Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЫСЫРДАҒЫ ҚМДБ ӨКІЛДІГІ МӘУЛІТ КЕШІН ӨТКІЗДІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 04.11.2021 3680 0 пікір
МЫСЫРДАҒЫ ҚМДБ ӨКІЛДІГІ МӘУЛІТ КЕШІН ӨТКІЗДІ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Мысыр Араб Республикасындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Каир қаласында адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген Мәуліт айына орай рухани кеш өтті.

Әйгілі «әл-Азһар» университетінде оқып жатқан қазақстандық студенттерге арналған кеш Құран Кәрім оқумен басталды. ҚМДБ-ның Мысыр еліндегі тұрақты өкілі Руслан Амантұрсынұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жолдап, болашақ түлектердің біліміне береке тілеп, олардан Қазақ елінің зор үміт күтетінін жеткізді.

Кеште «әл-Азһардың» шетелдік студенттермен жұмыс жөніндегі орталығы жетекшісінің орынбасары, ғылым докторы Асма Мухаммад Осман әл-Зини арнайы қонақ болып, ұйымдастырушылар мен студенттерге жылы лебізін жеткізіп, алғыс білдірді. Екі елдің өзара рухани байланысы мен ынтымақтастығы аясында қазақстандық студенттерді әрдайым қолдайтынын тілге тиек етті.

Ал «Талаба» қауымдастығының жетекшісі Ерлан Матайбаев студенттерді мәулітпен құттықтап, Бас мүфтиге және Діни басқарма ұжымына «әл-Азһар» студенттеріне деген қамқорлығы үшін барлық шәкірт атынан алғыс айтты.

Сондай-ақ рухани кеште Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты өмірі жайлы арнайы мәуліт жыры орындалды. Түрлі викториналық сұрақтар мен нашидтер айтылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар берілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру