Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Ұстаздар ұлық кеш ұйымдастырды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі http://nurgasyr.kz/ 02.12.2019 3125 0 пікір
Ақтөбе: Ұстаздар ұлық кеш ұйымдастырды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің әйелдер діни сауат ашу курсы ұстаздарының ұйымдастыруымен Мәуліт кеші өтті.

Іс-шараға Кенжегүл Қошқарова, Гүлмайра Тұрлыбекова, Ақнұр Төлениязова сынды ұстаздардың шәкірттері, ақ жаулықты әжелер мен ару-аналар, жас жамағат белсенді түрде атсалысты. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күніне арналған мазмұн-мағыналы рухани басқосу үлкен-кішінің жан-жүрегін ерекше толғандырып, жанарын нұрландырды.

Күллі адам баласына шапағаты мен шарапаты мол Мәуліт кеші хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сынаққа толы өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Одан кейін ақ жаулықты әжелер мен ару аналар шашу шашып, баршаға ортақ мерекенің басталғанын қуанышпен паш етті.

Сондай-ақ әйелдер секторының қыз-келіншектері күллі мұсылманның соңғы Пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сансыз салауат айтып, жиналған жамағатты тәнті етті. «Мұхаммед» сүресі оқылған оқылған сәтте аналар тебіреніп, көзге жас алды. Осынау тәлім-тәрбиеге толы шара барысында аналар әуезді Мәуліт жырын оқыды. Ару-қыздардың Адамзаттың абзалының өмірінен ұсынған қос қойылымы көрермендерді ерекше тебірентті. Екі дүние сардарының мүшріктерден көрген қиындығы жанарға жас үйірді.

Бұдан кейін «Нұр Ғасыр» шәкірттері жүректен шыққан өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ электронды викторина ұйымдастырылып, «Ойлан да, тап!» сергіту ойынына кезек берілді. Адамзат ардақтысының өмір жолынан салмақты сұрақтар қойылып, мазмұнды жауаптар берілді. Нәтижесінде алғашқы 3 жеңімпаз ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.

Мәуліт кеші барысында ұстаз Кенжегүл Қошқарова сахнаға Гүлжанат Бектілеуова есімді ақтөбелік ананы шақырып, көпшілікті елең еткізді. Бір баласы ауырып, үш баласын өзі өсіріп-тәрбиелеп отырған ана жақында ғана мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болған екен. Бір ғанибеті алғашқы жарнасына жетпей тұрған қаражатын мешіт төлеп, жалғызбасты ананы қуанышқа бөледі.

Мерекенің құрметіне Гүлдана Сағиданова есімді шәкірті 10 литр зәмзәм суын жеткізіп, жамағатқа ұсынды. Ақ шашты әжелер мен ақ жаулықты аналар, ару-қыздар ел-жұртымыз бен отбасыларының береке-бірлігін тілеп, қасиетті судан дәм татты.

Айтулы кеш соңында Ғайша әже баршаға батасын беріп, мешіт шәкірттері меймандарға қонақкәде ұсынды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру