Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«ӨЗ-ӨЗДЕРІҢДІ ӨЛТІРМЕҢДЕР»

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 09.06.2023 3358 0 пікір
«ӨЗ-ӨЗДЕРІҢДІ ӨЛТІРМЕҢДЕР»

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Өмір – адам баласына берілген басты құндылық. Адам баласы Алла Тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында:

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَ الْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلَا

«Ол сондай Алла, қайсыларың жақсырақ амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп айтқан.

Адам ғұмыры ізгілікке толы әрі ұзақ болғандығы жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَيْرُ النَّاسِ مَنْ طَالَ عُمْرُهُ وَ حَسُنَ عَمَلُهُ

«Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі амалдары ізгі болғандары», – деген (имам Тирмизи).

Пендеге Жаратушы тарапынан берілген ғұмырды, уақыт мерзімі жеткенде Алла Тағаланың Өзі ғана алуға хақылы. Сол себепті де асыл дініміз Исламда адамдардың бір-бірін өлтіруі немесе адамның өз-өзіне қол жұмсауы харам етілген істерден деп танылады. Тіпті  кейбір Ислам ғұламалары өзін-өзі өлтіру – біреуді өлтіруден де ауыр қылмыс деп санайды. Өз-өзіне қол жұмсау туралы тікелей аят болмаса да, қасиетті Құран аяттарынан суицидтің Ислам рухына жат екендігі айқын көрінеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 195-аятындағы:

وَلاَ تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

«Өз қолдарыңмен өздеріңе қауіп төндірмеңдер», – деп, адам баласына өзінің өліміне әкелетін іс-әрекеттерден аулақ болуы керектігін айтқан.

Қасиетті Құранда адамның өзіне қол жұмсауына қатысты тікелей тыйым жоқ дегендерге, Фахриддин әр-Рази (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Иман еткен мұсылмандарда (өзіне қол жұмсау туралы жаман) ойдың болмайтынын, сол себептен де (қасиетті Құранда) тікелей тыйым салудың ешқандай да бір мағынасы жоқ», – ­деп айтқан.

Адам баласы өмірдің шынайы құндылығы мен мәнін түсінуі үшін мына жайттарды біліп, амал етуі маңызды саналады:

 

Бірінші: Өмірдің аманат екендігін білу

Адам баласының дәрежесі өзге жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары әрі үстем. Сол себепті де, адам өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 70-аятында:

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ

«Біз адам баласын ардақтадық...», – деп айтып, адам баласының басқа жаратылыстардан әлдеқайда артық жаратылғандығын айтқан. Сондықтан әрбір жанның өмірі де өте қымбат. Оның өміріне қол сұғуға, ар-намысына тиюге, малына зұлымдық жасауға, еркінен айыруға дінімізде рұқсат жоқ. Тіпті, адам өмірінің қымбаттығы сонша – жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтірумен пара-пар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәидә» сүресінің, 32-аятында:

مَن قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا

«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса,) барлық адамды тірілткенмен тең», – деп айтқан.   

         Адам баласының өзге жаратылыстардан жоғарылығы оның ақыл-ойы, ар-парасаты, әр нәрсенің қадірін біліп, парықтай алу қабілеті сияқты істерден де анық көрінеді. Ендеше, адам баласы осы нығметтерді берген Жаратушысына шүкірлік білдіріп, өз өмірінің құндылығын ұғынуы қажет.

Өмірдің өзі адам баласына Алла Тағала тарапынан берілген аманат. Ол аманатқа қиянат жасап, пенденің өзіне қол жұмсауы – үлкен күнә. Әсіресе түрлі қиындыққа тап болған жағдайда шайтанның ағыруына түсіп, өзіне қол жұмсау туралы жаман ойға салынуға болмайды. Бұндай жағдайда шариғаттың шекарасын аттамай, Алла Тағаладан жәрдем сұрап, шығатын жол іздесек, Жаратушы Иеміз міндетті түрде шығатын жол көрсетеді.

 

Екінші: Өзіне қол жұмсаудың жазасының ауыр екендігін ескеру

Өмір адамға берілген үлкен нығмет болғандықан, ол нығмет жайында міндетті түрде сұрау болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәкәсүр» сүресі, 8-аятында:

ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

«Ол күні берілген нығметтерден міндетті түрде сұраққа тартыласыңдар», – деп айтқан.

Өмір құндылығын түсінбей, ол нығметті бағаламай, өз өмірін өзі қиған жандар үшін берілетін ақыреттік жаза да ауыр. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жәһаннамда қолына темір алып мәңгі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал, кімде-кім у ішіп өлсе, жәһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал, кім өзін таудан тастап өлтірсе, жәһаннамда да өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады», – деп ескерткен.

Қазіргі зерттеулерге қарасақ, өзіне қол жұмсаушылардың басым көпшілігі тапанша немесе пышақ қолданатын көрінеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жоғарыдағы хадисінде «Өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе», – деп осы ақиқатты білдірген. Сондай-ақ, у ішіп, дәрі-дәрмекті мөлшерден тыс көп қолданып немесе газ жұтып, өзге де химиялық заттармен уланып, өзіне қастандық жасайтындар да кездеседі. Хадисте: «Кімде-кім у ішіп өлсе», –деп бұған да ишара жасалған. Ал өзін-өзі көп қабатты үйлерден, басқа да биіктіктен тастап, өз жанын қиятындардың да көп кездесетінін ескерсек, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хадисі сонау жетінші ғасырдың өзінде бұл қатерлі дерттің негізгі түрлерін қамтитын ескерту екенін көреміз.

Ислам тарихында орын алған Хайбар соғысы кезінде үлкен қаһармандық көрсеткен Кузман атты кісінің тозаққа түсетінін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білдірген болатын. Хузайи Әксүм деген сахаба Кузманның соғыстан кейінгі ауыр жарақатына төзе алмай, өз қылышына құлап өлгенін көреді. Кузманның өлімі жайлы ардақты Пайғамбарымызға  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізілгенде: «Адамдардың арасында сырттай қарағанда жәннат иелеріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық...», – деген (имам Бұхари).

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұдан өзге бірқатар хадистерінде өзін-өзі өлтірген адамның ақыреттегі азабы ауыр болатындығы жайлы риуаяттар жеткен.

Үшінші: Тағдыр тауқыметіне сабыр ету

Адамның өз-өзіне қол жұмсауының негізгі себептерінің бірі өмірлік қиыншылықтарға сабыр ете алмауынан туындауда.  Ал Жаратушыға иман еткен жан бұл өмірдің уақытша берілген сынақ екендігін түсініп, өзіне берілген сан түрлі тағдыр тауқыметтеріне сабыр ету арқылы Алла Тағала тарапынан зор сыйлыққа бөленетіндігін біледі. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 155-аятында:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوْفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمْوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ

 «Әрине сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан, сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді қуандыр» – деп айтылған.

Өмір атаулы тек қиындықтардан ғана тұрмайды. Оны жақсылығы мен сынағы қатар жүреді. Мүмин адам жақсылық келген жағдайда шүкір етіп, қиындық келе қалса, оған сабыр ете білуі керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)

عَجَبًا لِأَمْرِ الْمُؤْمِنِ إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ خَيْرٌ، وَلَيْسَ ذَاكَ لِأَحَدٍ إِلَّا لِلْمُؤْمِنِ؛ إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ، وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ

«Мүмин адамның жағдайына таң қаласың! Шындығында, оның кез-келген ісінде хайыр бар әрі бұл мүминнен басқа ешкімге берілмеген. Егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында хайыр бар. Ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне хайыр болып оралады», – деген (имам Мүслим)

Сондықтан да нағыз мүмин адам бұл сынақ өмірде қандай бір қиын жағдай туындамасын ұстамдылық танытып, сабыр етеді. Мүминнің сабырының ерекшелгі ол алғаш басына қиындық жолыққан уақыттан бастап сабырлық танытады. Сабырлықтың бүкіл сауабы да осы алғашқы соққыда сабыр етушілер үшін берілмек. Өйткені уақыт өте кез-келген қиындық жеңілдейді әрі оған сабыр ету де оңай болады. Әнас ибн Маликтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте мынадай оқиға баяндалады:

مَرَّ النَّبِيُّ  عَلَى امْرَأَةٍ تَبْكِي عِنْدَ قَبْرٍ فَقَالَ : « اتَّقِي اللَّهَ وَاصْبِرِي » ، فَقَالَتْ : إلَيْك عَنِّي; فَإِنَّك لَمْ تُصَبْ بِمُصِيبَتِي ، وَلَمْ تَعْرِفْهُ فَقِيلَ لَهَا: إنَّهُ النَّبِيُّ  فَأَتَتْ بَابَ النَّبِيِّ  فَلَمْ تَجِدْ عِنْدَهُ بَوَّابِينَ فَقَالَتْ : لَمْ أَعْرِفْك ؛ فَقَالَ: إنَّمَا الصَّبْرُ عِنْدَ الصَّدْمَةِ الأولَى

Бірде Пайғамбар қабірдің басында жылап тұрған бір әйелді көріп, оған: «Алладан қорық және сабыр ет!» – деді. Ол әйел Пайғамбарды танымағандықтан: «Мені жайыма қалдыр, саған мұндай қайғы келген жоқ!» – деп дауыстады. Кейін оған: «Бұл Пайғамбар еді ғой!» – деп айтылды. Әйел Пайғамбардың есігінің алдына келіп, онда қызметші жоқтығын байқады. Пайғамбарға: «Мен сізді танымай қалдым!» – деді. Пайғамбар оған: «Расында сабыр алғашқы соққы келгенде сақталуы қажет», – деп ескертті (имам Бұхари, Мүслим).

Ешкім басына сынақты сұрап алмайтындығы ақиқат. Алайда, қандай да бір пенденің басына сынақ қелетін жағдай болса, Алла Тағаладан жәрдемін сұрай отыра, тиісті дәрежеде сабыр ете білуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Ғымран» сүресі, 139-аятында:

وَلاَ تَهِنُوا وَلاَ تَحْزَنُوا وَأَنْتُمُ الأَعْلَوْنَ إِنْ كُنْتُم مُّؤْمِنِينَ

«Кейімеңдер де қайғырмаңдар. Егер мүмин болсаңдар, әлбетте үстем боласыңдар», – деп айтқан.

Сондықтан, адам баласы басына түскен өмірдегі өтпелі қиыншылықтар үшін шыдамсыздық танытып, өзіне берілген өмір атты ұлы аманатқа қиянат жасауына болмайды. Бұлайша қайғыға салынып, өзіне қол жұмсау – тек өзінің қара басын ғана ойлайтын адамдардың ісі. Өйткені, ол басына түскен қиыншылықтан құтылу үшін жанын қияды. Бірақ, артында жүректері езіліп, еңіреп қалған ата-анасын, туыстарының қайғылы жағдайға душар болатындығын еш ойламайды.

 

Төртінші: Үмітсіздікке салынбау

Жаратушыға иман еткен жан әрқашан болашаққа үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды қайғыға душар етіп, күйзеліске түсіріп, оның бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды. Осы себепті қандай сынақ келмесін, әрбір сынақтан кейін жеңілдік келетінін ескеріп, еш уақытта үмітсіздікке салынуға болмайды. Жер бетін басқан түннің қара түнегінен кейін атқан таңның шуағымен айналаның нұрға бөленетіндігі қандай ақиқат болса, қайғы-мұңға батқан жанның да қайғысы сейіліп, артынан жеңілдік келері хақ. Сол келетін жеңілдіктен үмітін үзіп, қайғыға салыну мүмин адамға жарасатын іс емес. Алла Тағала қасиетті Құранның «Жүсіп» сүресі, 87-аятында:

وَلاَ تَيْأَسُوا مِن رَّوْحِ اللهِ إِنَّهُ لاَ يَيْأَسُ مِن رَّوْحِ اللهِ إِلاَّ الْقَوْمُ الْكَافِرُونَ

«Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер. Анығында, Алланың мейірімінен қарсы болған қауым ғана үмітін үзеді», – деп айтқан.

Келешекке үмітсіздік танытып, күмәнмен қараған адам жақсылыққа жете алмайды. Халқымызда: «Үмітсіз шайтан», «Шықпаған жанда үміт бар», «Үмітсіз жаннан без, қайырсыз малдан без», – делінген нақыл сөздер біздерді үмітсіздікке салынбауға шақырады. Бұқар жырау бабамыз да:

Жақындап ажал тұрса да,                                                                          

Жанына қылыш ұрса да,

Қалжырап, көңіл қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да –

Үмітін жоймас адамзат! – деп, ешқашан жақсылықтан үмітті үзбеу керектігін айтқан.

Абай хәкім: «Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де бір антұрғандық», – деп, қайғы-мұңға салынып, әрекетсіз жатуды антұрғандық деп атаған. Кейбір дана адамдар басына сынақ келгенде, оған мойымай, мән де бермей: «Өмір болмашы нәрсеге көңіл бөлу үшін өте қысқа», – дейді екен. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының: «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады», – деуі осыдан.

 

Қадірменді жамағат!

Жаратушымыз қандай да бір істі бұйырған болса, оны орындауда адамдар үшін екі дүниеде қайыр-жақсылық бар. Сол сияқты қандай да бір іске тыйым салып, қайтарған болса, ол істе екі дүниемізге келетін зиян бар. Бүгінгі жұма уағызымыздың тақырыбы осындай тыйым етілген іс адамның өз-өзіне қол жұмсауы турасында болды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 29-аятында: 

وَلاَ تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا

«Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді», – деп айтқан.

Тәпсірші ғалымдар Жаратушы Раббымыздың: «өз-өздеріңді өлтірмеңдер», – деген тыйымында бірнеше мағына бар екендігін айтады. Ең әуелгі тура мағынасы адамның өзіне-өзі қол жұмсауына, қазіргі заманның тілімен айтқанда «суицидке» тыйым салу. Одан соң: «Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді», – деген сөздердің келуі тегін емес. Өйткені адамның өзін өлтіруіне ең алдымен үмітсіздік себеп болады. Сондай-ақ, Алланың адамзатқа нәсіп еткен сан мыңдаған нығметтеріне көз жұма қараушылықтың да әсері жоқ емес. Ал Жаратушымыз Алла Тағала адамзат баласын мейірім әрі махаббатпен жаратқан. Ендеше, бұл аяттан «Алла Тағала сендерге осынша мол нығметті үйіп-төгіп беріп, ерекше мейірім танытқанда, қалайша сендер өздеріңе қол жұмсайсыңдар», – дегендей мағынаны да аңғаруға болады.

Алла Тағала баршамызға ізгі де салихалы ғұмыр нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі ниет-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру