Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қызылорда: 35 тоннадан астам құрбан еті таратылды

Қызылорда облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі 03.08.2020 2291 0 пікір
Қызылорда: 35 тоннадан астам құрбан еті таратылды

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ұйымдастырылған қашықтан (онлайн) құрбан шалу рәсімі Сыр өңірінде жоғары деңгейде өтті.

Үш күн бойы атқарылған жұмыстар нәтижесінде облыс бойынша 4 түйе, 124 ірі қара, 714 қой, 95 тоқты құрбандыққа шалынып, 7261 отбасыға, сондай-ақ «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына, Қарттар үйіне және Зағиптар қоғамының 111 мүшесіне, жалпы алғанда 35 тонна 960 келі құрбан еті үлестірілді. Мұның ішінде өз үйінен құрбан шалып, мұқтаждарға таратып беруді аманаттаған жерлестеріміздің де үлесі бар.

Бұдан бөлек, қасиетті мерекенің құрметіне орай әлеуметтік жағдайы аз қамтылған 226 отбасыға азық-түлік қоржыны беріліп, 4 ауруханада ем алып жатқан 1650 адамға құрбан етінен дайындалған ыстық тамақ жеткізілді.

Құрбандыққа шалынған малдың басы үйітіліп, ішек-қарыны тазаланып, құрбан етімен бірге таратылса, терісі санитарлық талаптарды сақтай отырып арнайы орындарға көмілді.

Қашықтан (онлайн) құрбан шалу рәсімінің талапқа сай атқарылуына қала және аудан мешіттерінің имамдары, 500-ден астам ерікті жамағат үлес қосып, 200-ге жуық автокөлік жұмылдырылды.

Алла разылығы үшін құрбан шалған азаматтардың құлшылығы қабыл болсын! Игі шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамыз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру