Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Шығыстағы мейірім нұры

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі 27.11.2019 2941 0 пікір
Шығыстағы мейірім нұры

ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Мәуліт айының құрметіне орай «Мейірім нұры» атты рухани кеш өтті.

600 орынды облыстық драма театр мәулітті сағынған қауымға лық толып, орын жетпеген көрермендер 3 сағат бойы тұрып тамашалады. Мерекеге жиналған халықтың жүзінен Мәуліт мейрамына деген сағынышты байқауға болады.

Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне арналған рухани кеш Ербол қари Құдабаевтың Құран оқуымен басталды. Бұдан кейін Ербол Саргелов жас шәкірттермен бірге Мәуліт жырын оқыды.

«Мейірім нұры» рухани кешіне арнайы келіп қатысқан ҚМДБ Уағыз-насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Батыржан Мансұров құттықтау сөз сөйлеп: «Адамзаттың ұлы тұлғасы Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айын рухани мейрам ретінде атап өту – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Алланың елшісінің ғибратты ғұмыры барлық адамзатқа өнеге. Оның тағылымы сарқылмас кәусар іспетті, сондықтан да Ұлы пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық құрмет лайық» дей келе, пайғамбарымыз өмірінен ғибратты насихат айтты.

Кеш барысында «Байжігіт» ұлт аспаптар ансамблінің күйшілері күмбірлете күй тартып, облыстық Жастар театрының артистері өлең-жырдан шашу шашты. «Шабыт» студенттер театры белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлының «Көкперінің кердеңі» драмасынан үзінді сахналады. Айтыскер ақын Балғынбек Имашев кешке арнайы мейман ретінде қатысып, жас ақын Еркін Қуанышпен айтысып, көрермен қауымды бір серпілтті.

Сонымен қатар кеште Ұлы пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен бейнебаян көрсетіліп, дәстүрлі әндер шырқалды. Рухани іс-шарада «Зекет» қорының өңірдегі өкілдігі атынан «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында Ұлан ауданы Бозанбай ауылының тұрғыны, көпбалалы Д.Алтайхан отбасына 4 бөлмелі баспана тарту етті.

Өңірде діни қызметте аянбай еңбек етіп, руханият саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан өңір имамдары ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің алғыс хатымен марапатталды. Кеш соңында Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы рухани кешке ат салысқан барлық қатысушыларға және қолдау көрсеткен мекемелерге алғыс білдірді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру