Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Намаздың ұлылығы

16.12.2014 4489 0 пікір

Әбу Осман (р.а.) былай дейді: «Салман Фарисимен (р.а.) бірге бір ағаштың саясында отыр едік. Бір уақытта Салман әлгі ағаштың бұтақтарының бірін ұстап тұрып, оның жапырақтары төгілгенге дейін сілки бастады.

Кейін маған қарап: «Ей, Осман! Мұны не үшін жасағанымды менен сұрамайсың ба?» - деді. Сосын мен: «Жарайды, айт! Неге бұлай жасадың?» - дедім. Ол маған былай деді: «Бірде хазіреті Пайғамбармен дәл осы ағаштың саясында отырған едік. Ол кісі ағаштың бір бұтағын жапырақтары жерге төгілгенге дейін сілкіп, сосын: «Ей, Салман! Мұны не үшін істегенімді менен сұрамайсың ба?» - деді.

Мен де дереу: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Бұлай неге жасадыңыз?» - деп сұрадым. Ол кісі маған былай бұйырды: «Бір мұсылман жақсылап дәрет алғаннан кейін бес уақыт намазын оқыса оның күнәлары мына ағаштың жапырақтары сияқты жерге төгіледі». Мұнан соң ол кісі «Һұд» сүресінің 114-аятын оқыды: «Күндіздің екі бөлігінде (таң, түс ауа (бесін) және күннің қайтар уағында (екінті)) және түнге жақын уақыттарда (ақшам және құптан) намазын толық орында. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды жояды. Бұл түсінушілер үшін бір насихат».

***

Хазіреті Әли (р.а.) былай дейді: «Бір күні мешітте Пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге намаз уақытын күтіп отырғанбыз. Сол уақытта бір адам келіп: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Мен бір күнә істеп қойдым», - деді. Хазіреті Пайғамбар оған еш жауап қатпады. Намаз оқып болғаннан кейін әлгі адам пайғамбарымызға сұрағын қайталап қойды.

Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен бізбен бірге намаз оқыған жоқсың ба, осы намазға жақсылап дәрет алмадың ба?» - деп сұрақ қойды. Сауалына жауап алғысы келген адам: «Иә», - деді. Аллаһтың Елшісі оған қарап: «Міне, бұл оқыған намазың жасаған күнәларыңды жоюшы (кәффарат)», - деді.

***

Бір кісі Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Маған айтасыз ба?! Егер мен Алладан басқа Құдай жоқ екеніне және сіздің Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) болғаныңа куәлік етіп, бес уақыт намазымды оқып, зекетімді беріп, Рамазан оразасын тұтсам және оның ақысын толығымен өтесем қандай топтан боламын?» - деп сұрағанда, Аллаһтың Елшісі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Шәһиттер мен шыншылдардың қатарынан боласың», - деп жауап қайырған екен.

Қайырбек Отызбаев,
"Иманғали" орталық мешітінің наиб имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру