Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жамбыл: Рухани нәр сыйлаған кеш

Жамбыл облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі 14.11.2021 1419 0 пікір
Жамбыл: Рухани нәр сыйлаған кеш

Жамбыл облысы Шу ауданы мешіттерінің атсалысуымен аудандық Мәдениет үйінде «Мейірім пайғамбары – Мұхаммед» рухани кеші өтті. Кешке құрметті қонақ ретінде РАНТ мүшелері Ерсін Әміре, Бауыржан Әлиұлы, Оралхан Сейдманов т.б дін мамандары қатысты.

Төле би мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлы Құран аятын оқып кеш шымылдығын түрсе, мешіттің алқа мүшесі, ұстаз, қадірлі қария Мұстафа Жалалиев бата берді. Қала және ауыл мешітінің имамдары, қариялар, аналар, жастар қауымы әумин десіп, салиқалы кешке куә болды.

Сахнаға Алматыдан арнайы келген Ерсін Әміре шақырылып, әсерлі уағыз-насихат айтты. Абай ауылындағы «Оспанәлі» мешітінің имамы Бағдәулет Оңғарбаев қазақтың қара домбырасымен терме орындап көпшілікті тәнті етсе,  ҚМДБ дайындаған бейнеролик көрермендердің жүрегін елжіретті.

Әнші-сазгер Ербосын Қасымбектің орындауындағы құмар ойыннан қайтару мақсатындағы «Казино» әні де көрерменге ой салды. Сонымен қатар жергілікті актерлар Мақсат Шомаев, Елдос Мамықбай, Марлен Азаматов, Нұржан Амангелдіұлы, Жансерік Мұсақұл «Өнер қырандары» театрының репертуарынан көрініс қойды.

Балуан Шолақ ауылындағы «Қойайдар» баба мешітінің имамы Аян Байтұрғанұлы мен «Төле би» мешітінің азаншысы Ибрагим Мұстафаұлы Мәуліт жырын оқып, артынша көрермендер тік тұрып Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, сәлемін жеткізді.

Мазмұнды ән, мағыналы термеден кейін РАНТ мүшесі Оралхан Сейдманов та жүрекке жететін інжу-маржанымен бөлісіп, насихатын арнады. Кеш соңында Шу ауданының бас имамы Бахтияр Әміреев қорытынды сөзін айтып, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандарға алғыс білдірді. Сонымен қатар 150 адамға құрма, «Сахабалардың Пайғамбарға деген сүйіспеншілігі» кітабы, газет-журналдар сыйлыққа берілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру