Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Алла тағаланы білесің бе?

10.04.2014 5764 0 пікір

Бір күні Алланың сүйген құлы Абдуллаһ ибн Мүбәрак жолда кетіп бара жатып сонадайдан бір қора қой бағып жүрген баланы көзі шалады. Ішінен оған жаны ашып: «Кішкентайынан мал бағып өссе, үлкейгенінде Алла тағалаға деген ғибадатын қалай орындамақ?»-дейді. Сосын ойын жинап, «қой, одан ол балаға Алланы танытатын сабақ үйретіп кетейін» - дейді де, бағытын солай қарай бұрады. Жақындай келіп:
– Балам-ау, Алла тағаланы білесің бе?– деді Абдуллаһ ибн Мүбәрак. Бала да: 
– Құл қалайша өзінің иесін білмейді екен?!– деп шапшаң жауап қайыра қойды. Мұнан соң екеуара сөздері жарасып, әңгімелері одан әрі былайша өрбіді:
– Ал, айтшы, Алла тағаланы қалайша білесің?
– Мына бағып жүрген қойларыма қарап білемін.
– Бұл қойларға қарап Оны қалай білесің?
– Байқасаңыз, мына бір қора қой шопансыз өздігінен жүре алмайды. Оларға жем-суын беріп, қасқыр сияқты жыртқыштардан қорғап жүру үшін бір қадағалап жүретін адам керек. Осыған қарап айнала қоршаған он сегіз мың ғалам, оның ішіндегі адамдар, жындар, жан-жануарлар, мына ұшып жүрген қанатты құстар бір қорғаушыға мұқтаж екенін білдім. Осыншама сан алуан жаратылысты қорғап, қамқорына алған Алладан басқа ешкім емесі ап-анық. Алдымдағы қойларыма қарап, Алла тағаланы осылай білдім.
– Алла тағаланы қандай бейнеде түсінесің?
– Ешнәрсеге ұқсатпаймын.
– Оның ешнәрсеге ұқсамайтындыған қалай білдің?
– Тағы да сол көз алдымда жайылып жүрген қойларға қарап білдім. 
– Қалайша?
– Мен – шопанмын. Оларды бақылап, қорғаушысымын. Бұл қойларды әрдайым назарымда ұстап, қадағалаймын, әрі жауапкершілікпен қараймын. Қараңызшы, қойлар маған ұқсамайды, сол сияқты мен де оларға ұқсамаймын. Демек, қойшының қойларына ұқсамайтындығына қарап, әлбетте Алла тағаланың құлдарына ұқсамайтындығын осыдан түсіндім. Мұндай жауапқа тәнті болған Абдуллаһ ибн Мүбәрак:
– Өте жақсы айттың, балам! Аз да болса, білім үйрендің бе?– деді. Әлгі бала:
– Мен мына сайын дала сахарада жүріп қайдан білім алмақпын?!– деді шынын айтып.
– Ал, жарайды. Басқа не үйрендің?
– Үш ілім үйрендім. Көңіл ілімі, тіл ілімі және дене ілімі.
– Бұлар не нәрсе, мен білмейді екенмін?!
– Көңіл ілімі деген мынау – Алла маған жүрек берді және ол жерді кешірім мен махаббат орны етті. Сол үшін жүрегіммен Оны танимын. Сол үшін Жаратушымның жақсы көргендеріне ол жерден орын беріп, жек көрген нәрселеріне орын бермеймін, керек десеңіз, ондайлардан бойымды аулақ ұстаймын. Тіл ілімі дегенім мынау – маған тілді беріп, Жаратушыны еске алып, есімдерін зікір ететін орын етті. Оның қызметі арқылы Жаратушыны еске түсіретін сөздер айтып, ғайбат сөздерден оны қорғап, жаман сөздерден сақтану керек екенін көрсетті. Ал, дене ілімі дегенім мынау – Алла маған дене-бітім берді және  оны өзіне қызмет ету орны етті. Сондықтан, Оған қызмет болып саналатын сауапты игі істерді денеммен жасаймындағы, қызметіне жарамайтын теріс іс-әрекеттерден тал бойымды аулақ ұстаймын. 
Абдуллаһ ибн Мүбәрак дала кезіп қой баққан баланың жауабы мен керемет айтқан ойлы сөздеріне шексіз ризашылығын білдіре келіп: «Ей, балам! Сенің маған үйреткендерің алғашқы, әрі соңғы ілімдер. Сол үшін маған насихат айт!» - деді. Қарғадай бала ол кісінің тегін емес екенін байқап: «Мырзам! Ғалым кісі екендігіңіз жүзіңізден байқалады. Егер ілімді Алланың разылығы үшін үйренген болсаңыз, адам баласынан қайтарымын талап етпеңіз, керек болса ол жағдайды күтпеңіз. Жоқ, егер дүние пайдасы үшін үйренген болсаңыз, жәннатқа қауыша алмайсыз»,– деп Алланың сүйген құлы Абдуллаһ ибн Мүбәракқа астарлы сабақ болар ой айтқан екен.

Дайындаған 
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру