Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АККРЕДИТТЕУШІ JAKIM ҰЙЫМЫНЫҢ СЕРТИФИКАТЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

halaldamu.kz 05.06.2023 1471 0 пікір
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АККРЕДИТТЕУШІ JAKIM ҰЙЫМЫНЫҢ СЕРТИФИКАТЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Малайзияға арнайы сапармен барған наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы мен «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы «Малайзия исламдық даму департаментінің (JAKIM) халықаралық халалды тексеру комитеті» басшысы Датук Хаджа Хакима Бинти Мохд Юсоф ханыммен кездесті.

Кездесу барысында Датук Хаджа Хакима Бинти Мохд Юсоф ханым діни басқармаға қарасты Халал Даму стандарттау және сертификаттау орталығын JAKIM тарапынан Қазақстандағы халал сертификаттаушы ұйым ретінде танитындықтарын жеткізіп, растаушы құжат табыстады.

Халықаралық құжатта «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығы бекіткен алты стандарттың барлығы халықаралық талапқа сәйкес екендігі және 2025 жылдың наурыз айына дейін жарамдылығы көрсетілген. Аталған құжатты әлемнің 43 мемлекеті де өзара таниды. Енді «QMDB HALAL» сертификатымен өндірілген өндімдер шетелдерге еш кедергісіз, еркін экспорттау құқығына ие болады.

«Бүгінде діни басқарманың халал сертификатына тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары, әсіресе мұсылман жамағатының арасында өте беделді. Дегенмен, халал сертификат беру – табыс көзі емес, ол – шариғаттың талабы. Мүфтият мұсылман қауымының дұрыс құлшылық жасауына қызмет етумен қатар, шариғатқа сай адал ас тұтынуына көмектеседі. Отандық халал индустриясына абыроймен еңбек етуіміз керек, бұл құжат бізге үлкен аманат жүктейді және бұдан әрі де халықаралық байланысты нығайта береміз » деп атап өтті Ершат Ағыбайұлы.

Айта кетейік, елімізден «QMDB HALAL» сертификатымен өндірілген ет және ет өнімдері мен құс өнімдері Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, БАӘ, Қытай мемлекеттеріне экспортталуда. Қазіргі таңда 1400 ден астам кәсіпорын халал таңбасымен өнім өндіруде.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру