Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Хромтау аудандық мешітіне бас имам тағайындалды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 16.08.2020 2947 0 пікір
Ақтөбе: Хромтау аудандық мешітіне бас имам тағайындалды

Жұма күні Хромтау ауданына жұмыс сапарымен арнайы барған Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби қажы Оспан аудан әкімі Нағымжан Алдияровпен кездесіп, өңірдегі дін саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Кездесу кезінде алдағы жоспарлар талқыланып, облыстың бас имамы аудан әкіміне әрқашан бірлесе жұмыс істеуге әзір екендігін жеткізді.

Бас имам Төлеби Оспан аудан активі мен мешіт жамағатына Хромтау өңірінде 18 жыл қызмет еткен Алмат Әлидің басқа жұмысқа ауысуына байланысты ауданның жаңа бас имамын таныстырды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бұйрығымен Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің бас имамы болып Ерік Қонақбайұлы Сұлтанов тағайындалды.

«Хромтау – облыстағы қала статусы бар үлкен аудандардың бірі. Бұл кеншілер қалашығы. Мұнда жамағат саны да көп. Сондықтан имамға артылар жауапкершілік зор. Ерік Қонақтайұлы – «Ақтөбе медресе» колледжінің алғашқы түлегі. Міне, өз діни оқу орнымыздың түлектері осындай жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Бұл медресенің жемісі. Бар білімі мен біліктілігін аудандағы діни тұрақтылық пен ауызбірлішікті нығайтуға жұмсайды деп сенеміз», - деді Төлеби Оспан.

Ал, бұған дейін бас имам болған Алмат Амангелдіұлының атқарған қызметін жоғары бағалап алғыс хат табыс етті. Мешіт ақсақалдары Алмат имамға ақ баталарын беріп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.

Ерік Қонақбайұлы Сұлтанов – 1987 жылы 24 маусым күні Ақтөбе облысы, Әйтекеби ауданының Қарабұтақ ауылында дүниеге келген.

2010-2012 ж.ж. «Ақтөбе» медресе колледжінің алғашқы түлегі;

2013-2016 ж.ж. «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін «Исламтану» мамандығы;

2017-2019 ж.ж. «Шет тілдер және іскерлік карьера» университетінің «Дінтану» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі;

2016-2017 ж.ж. Алматы облысы, Байсерке ауылындағы «Хайыр Ихсан» мешітінің ұстазы;

2017-2020 ж.ж. БҚО, Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы қызметін атқарған. Араб және орыс тілдерін жетік меңгерген. Екі қыздың әкесі.

ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі жауапты да сауапты қызметке тағайындалған дін қызметкерін құттықтай отырып, жаңа жұмысына сәттілік тілейді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру