Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Диқан Қамзабекұлы Маңғыстау имамдарына дәріс оқыды

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 21.06.2021 2258 0 пікір
Диқан Қамзабекұлы Маңғыстау имамдарына дәріс оқыды

Маңғыстау облысына сапары барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Диқан Қамзабекұлы жергілікті дін қызметкерлеріне дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісті.

Облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде өткен тағылымды кездесуге Маңғыстау өңірінің бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, жазушы Кенжебек Сержанұлы, имамдар мен ұстаздар қатысты.

Әнуар қажы Ізімбайұлы ғалым ағамызды таныстыра отырып, Диқан Қамзабекұлының ғылым саласындағы зерттеу жұмыстары туралы айтып өтті.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы Диқан Қамзабекұлы халқымыздың тарихында өзіндік орны бар Алашорда қайраткерлерінің дін саласында атқарған еңбектері туралы «Алаш және рухани тұлғалар» тақырыбында дәріс оқыды. Әсіресе, ел және рухани ояну тарихындағы Исмайыл Ғаспыралы, Ғұмар Қараш, Мағди Мақұл, Ахмет Әділбайұлы, Садуақас Ғылмани т.б. қайраткерлердің қызметі мен діни шығармашылығына тоқталды.

«Кезіндегі түркі тұлғаларының мұралары, араб әлімінен түркі дүниесіне лайықталып аударылған немесе жаңғыртылған еңбектердің бәрі де сол кезеңде Маңғыстау топырағына, осындағы түрлі мектеп-медресе, діни ұстынға айналған тұлғалардың ортасында кеңінен насихатталды деуге негіз бар. Себебі сол кездегі «Қазақ» газеті де, «Айқап» журналы да, әсіресе бізге Қырым татарлары арқылы келген дүниелердің бәрі де жаңару, жаңғыру дүниесі ретінде қарастырылды. Екіншіден, елдің оянуына ұлттың тарихына қатысты тұлғалардың бастамашыл еңбектерін де ерекше ескеруіміз тиіс. Бекет атадан бастап Ержан хазіретке дейінгі тұлғалардың мұрасын айтқан кезде, біз, бүкіл түркі әлемін қатар қарастыруымыз керек. Әр тұлғаның еңбегі өз заманымен қарастырылады. Дегенмен, бәрі өзара байланыста. «Үлкен тұлғалар өзіне дейінгі тұлғалардың иығында тұрады», деген тарихи ұстаным бар. Сол себепті бұның бәрін де сабақтастықта қарастыруымыз керек. Маңғыстау түбегі әулиелерінің мұрасының бүгінгі күнге жетуін –  ұлттың ағартуына, ұлттың бірлігіне, елдің тұтастығына қызмет ететін қайраткерлік деп қабылдаймыз. Бекет атадан бастап қуғын-сүргінге ұшыраған Ержан хазіретке дейінгі тұлғалар – өз заманының ағартушылары. Олардың мәртебесі де, қайраткерлігі де осы аяда байыпталып, өзінің лайықты бағасын алуы керек деп есептейміз» деп айтты.

Кездесу соңында, Әнуар қажы Ізімбайұлы Диқан Қамзабекұлына ҚМДБ-ның Маңғыстау өкілдігінің атынан арнайы сый-сияпат жасады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру