Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қостанай: Арқалық пен Рудныйдағы айт мерекесі

Қостанай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі akmechet.kz 17.05.2021 2146 0 пікір
Қостанай: Арқалық пен Рудныйдағы айт мерекесі

Арқалық қаласындағы «Мухтасиф Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы қасиетті Рамазан айынан кейін келетін Ораза айт мерекесін қуанышпен қарсы алды.

Мешіттің бас имамы Дархан Исламбекұлы қала тұрғындарын ұлық мейраммен құттықтап, Ораза айт мерекесінің жұртшылықты өзара бірлігімізді арттыруға, татулыққа, мейірімділікке, қайырымдылыққа шақыруда ерекше орын алатындығын тілге тиек етті.

«Мешітте қайырымдылық шараларына айрықша назар аударылады. Оның жарқын айғағы ретінде Рамазан айында қала бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға жалпы жамағат пен кәсіпкерлердің қолдауымен 4,5 млн теңгеден астам қаражатқа көмек көрсетілді» деді Д.Исламбекұлы.

Мейрам күні кәсіпкерлер мен жүрегі жомарт жандар тарапынан да қолдау көрсетілді. Мәселен, Арқалықта жаңадан ашылған «Тоrqai plaza» кешенінің иелері бүлдіршіндерге сол өздеріндегі ойын алаңында бір күн бойы тегін асыр салып, алаңсыз ойнауларына толық мүмкіндік жасады.

Сонымен қатар Рудный қалалық «Нұр» мешітінде Ораза айттың алғашқы күні намаз оқылып, уағыз-насихат айтылды. Елдің амандығы үшін дұға жасалды. Содан соң далада дастарқан жайылып, айт шайы берілді. Жамағат дастарқанға арнайы қойылған бауырсақ, құрма, тәтті жемістерден ауыз тиді. Бір-бірін мерекемен құттықтады.

Осы күні 20 отбасыға азық-түлік қоржындары табыс етіліп, көпбалалы жанұялардың және намазхандардың балаларын демалыс саябағында мерекені атап өтті.

Балдырғандар аттракциондарда тегін ойнап, барлығына балмұздақ, тәтті шырындар тарту етілді. Міне, осы қуанышты сәттердің басы-қасында жүрген мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиевтің адамгершілік, іскерлік қырына жұртшылық тәнті болды.

Сонымен қатар, қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына төзіп, қала тазалығына ерекше үлес қосқан кісілер де назардан тыс қалған жоқ. Оларға ізгі тілек білдіріліп, 150 адамға ыстық палау таратылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру