Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Ақиқат пен қайсарлық

19.05.2014 5218 0 пікір

Бір заманда омаяттар әулетінен шыққан халифа Хишам ибн Әбдімәлік  қажылық парызын өтеу мақсатымен қасиетті Мекке қаласына ат басын бұрады. Халифа өзіне лайық хан сарайына орналасқаннан кейін, қызметшілеріне Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көзімен көрген сахабалардың біреуін болса да өзінің алдына әкелуді бұйырыпты. Алайда, қанша сабылып іздегенмен, нәтиже шықпайды. Өйткені, Пайғамбарды (с.ғ.с.) көрген сахабалардың барлығы дүние салған болатын. Бұл хабарды естіген халифа уәзірлеріне табиғиндерден біреуін табуға әмір береді. Ұзақ іздеудің нәтижесінде Тауыс әл-Ямани есімді табиғинді  патша сарайына алып келеді. Ол халифаға сәлем берместен, оның лақап атын айтпастан, (арабтарда пәленшенің әкесі немесе баласы деп айту кең тараған) және аяқ киімін шешпей еш рұқсатсыз алдына келіп:

– Қалайсың, ей, Хишам!?  – дейді.

Тауыстың мұнысына шыдамаған Хишам ибн Әбдімәлік ызадан жарылардай:

– Бұл не деген бассыздық! Мына менің алдымда бұлай істеуге қалай дәтің барды? Мен саған көрсетемін, көзіңе көк шыбын үймелетемін! Сені зынданда шірітемін!,– деп арыстанша ақырады.

Тауыс еш саспастан:

– Ей, мұсылмандардың әмірі, сен бұлай ете алмайсың! Сен Аллаһтың үйінде тұрғаныңды ұмытпа! – дегенде  халифа:

– Олай болса айт, неге бұлай істедің? – дейді әлі де ашуы  басылмаған халифа.

– Мен не істедім? – дейді табиғин. Халифа:

– Сен аяқ киіміңді төріме шештің, маған мұсылмандардың әмірі деп сәлем бермедің. Мені лақап атыммен атамадың және рұқсатымсыз отырдың, – деген екен. Сонда Тауыс былай деп жауап қайтарыпты:

– Сен маған аяқ киіміңді төріме шештің дейсің. Мен оны ұлы Жаратушы Раббымның алдында күніне бес мәрте шешемін. Ал, Ол мені бұл үшін айыптамайды және маған неге бұлай істедің деп ашуланбайды да. Ал, саған мұсылмандардың әмірі деп сәлем бермегенімнің себебі, адамдардың барлығы сенің әмір болғаныңа разы емес. Өтірікші болудан қорықтым. Ал, неге лақап атыңмен атамадым десең, Аллаһ тағала да пайғамбарларын: «Ей, Дәуіт», «Ей, Яхия», «Ей, Иса», «Ей, Мұса» деп атаған.

Тауыстың  жауабын естіген халифа басын төмен салбыратып, терең ойға шомады. Өзінің тәкәппарлыққа бой алдырып қателік жасағанын түсінген Хишам ибн Әбдімәлік Тауыстан кешірім сұрап, оған үлкен сый-құрмет көрсетеді.

 Дайындаған
Файзулла Тайтелиев

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру