғайланады. Сол кезде жас жігіт: «Тоқта! Сен сұрақтар қойып жатырсың, ал мен жауап берудемін. Орнымызды ауыстырайық, сенің сұрақтарың сияқты менің де жауаптарым анық естілсін»-дейді. Елші оның айтқанына келісіп, мінберді жас жігітке беріп: «Қазір Алла не істеуде?»-деп соңғы сұрағын қояды.

Бозбала: «Қазір Алла Тағала Исламға күлмекші болған өтірікшінің елдің алдында абыройын түсіріп, Оның Хақтығына шәк келтірмеген өз құлын жоғары көтерді»-дейді.

Византиялық елшінің өз императорына қайтудан басқа амалы қалмайды. Ал оның сұрақтарына жауап берген жас жігітті жұрт Нуман атайтын. Кейін ол әлемге белгілі ислам ғұламасы Әбу Ханифа атанады.

Әмина Омарова,

Қарағанды облыстық орталық мешіті

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру