Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Бір уыс ұн

10.07.2015 4793 0 пікір

Әй, өмір-ай!

Пенденің басына не келіп, не кетпейді?!

Айтайын деп отырғаным да – сондай бір қиын заманның оқиғасы. Алқымнан алған ашаршылық ел-жұрттың еңсесін әбден түсіріп, қарайған төбешіктерде қабірдің көбейген кезі. Міне, сол бір сүркейлі тұста бір жанұя тіске басар түк таппай, аштықтың құрсауында қабырғалары қабысып, ішектері жабысып, өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан-ды. Бала-шағасының көз алдында көз жұмуын қаламаған отағасы, өз етін балаларына азық етуге шешім шығарады. Сөйтті де, әйеліне өзін өлтіріп, денесін есік алдындағы қарға көміп қойып, балаларына көктемге дейін талғажау етуін айтып, көктем келген соң шөптің тамырын қазып жеп күн көріп кетесіңдер деген кеңес береді. Сонда әйелі күйеуінің кеудесіне маңдайын сүйеп, жылап тұрып: “Бүгін баларыңыз аштықтан аман қалар бірақ ертең “бұлар әкелерінің етін жегендер” деген жаман ат аштан өлгеннен де жаман ғой!” деп егіледі. Ал, балалары өздері өлім аузында тұрсада: “Онанда өлгеніміз жақсы, әкешім, біз сізді қалай өз қолымызбен өлімге қиямыз?! Өйтіп тірі қалғаннан өлгеніміз артық” –  деп әкелерінің айтқан бұл ұсынысынан бас тартады. Көзінің жасы көл болып шарасыз әке аш құрсақ балаларын құшаққа алады.

Ия, бұл дегеніміз: “Жаным – арымның  садақасы” деп ұятты өлімнен де биік қойған рухты елдің әліде болса бұғанасы қатпаған, қаршадай балаларының есті әрекеті еді.

Апталап қапалақтаған қалың қар ауланы басып қалған. Аштықтан дәрмені құрып, әлдері кеткендіктен қарды тазартуға да шамалары келмеген-ді. Осындай халге түсіп, үміттері ұзілген олар отағасынан бір амалын табуды өтінеді. Не істерін білмей тағаты таусылған отағасы төңірекке көз тастап тұрып, кенет қардан тазартылған көршісінің ауласына көзі түсе қалды. Қарды күреуге күштері келгеніне қарағанда, жеуге боларлық бұларда бірдеңе бар-ау, деп топшылаған ол, көршісін тонамақшы болады. Сөйтіп, қолына қара қанжарын алып, көршісінің үйіне барады да, оларға қолындағы қаруын кезеп тұрып: “Үйлеріңде жеуге боларлық не бар? соны шығарыңдар, болмаса бауыздап өлтіремін!”, – деп қорқытады. Тірі қалу үшін ештеңеден тайынбайтынын түсінген көршілері қаптың түбінде қалған бір уыс ұнды қолына ұстата салады. Осы олжаларын төбесі көрінген көктемге дейін шымшымдап жеткізген жанұя аштықтан аман қалады.

Айналайындар-ай, өрімдей болып алып, өздері өлім халінде тұрса да, өз өмірлерін әкелерінің өмірінен биік қоймады. Өлімді қасқая күтуге дайын болды. Ал, біздің қоғамымызда кейбір ата-аналарын қаңғытып қуып жіберетіндер, тіпті, жауыздықпен өлтіріп жатқандар да жоқ емес. Болмашы бір дүние немесе пәтер үшін арсыздыққа барып жатқандардың басына осындай ашаршылық келсе не істер еді?!

Әттең, әттең!!!

Ақыреттегі азапты білсе ғой, шіркін! Істемек түгілі, ешқашан ондайды ойламас та еді сол адамдар. 

Бірлік ТОҚАЙ

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру