Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфти – балалар қалашығында

17.10.2013 4206 0 пікір

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «SOS балалар қалашығына» барып, балғындарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Қамкөңіл балалардың ортақ қазанына құрбандыққа шалынған мал еттері беріліп,  жетімдер үйіне жәрдем көрсетілді.

Арнайы түрде ат басын тіреген бас мүфти қалашықтың тыныс-тіршілігімен танысып, тәрбиеші аналармен жүздесті. Құрбан айт күні келген құтты қонақты тәрбиеші аналар үйлеріне шақырып, дастарханнан дәм татуды ұсынды. Сыйлы қонақты сыртынан естіп-білгендері болмаса, көзімен көрмеген балғындарға бұл кездесудің орны айрықша болғаны анық. Дастархан басында бірге отырып тамақтанған сәттегі толқыныстан барлығының да жүздері бал-бұл жанып, жүздерінде қуанышты күлкі пайда болды.  Тәрбиеші аналар да бұл жүздесудің бүлдіршіндер өміріне елеулі өзгеріс енгізіп, жүректеріне имандылық нұрын ұялататынына сенімді.

Жетпіске жуық жетім балалардың басын қосып, жанұя жылулығына бөлеп отырған бұл қалашық 14 отбасыдан тұрады. Әрбір жанұяда 4-7 балалар ортақтасып күн кешіп, бір-бірін аға-бауырындай ардақтап, тумаса да туғандай болып кеткен. Тәрбиешілер де жалғызбасты аналар болғандықтан, өздерінің жанұясы деп осы отбасын бағалайды. Бас мүфти бас сұққан үйдің анасының айтуынша, сонау 2000 жылдан бері жұмыс істеген уақытында екі ұлын үйлендіріп, бір қызын құтты орнына қондырған көрінеді. Тіпті, ұзату тойын да осы жерде жасап, құдаларын да осы жерден күтіп алған екен.

Балалар қалашығынан аттанар тұста, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына жүрекжарды алғыстарын жаудырған ардақты аналар өздерінің тілек кітапшасына лебіз қалдыруын өтінді. Сондай-ақ, бүлдіршіндермен бірге естелік суретке түсіріп алуды да ұмытпады. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық даналығын Құрбан айт мейрамында қайта жаңғыртқан Бас мүфтиге балғындар да, аналар да алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру