Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Сіз кімсіз?

06.08.2014 4796 0 пікір

Мекке маңында елден жырақ үнемі мал бағатын бір жас бала бар еді. Аты Абдуллаһ ибн Масғуд болатын.

Бірде ол күндегі әдетінше қой жайып отырып анадай жерде өзіне қарай жақындап келе жатқан екі жолаушыны көрді. Жақындаған сайын олардың шаршағаны әрі қатты шөлдегені байқалды. Екеуінің де тамағы кеуіп, еріндері жарылып кетіпті.

– Әй, балақай, қаталап өліп барамыз, бізге сүт сауып берші, таңдайымызды жібітейік, – деп өтінді олар таяп келіп.

– Бұл аманат мал, менікі емес, – деп жауап қатты бала. Бұл жауапқа риза болған екі кісінің бірі:

– Онда маған қысыр да болса бір қойыңды алып келші? – деді.

Бала жақын тұрған арық бір қойды көрсетті. Әлгі кісі күбірлеп бір сөздерді айтты да, қойдың желінін қолдарымен сипалай бастады. Сөйткенше болмай әлдеқашан суалып кеткен қойдың желіні тырсиып, сүт шыға бастады. Ештеңеден хабарсыз бала бұған сенер-сенбесін білмей таңырқап:

–  Жаңағы айтқан сөздеріңізді маған да үйретіңізші? – деді. Бейтаныс кісі күлімсіреп:

–  Сен ол сөздерді міндетті түрде үйренесің, әрі өскенде ғалым боласың, – деп жауап берді.

Ол кісі пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болатын. Досы Әбу Бәкірмен (р.а.) екеуі бір жаққа жолаушылап бара жатқан еді.

Жас бала кейіннен Ислам дінін қабылдады. Өскенде расында да үлкен ғалым болды. 

 

Қ.БАҒАШАР

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру