Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«ПАВЛОДАР ӨҢІРІ ИСЛАМ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТАРИХЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі mazhab.kz 01.07.2020 3563 0 пікір
«ПАВЛОДАР ӨҢІРІ ИСЛАМ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТАРИХЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде филология ғылымдарының кандидаты, журналист Амантай Тойшыбайұлының «Павлодар өңірі ислам руханиятының тарихы» кітабының тұсаукесері өтті.

Шараға облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы және имамдар, ардагерлер өкілдері, баспасөз өкілдері қатысты. Бас имам Жолдас Қоспақұлы және облысымыздың қадірлі ақсақалдары Ульян Мақұл, Кенже Кеңесбаевтар аталмыш еңбек туралы тұщымды пікірлер білдірді.

Кітап «Ертіс-Баян өңіріне Ислам дінінің келуі, орнығуы және патшалық Ресей дәуіріндегі Павлодар өңіріндегі Ислам», «Кеңес дәуіріндегі Павлодар өңіріндегі Ислам», «Тәуелсіздік жылдарындағы Павлодар өңіріндегі Ислам» деген 3 бөлімнен тұрады. Ал кітап әуелі «Қазақ тарихындағы Ислам» деген арнайы бөліммен басталады.

–Бұл – бұрын жазылмаған тақырып, - деді Амантай Тойшыбай. – Жазылуы керек дүние. Осы мешітте 10 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Сол 10 жылда жиналған деректердің басын қосып, бір жинақ етіп шығардым. Жалпы, Ертіс өңірінде Исламның қалыптасып дамуына қожалардың келіп, мешіт, медресе салып, шәкірт тәрбиелеуі негіз болды. Оның үстіне халқымыз бұрыннан Ислам дінін ұстанған. Кеңес дәуірі басталар алдында өңірімізде 40-қа жуық мешіт болса, кейін көбін жапты. Қазір облысымызда 100-ден астам мешіт бар.

Кітап авторы еңбектің өлкетану бағытында жазылғанын атап өтті. Жинаққа өңірдегі үлкен дін қайраткерлері де енген.

–Кітап өңірдегі Исламның қалыптасуы мен дамуына арналған. Өлкетану құралы десек те болады. Ішінде шариғат туралы дүние жоқ. «Ертістің Павлодар өңіріндегі Исламның тарихы» құжаттар жинағы, газеттер мен сайттардың қоры пайдаланылды. Сондай-ақ ғалымдардың да еңбектеріне көз жүгірттім, - дейді А.Тойшыбайұлы.

Кітаптың редакторы, облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы:

–Бұрын өңіріміздегі Ислам руханиятына қатысты мұндай көлемді еңбек жарық көрмеген. Түрлі үзінді, мақала ретінде қысқа деректер шығып тұрды. Бұл – бәрінің басы қосылып, жүйеленген, хронологиялық тұрғыда ретке келтірілген алғашқы кітап. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл. Амантай Тойшыбайұлының кітабы осы мерейтойға үлкен сыйлық болып отыр»,-деді.

Айта кетейік, жаңа еңбекті дінтану және өлкетану сабақтарында қосымша құрал ретінде пайдалануға болады. Оған қоса, болашақ зерттеушілердің еңбегіне негіз болатын жәдігер. Көпшілік оқырман кітапты «Мәшһүр Жүсіп» мешітінен алуына болады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру