Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Имансыз келіп, мұсылман болды

04.02.2015 4550 0 пікір

Хазіреті Әлиге (р.а.) бір кісі келді. Бұл келген кісі өлімнен кейін қайта тірілуді, ақырет күнгі есеп беруді, жәннат пен жәһаннамды жоққа шығаратын жан еді. Әйтсе де, ол жәй келмеді.

Ел арасында «ілім қақпасы» атанған ардақты сахаба хазіреті Әлиді (р.а.) сөзден жықпақ болып:

- Ей, Әли! Осы сендер мұсылмансыңдар. Өлімге және өлімнен кейінгі жағдайларға иман етесіңдер. Ал, біз болсақ мұндайларға ешбір иман келтірмейміз. Сен жәһаннамнан құтылып, жәннатқа кіру үшін көп-көп ғибадат жасайсың, қала берді мал-дүние жұмсайсың, осының барлығында әжептеуір қиыншылық көресің. Осыншалықты қиналу маңызды ма еді? Егер сен айтқандай өлімнен кейін қайта тірілу болмай қалса, онда не істейсің? – деді.

Хазіреті Әли (р.а.) имансыз адамның ақылсыз қойған сауалын үнсіз тыңдады, сосын оған:

- Жақсы, өлімнен кейін қайта тірілу, есепке тартылу, жәннат және жәһаннамға кіру сенің айтқаныңдай жоқ делік. Алайда біздің сенімде бұлардың бәрі бар. Алдымен сенің айтқаныңды дұрыс деп көрелік. Өлімнен кейін ақырет күні жоқ болса, сені мен біздің халіміз бірдей болмақ. Яғни, пайда саған да, маған да жоқ. Бұл дүниеде жүріп Алла үшін оқыған намаздарымыз, жасаған құлшылық-ғибадаттарымыз, жақсылық істеріміз, көркем әдебіміз, берген зекетіміз бен садақаларымыз бізге пайда әкелмесе ешбір зиянын тигізбейді, - деді. Сөйтті де:

- Бірақ, біздің айтқанымыз дұрыс болып ақырет бар болса, ол кезде сенің халің не болмақ? – деп өзіне тосыннан сауал тастады. Әлгі кісі хазіреті Әлидің төтеннен қойған сұрағына кәдімгідей тосылды. Сосын кідірді, бір сәт ойға шомды сосын:

- Аллаға ант етемін. Екі жағдайда да сөзсіз сен үшін пайда бар. Егер сен айтқандай ақырет бар болса, менің халім нендей өкінішті?! Өзің жүрген тура жолды маған үйрет, мен де мұсылман болайын», - деді де оңды сауал нәтижесінде иманға бет бұрды.

Дайындаған Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру