Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАМБЫЛ: МЕКТЕПКЕ БАРАР ЖОЛҒА КӨПІР ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі asyldin.kz 22.07.2020 3193 0 пікір
ЖАМБЫЛ: МЕКТЕПКЕ БАРАР ЖОЛҒА КӨПІР ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

Балам деп үкілеген ата-ана мектепке барар жолында қысты күні мұз боп құрсап қалған өткелге тұз сеуіп ерітіп, балдырғандарды сабаққа жіберетін. Дәл мектепке барар жолда кедергі болған көпірсіз арна оқушыларға біраз қиындық тудырып, үйдегі ана да «құлап кетпесе жарар» деп шыбын жанын шүберекке түйіп отырушы еді.

Жамбыл облысының рухани жүрегі Һибатулла Тарази мешіті дәл осы түйіткілді мәселенің түйінін шешіп, көпір салды. Салтанатты ашылу шарасына облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, Тараз қаласына жаңадан тағайындалған имам Амантай Садиев пен жергілікті тұрғындар қатысты.

«Көпір салу – сауапты істердің ең үлкені» делінген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде. Көпір қажеттілігін, әсіресе, өзен-сулардың жағасындағы ел жақсы біледі. Көпірсіз өрісің тар. Барар жерің сол судың арғы жағы болса, көпірсіз жолың кесіледі. Сондықтан көпірдің ел дамуында алар орны айрықша.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай «30 көпір, 30 құдық» жобасы қолға алынған болатын. Атаулы бастама негізінде Жамбыл облысы 2 құдық, 1 көпір салуды жоспарға қойған. Бүгін көпір салынып, ел игілігіне қолданысқа беріліп отыр, - дейді Жамбыл облысының бас имамы Б.Мырзагелдиев.

Айта кетейік, бұған дейін 1 құдық қазылған болатын, енді көпір де іске қосылып, мақсат орындалуда. Облыстық мешіттің жасаған сыйлығын көпір маңында тұратын балалар да асыр салып тамашалады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру