Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Сүннетке сай спорт түрлерінен жарыс өтті

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 15.05.2023 1786 0 пікір
Ақтөбе: Сүннетке сай спорт түрлерінен жарыс өтті

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігі және «Аңсар Байғанин» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жамағат арасында «Ислам ынтымақтастық ойындары» атты пайғамбар сүннетінде келген спорттық ойындардан эстафеталық сайыстар өткізілді.

Жарыстың мақсаты Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетіне насихаттаған спорт түрлерін халыққа паш етіп, оны қайта жаңғырту. Сондай-ақ жамағат арасында бірлік пен татулықты насихаттап, салауатты өмір сүру салтын дәріптеу. Пайғамбар сүннетіне негізделген спорттық ойындар 4 спорт түрінен құралды: жүзу, жүгіру, күрес және садақ ату.

Ақтөбе облысына қарасты қалалық және аудандық мешіт жамағатынан құралған 150-ге жуық кісі қатысқан әр спорттық сайыста бірнеше топ құралып, командалық жарыс өтті. Ақтөбе қаласы «Достық» су бассейнінде өткен жүзу сайысынан жүлделі бірінші орынды алып, Алға аудандық «Хазрет Мұхаммедқазы Медіқұлұлы» мешіті командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Хромтау аудандық «Нұр» мешіті командасы және үшінші орынды Мәртөк аудандық мешіті командасы еншіледі.

«Стрела» садақ ату клубында өткен жамағаттан шыққан мергендерден құралған садақ ату сайысында Ақтөбе қаласының «Әзіреті Біләл» мешіті командасы бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орынды Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешіті командасы, үшінші орынға Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті командасы жайғасты. 

Белбеу күрес бойынша мешіт жамағатынан шыққан палуандар арасында 70 келіге дейін және 70 келіден жоғары салмақтар арасында өзара күш сынасу өтті. 70 келіге дейін салмақта қарсыласын базып озып, бас жүлдені Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті жамағаты Әлқуанышев Бағдат жеңіп алды. Қарсыласына есе берген Ақтөбе қаласы, «Әл-Латиф» мешіті жамағаты Сәрсенов Қарасай екінші орынды алып, Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің жамағаты Ізмұхан Орынғали үшінші орынға қанағат тұтты. Сонымен қатар 70 келіден жоғары салмақ бойынша алпауыттар жиналған күрес сайысында Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешіті жамағаты Пірмағамбетов Мирас бас жүлдені иеленді. Байғанин аудандық мешіті жамағаты Оралов Нұртөре екінші орынмен олжалы болды. Ақтөбе қаласы, «Досжан Хазірет» мешіті жамағаты Тәжіков Аслан үшінші орынға тұрақтады.

Эстафеталық сайыстардың соңғысы жүгіру спортынан жамағат өзара бақ сынасты. Команда аралық бәсекеде мәреге алғаш жеткен «Досжан Хазірет» мешіті жамағаты бас жүлдені ұтып алды. Үзенгілесіне басымдық берген Алға аудандық «Хазрет Мұхаммедқазы Медіқұлұлы» мешіті командасы екінші орынға бас тіреді. Үшінші орынды Ақтөбе қаласы, «Қайырқожа» мешіті командасы қанжығасына байлады. Облыстық деңгейде өткен «Ислам ынтымақтастық ойындары» атты пайғамбар сүннетіне негізделген спорттық сайысты қорытындылау үшін ұйымдастырушылар қатысушыларды дастарқан төрінде бастарын қосып кешкілік ас берді.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында өткен салтанатты шарада облыс бас имамы Серікжан Еншібайұлы және «Аңсар Байғанин» ҚБ төрағасы Тәжімұратов Айтуған Бауыржанұлы диплом және алғыс хаттар табыстап, медальдармен марапаттады. Сондай-ақ қой, марқа, тоқты, шаңсорғыш, электротолқынды пеш, тоқ шәйнек, «Мечта» дүкенінен тұрмыстық заттар сатып алуға ақшалай сертификаттар және тағы басқа бағалы сыйлықтарды сыйға тарту етті. Бас имам Серікжан Еншібайұлы жамағатқа сүннетте келген спорттық ойындардың ерекшеліктерін айтып, сүннетке берік болуға шақырды. 

Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов сүннеттің мұсылман өміріндегі маңызына тоқталып, жамағатты әрқашан исламның бірлік туының астында бір болуға шақырды. Айтуған Бауыржанұлы өңіріміздегі мұсылман жамағатының екіге бөлініп, жат ағымның жетегінде кетудің зардабын ескеріп, ынтымақта болудың құнды байлық екенін тілге тиек етті. Аудан, қаладан келген жамағат спорттық сайыстарға жоғары баға беріп, ұйымдастырушыларға үлкен алғыстарын айтты.

Ескере кетер болсақ, аталған спорттық сайыс аталған форматта еліміз бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру