Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Әке деген кім?

30.10.2014 6775 0 пікір

Профессор өзі лекция оқып жатқан магистранттарға «Әке деген кім?» деген сұрақты ортаға тастады. Берілген жауаптан әркімнің өз әкесіне деген қарым-қатынасы белгілі болатын. Араларында өте жақсы және өте қарапайым жауап бергендері де бар еді. Соның ішінде профессорға қатты әсер еткені әрі есінде қалып қойғаны төмендегі жауап болатын.

Әке – сен оның аяқ киімін киесің, бірақ оның аяқ киімі үлкен, ал сенің аяғың кіші болғандықтан ептей алмай құлап түсесің.

Сен оның көзілдірігін киесің, бірақ көзілдіріктің өзіңе үлкендігін сезесің.

Сен одан көлігінің кілтін сұрайсың. Өзіңді әкең орнында сезініп, машинаны басқармақшы боласың.

Ойыңа бір сұрақ келіп, әкеңе қоңырау шаласың, әкең шаруасынан қолы босамаса да, сенімен әңгімелеседі.

Жұмыстан үйге келгенде сені бауырына басып, мейірлене құшақтап, маңдайыңнан иіскеп сүйеді. Бірақ сен оны біле бермейсің. Сол күні әкең түрлі ескерту алған болуы мүмкін, серігі көңілін қалдырған болуы мүмкін, сендердің нәпақаларыңды тауып келу қиынға соққан болуы мүмкін.

Ол жұмыстан келісімен «әке маған ақша берші тәтті алайын» дейсің. Ол: «Ботақаным, ертең жұмыстан қайтарда өзім алып кеп беремін», - деп жауап береді. Ертеңіне тынымсыз жұмыс жасап, ыстыққа күйіп, көптеген адамдармен кезігіп,  әбден шаршап жүріп, сенің сұраған нәрсеңді ұмытып кетеді. Ал сен: «Әкешім тәтті алып келдіңіз бе?» - деп сұрайсың. Сонда ол шаршағанын да ұмытып, саған тәтті алып келу үшін аяқ киімін қайта киіп көшеге шығып кетеді. Жарайды осы жерден тоқталайық...

Енді бүгін сен өстің, бой түзеп ер жеттің. Бұрынғының бәрін ұмыттың.

Сөйтіп асқар таудай әкеңнің аяқ киімін ескірген деп кимейсің.

Оның киімдерін, пікірлерін, көлігін ескірді, модадан қалды деп менсінбейсің. Себебі сен достарыңа жақсы көлік мініп мақтанғың келеді, бірақ оның көлігі мақтануға келмейді.

Оның әңгімелері де саған ұнамайды.

Оның қалтыраған қолы мен жасаған әрекеттерінен ұяласың.

Үйіңе жора-жолдастарың қонаққа келсе, араларында әкеңнің отырғандығы сені қинап, көздері әкеме түспесе екен деп қынжылып отырасың.

Жұмыстан кешіксең уайымдап, саған қоңырау шалады. Әкеңнің қоңырауы жұмысыңа кедергі келтіріп, сені мазалап жатқандай көрінеді. Қай-қайта қоңырау шалса, кейде жауап та бермей қоясың.

Үйге кеш келгеніңде өмірге жауапкершілікті болуың үшін ұрысса (біліп қой, ол саған әлі де тәрбие беруді жалғастырып жатыр, өз жауапкершілігін сезініп жатыр, ол саған жауапты адам. Ал әрбір жауапты адам өз қол астындағыларына жауапкершілікпен қарайды), сен оған дауыс көтересің, ауыр сөздеріңмен жүрегін ауыртасың. Бірақ ол үндемейді. Жоқ, сенен қорыққаннан емес, сенің берген жауабыңа таң қалғандықтан үнсіз болады, себебі сенен ондай жауап күтпеген еді.

Әкең өзің секілді күш-қайраты бойында бар жігіт шағында сені иығына салып жүруші еді, ал сен қазір оның төбесінен қарайтындай бойшаң болып өстің.

Кеше ғана сен әрең-әрең сөйлеп, «ыр»-ға тілің келмеуші еді. Бүгін сені ешкім сөзіңнен жаңылыстыра алмайды. Сол күнді ұмыттың ба әлде өзіңді ұмытқанға салып жүрсің бе?!

Саған қаншама ауыр сөздер айтса да, сені қаншама мазаласа да, сені қанша ұрысса да – сен үндеме, үнсіз бол! Себебі ол сенің әкең!!!

Сен сәби шағыңда, ешнәрсені білмейтін кезіңде бауырына салып көтеріп жүргеніндей енді сен де оны сырқаттанғанында, кәрілігінде көтеріп жүрсеңші! Оған қолыңнан келгенше, бар жақсылықты жаса! Сенен басқалар дүниеден озған әкелерін бір рет көрер ме екенмін деген арманмен өмір сүреді.

Бір кісі менен «Кімді жақсы көресің?» - деп сұрады. Оларға былай жауап бердім: «Менің дүниеге келуімді тоғыз ай күткен, туылғанымда әлемге сыймай, мені үлкен қуанышпен күтіп алған, қартайып, сырқаттанып қалғанға дейін тәрбие берген адамды жақсы көремін. Ол сондай адам, оған деген махаббатым жүрегімде мәңгі қалады. Барша адамдардан кешірім тілеп осыны айтқым келеді – ешкім менің әкеме ұқсамайды!!!»

Аллаһым, әкелері дүние салғандардың әкесін кешіріп, рақымыңа ал, жайларын жәннәт ете гөр! Аллаһым, әкелері тірілердің өмірлерін ұзақ қыл, қиыншылығын жеңілдет және ойламаған жерден ризықтандыр және өз рақымыңа бөле! Әмин!

Иә, біз әкесіз ешкім емеспіз. Олар болмағанда біз де болмаушы едік. Сондықтан қадірін білейік. Құл сияқты олардың қызметіне дайын тұрайық. Бір күн келіп иісін иіскеуге, басқан ізін көруге зар боламыз. Осыны ұмытпасақ болғаны.

Жандос АЙТБАЙ, 
"Нұр Астана" орталық мешітінің найб имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру