Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ «30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙҒА – 30 МЫҢ ТАЛ ОТЫРҒЫЗУ» АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 23.09.2020 5301 0 пікір
БАС МҮФТИ «30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙҒА – 30 МЫҢ ТАЛ ОТЫРҒЫЗУ» АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін елордада ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен республика көлемінде «30 жылдық мерейтойға – 30 мың түп ағаш отырғызу» акциясы өтті. 

Бас қаланың символы саналатын «Бәйтерек» монументі маңындағы саябақта бастау алған игі шара еліміздің барлық аймағында мешіт қызметкерлері және ерікті жамағаттың қолдауымен жалғасты. 

Тал отырғызуды бастап берген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Қолдарыңда бір құрма ағашының шыбығы болып, қиямет келген жағдай болса да соны отырғызып үлгеріңдер» - деген. Бұл хадистен ағаш отырғызудың маңыздылығын, табиғатты қорғаудың, маңайымызды көгалдандырудың қаншалықты сауабы бар екенін түсінуге болады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген де ата-бабаларымыздың сөзі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ел аумағын көгалдандыруға қатысты алдағы бес жылда орман алқаптарында 2 миллиардқа жуық ағаштың, ал елдімекендерде 15 миллионға жуық ағаш отырғызылатынын айтып өтті. Мінеки, Пайғамбар сүннетін, бабалар сөзін келер ұрпаққа насихаттау үшін әрі Мемлекет басшысының Жолдауындағы үндеуге үлес қосу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай ел көлемінде 30 мың түп ағаш отырғызуды бастап кеттік. Елордада басталған шарамыз бір мезетте өңірлердің имамдары және жамағатының атсалысуымен жалғасады» деді. 

Айта кетейік, ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толуына байланысты жер-жерде 30 жетім балаға, 30 отбасына қайырымдылық көмек көрсету, 30 елдімекеннің ауыз су, жол-көпір мәселесін шешуге ықпал ету, тарихи көрмелер ұйымдастыру, ҚМДБ туралы деректі фильм түсіру, әл-Фараби, Абай сынды тұлғалардың, ел ішінде есімі еленбей жүрген 30 дін қайраткерінің есімін мешітке беру, ауылдағы 30 мешітті күрделі жөндеуден өткізу, т.б. сауапты да салауатты шараларды жүзеге асыру жоспарға енгізілген. 

Осы бастама аясында бүгін Нұр-Сұлтан қаласының саябақтарына 332 түп ағаш отырғызылса, республика бойынша ең көбі Түркістан облысында 8228 түп ағаш тамыр жаймақ.   

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру