Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Сенің дініңді қабыл етемін

06.11.2014 4363 0 пікір

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар аса жомарт әрі қонақжай еді. Күн сайын қонақ күтуді жаны қалайтын. Осы қалауы орындалса өзін бақытты сезінетін-ді. Хазреті Ибраһимның (ғ.с.) осы қасиетіне бола Алла Тағала дастарханын берекелі етіп қойды.

Бір күні кешкісін Оның (ғ.с.) үйіне жасы жетпістен асып қалған қауға сақалды бір ақсақал келеді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар әдеттегідей ештеңе сұрастырмай-ақ ерекше бір ықыласпен күтуге кіріседі. Кешкі ас дайын болғанша қонағын әңгімеге тартып, жөн сұрасып танысады.

Бір-біріне кезектесе сұрақ қоя отырып, әңгіменің қызығына түседі. Пайғамбар (ғ.с.) қонағының пұтқа табынатынын байқап, біраз іркіліп қалады. Аз ғана уақыттан соң: «Ақсақал! Мен Алла Тағаланың жіберген елшісімін, Адамдарды Аллаға құлшылық жасауға шақырамын. Мен сені қонақ етіп, сыйлағанымды қаласаң,  менің дінімді қабылдауың керек»,–деді.

Қонағы қарсылық білдіріп: «Ренжіме! Маған бір рет тамақ берді екен деп жетпіс жыл бойы ұстанып келген дінімді өзгерте алмаймын», - дейді де орнынан тұрып, үйден шығып кетеді.

Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Жәбірейіл (ғ.с.) арқылы: «Ей, Ибраһим! (ғ.с.) Бір күн қонақ еткеніңді міндетсініп, оған дініңді өзгерт деп қалайша шарт қоясың? Маған құлшылық етпесе де оны жетпіс жыл бойы ризықтандырып келемін», – деп айтқызады.

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Раббысынан ескерту алғанына қатты қайғырып, әлгі қарияны қуып жетіп: «Раббым, саған шарт қойғаным үшін маған ескерту жасады. «Сен менің жетпіс жыл бойы тамақтандырып келген адамыма, бір күн тамақ беріп,  дініңді өзгерт деп шарт қойғаның қалай?» – дегенде қатты ұялдым», – деп түсіндірді.

Пайғамбардың (ғ.с.) айтқандары қартқа қатты әсер етті. «Рас айтасың ба? Раббың мен сияқты қарапайым біреу үшін саған ескерту жасаса, Ол нағыз Тәңір екен. Мен сенің дініңді қабыл етемін», – деп Аллаға иман келтірді. 

Дайындаған Файзулла Тайтелиев

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру