Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі 14.12.2019 2479 0 пікір
Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!

Нұр-Мүбарак университеті осындай ұранмен Тәуелсіздік мерекесін ерекше қарсы алды. Мемлекеттік әнұранмен басталған салтанатты кеште алдымен қасиетті Құран оқылып, университет проректоры, доцент бұл қасиетті Алла кәламының сауабы ата-бабаларымыз бен тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтарға және күні кеше өмірден өткен Нұр-Мүбарак университетінің тұңғыш ректоры, Қазақ елі мен Мысыр арасында алтын көпірге айналған академик Махмуд Хижазиге бағышталатынын айтып, ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат барлығына бата жасады.

Кештің құрметті қонағы белгілі режиссер Жәнібек Жетіруов өзі зерттеу жасап, таспаға түсірген тарихи деректерге тоқталып: «Тәуелсіздікке жету үшін халқымыздың өткен қасіретті жолдарын, ата-бабаларымыздың басынан өткенін ескере отырып, болашаққа бағдар жасауымыз керек. Тарихтан тағылым алған ел ғана ұлт ретінде ұйысып, ел ретінде сақталып қалады» деген пікір білдірді.

Университет ректоры, профессор Мухаммад әш-Шаххат бүкіл Мысыр халқы атынан Қазақ елін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Қазақстанның  өркендеуіне тілек білдірді. «Қазақстанның дамуына бүкіл мүмкіндіктер бар, табиғи ресурс, қазба байлықтары жеткілікті. Сондай-ақ барлық мемлекеттермен, Араб, Ислам елдерімен өте абыройлы байланыста. Саясаты ашық, жоғары деңгейде. Біз әрдайым тілеулеспіз, қолдау білдіреміз. Қазақстанның басшылығы өте көреген, кең ұстанымда, ал жастары білімге құмар. Сондықтан қазақ елі қарыштап дамиды деген сенімдеміз» деген жүрекжарды тілегі көпшіліктің көңілін бір серпілтті.

Ал проректор, доцент Қайрат Құрманбаев «Тәуелсіздік – Алланың берген нығметі. Бұл жолда қанша қан төгіліп, тер ақты. Ата-бабаларымыз ісімен, тілімен, жан-тәнімен дұға етті. Соның нәтижесінде біз бүгінде емін-еркін білім алып, діни рәсімдерді орындап отырмыз. Тыныш елде қара нан мен қара суды ішіп, бейбіт өмір сүрудің өзі – баға жетпес бақыт» дей келе Ислам дінінің халқымызға сыйлаған нығметтеріне кеңінен тоқталды.

Салтанатты мерекеде университеттің күнделікті тыныс-тіршілігінде ел дамуына үлес қосып, еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен мамандарға оқытушы-профессорларға арнайы алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ Өзбекстан Халықаралық ислам академиясынан Нұр-Мүбарак университетіне тағылымдамаға келген бір топ жас ғалымдарға арнайы сертификат пен сыйкәде жасалды. Қазақтың күйін күмбірлетіп, әнін әуелетіп, тағылымды ой бөліскен құрметті қонақтарға да сыйкәде ұсынылып, естелік суреттерге түсті.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру