Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Сауабымнан айырмашы

17.11.2014 4397 0 пікір

Алматы облысының Сарыөзек кентіне жақын ауылдардың бірінде тұрмыстық жағдайы ортадан да төмен бір отбасы тіршілік етеді. Өйткені – отағасы мүгедек, оның үстіне көп балалы. Отағасының есімі  - Арман, ал жұбайы – Маржан. Кезінде Арман ел қатарлы  жігіттердің бірі болған. Қызметі ауылдағы жалғыз электрик. Бірақ өкінішке орай, басына түскен тауқымет  оның тағдырына жазылыпты. Қуатты тоққа түсіп, екі қолы күйіп қалған соң, амал жоқ иығының тұсынан дәрігерлер кесіп тастаған. Дәл қазір осы отбасы мүгедектерге арналған аз ғана жәрдемақы мен ауылдың ұсақ тірлектерін істеп, өлместің күнін кешуде. Балаларына да қиын. Мектеп шамамен екі шақырым жерде орналасқандықтан, қыстың күні  оған барып келудің өзі мұң.

Бір таңғаларлығы бұл үйде қайғырып жүрген ешкімді байқамайсыз. Бәлкім, отбасында мұсылманшылық тәрбие басым болғандықтан  шығар. Өйткені күйеуі де, әйелі де намаз оқиды. Бірде осы үйдің иелерімен бірге қонақта, дастарқандас болдым. Өзі мүгедек отағасы мен оның күтімінен қолы босамайтын әйелі екеуінің әңгімесіне  құлақ түрсем, өмірдегі ең бақытты жандар  өздері сияқты. Отағасы әңгімесінің арасында: «Мені көп пенделерден артық еткен Аллаға мың да бір шүкір» деп отырды. Екі қолы иығынан жоқ, мүгедек пенденің бұл шүкіріне өз басым қатты таңғалып, одан: «Сіз қандай мағынада бұл сөзді айтып отырсыз, өзіңізге қарасам екі қолы жоқ  мүгедексіз, табысыңыз да шамалы…» деп сұрадым. Өзінің  намаз оқығаны болмаса, діни сауаты да шамалы көрінді. Тіпті, өздерінің жеке үйлері  де жоқ. «Бәлкім, ол қателесіп басқа мағынада шүкір айтқан шығар» деген ой келді маған. Менің сөзімді мұқият тыңдаған ол кісі: «Алла пәк! Сіз қызық екенсіз, бұл өмірде   қаншама көзі көрмейтін пенделер бар, олардың арманы мына жарық дүниені бір рет көру, тамаша табиғатқа  тамсанып қарау.  Мен қанша қарағым келсе, сонша қараймын, Алланың шеберлігіне зер салып ләззат аламын. Әрине, мен олардан артықпын ғой» деді.  Бұл сөз шынында маған ой салды. Одан кейін тағы да маған  қарап: – Бауырым, қаншама құлағы естимейтін жандар бар, олар адамдардың сөздеріне ынтық, бір рет естуге зәру.  Ал мен болсам барлық адамдардың дауысын, сөздерін, балаларымның жылағанын, қуанғанын, күлгенін естимін, жауап қайтарамын, біле-білсең бұдан асқан нығмет бар ма,  менен бақытты кім бар?, – демесі бар ма?! Мен сасқанымнан басымды изей  бердім. Ойпырмай! Өзімді діни сауатты деп  жүрсем… Мына адамға қойған сұрағымның түрін көрмейсіз бе? Әдеттегідей, маған мұңын шағатын шығар, соны пайдаланып уағыз айтып,  сауап алам деген ниетте едім. Керісінше  өзім уағыз тыңдап… Маңдайымнан суық тер бұрқ етті.

Әйелі күйеуінің аузына мәпелеп тамақ салып  отыр. Күйеуі әйеліне нені жегісі келетінін білдіріп, көзбен ғана ептеп ымдайды. Әбден дағдыланған әйелі әуелі күйеуін тамақтандырады екен. Балапан сияқты  аузына апарады,  кейін  өзі жеген болады.  Сол сияқты шайды да қолымен ұстап отырып ішкізеді. Басқасы-басқа күйеуі әжетханаға барғанда бірге еріп барып, жас баладай отырғызады, шалбарын түзейді, қолма-қол өзі дәрет алғызады.  Өйткені, дәретсіз намаз оқылмайды ғой. Кітап оқимын десе алдына келіп ұстап тұрады. Кіп-кішкентай  ғана әйел. Жүзінен бақыт шуағы есіп тұр.   Жаратқан  ием  пендесінің жүрегіне осындай да шаттықты салып қояды екен-ау?!  Ешкімге, еш жанға мұңын шақпайды. Күйеуінің атын да атамайды. «Менің батырым» немесе  «Біздің батырымыз»  дейді. Ептеп себебін сұрадым. Жауабы да қызық:  Отағасы мені және балаларын асыраймын деп жүріп, тоққа түсті ғой, бұл адам біз үшін «Батыр» емей немене?,– деп шаттанғанда бұл дүниеде   осы  әйел үшін  кемтар күйеуінен артық адам жоқтай көрінді.

Құдайым-ай, дені сап-сау, әп-әдемі күйеуіне күніне бір рет: «Саған тиіп қор болдым, саған келгелі жақсылық көрмедім» деп, зар еңірейтін әйелдер барын бір сәт ойлағанда, бұл кісіні  әулие шығар деп қаласыз. Баршылықта бәрі жақсы, адамның кім екені жоқшылықта байқалады ғой.  Өмірде мынадай әйел бар деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті.

Күйеуін дәреттендіріп жатып: «Аллаға  мың шүкір, менің сауабым өзімнің үйімде, Алла маған жәннатты несіп ететін шығар…» деп қояды (Уа, Алла тағала! Осы әйелге жәннатты нәсіп етші!). Осы жағдайдан кейін қатты толқыдым. Нағыз мұсылманшылық деген осы деп ойладым. Осындай  отбасына қолыңнан келгенше  қайырымдылық  жасау сауаптың үлкені шығар деген де ой келді.  «Отағасына  өзі дәрет алатындай жасанды қол неге салып бермеске» деген ой басыма сап ете қалды. Көз алдымнан қалталы мұсылман бауыр-ларым тізбектеліп өтіп жатты. Кімге айтсам екен?!.. Жоқ. Әуелі бұл кісілердің өздерінен сұрап көрейінші!

Содан шын көңіліммен лепіріп тұрып әйелге қарап:  «Күйеуіңізге протез қол салып беретіндей адамдар іздеп тапсам, қалай қарайсыз?»,–деп қойып қалдым. Құйтақандай әйелдің екі көзі жасаурап, маған ұзақ қарады. Келісетін шығар деп мен тұрмын. Осы сауаптан айырылмасам екен… Әлден соң әйел: «Рахмет, бауырым, өмір мәңгілік емес ғой,  соңына  дейін шыдаймын, күйеуіме жасанды қол салып берсеңдер, мен сауабымнан айырылып қалмаймын ба? Мені сауабымнан айырмашы,  қалқам?!» деп жылады. Ол кісіге қосылып мен де жыладым...

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру