Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматыда атқарылған шара көп

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі 01.12.2019 3165 0 пікір
Алматыда атқарылған шара көп

Алматы Орталық мешітінде қала мешіттерінің жылдық есеп беру жиыны өтті. Оған Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алматы Орталық мешітінің қызметкерлері және қала мешіттерінің бас имамдары қатысты.

Жиынды Алматы қаласының бас имамы Еркінбек қари Шоқай сөз сөйлеп жүргізіп отырды.

Бас имам өз сөзінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қолдауымен Алматы қаласы бойынша жыл басынан бері атқарылған шаралар мен игі бастамаларға тоқталды. Сондай-ақ, осы ретте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ымырашылдықтың арқасында қызмет атқарып жүрген мешіт имамдарына алғыс білдіріп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс жоспарларды да тілге тиек етті.

Одан кейін Наурызбай мен Медеу аудандарының бас имамдарына кезекпен сөз берілді. Олар өз аудандарына қарасты мешіттердің жыл бойы атқарған шаралары, жасаған қайырымдылық жұмыстары, оқу-ағарту бағыттары бойынша баяндама оқыды.  

Жиын барысында Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Ермек Көкірекбаев Жастар жылы бойынша атқарылған жұмыстың есебін таныстырса, Орталық мешіт ұстазы Серік Ахметов қала мешіттерінің жұмыстарына сараптамалық баяндама жасады.

Қорытынды сөздің тізгінін қолына алған бас имам жыл бойы атқарылған шараларға оң баға беріп, тиісті сын-ескертпелерін де айтты.

Жиын соңында бас имам Алматы қаласында асыл дініміз Исламның дамуына үлкен үлес қосып, дін жолында үлгілі қызмет етіп жүрген бірқатар мешіт қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру