Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Ең әдемі қайсысы?!

04.08.2014 5064 0 пікір

Ертеректе атағы әлемге жайылған  бір патшаның ай десе аузы, күн десе көзі бар әсем қызы болыпты. Қыз бой жетіп, тұрмыс құрар шақта, ешкімді менсінбей жүре беріпті. Көрші елдің ханзадалары  мен  бай-манаптың  ұлдарын да ұнатпай, мұрнын шүйіріпті.

Түр әлпеті келіскен бір кедей жігіт те патшаның қызына ғашық болып,  қызды сұрай барғанымен, босағасына да  жолатпапты.  Көңілі қалған жігіт басқа елге қоныс аударып,   күні-түні еңбектеніп, істің көзін тауып, байып кетеді.   Арада біраз уақыт өткен соң, ол елге қайта оралады. Патша қызының күйеуге тигенін естіп, оны үйіне іздеп барады. Сұрастыра жүріп,   қыздың үйін тауып алады. Қақпадан  енді ішке кіре бергенде  түсі адам шошырлық бір кісі  асығыс  үйден шығып кетеді. Ол  ұзап кеткеннен кейін жігіт есікті қағады. Қақпаны  баяғы  ғашығы  ашады. Жігіт  әлгі адамның патша қызының күйеуі екенін біліп,  оның себебін сұрайды.  Қыз жігіттің сұрағына жауап бермек болып, бақшаға алып келеді де:

– Сен осы жерден сұрағыңа жауап аласың. Маған  осындағы ең әдемі гүлді алып келші. Бірақ бір шартым бар.  Артқа жүрмейсің, тек алдыңдағыны аласың. Жігіт:

– Жарайды, келістік, – дейді де бақшаның ішіне кіріп кетеді. Әдемі гүлді таптым ғой дей бергенде алдынан одан да әдемісін көреді. Сол гүлді ала бергенде, келесісі көзіне шалынады. Осылайша  бақшаның шетіне шығып кеткенін  байқамай қалады... Амалы құрыған ол ең шеттегі солып қалған гүлді алуға мәжбүр болады.

– Міне! Енді түсінген шығарсың, әлгі адамды неге таңдағанымды?! –деген екен патша қызы.

 Дайындаған:
Файзулла Тайтелиев

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру