Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ІШІМДІКТІҢ ЗИЯНЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 30.12.2022 4934 0 пікір
ІШІМДІКТІҢ ЗИЯНЫ

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

  

Алла Тағала адам баласына адал еткен дүниелерінде міндетті түрде пайда, ал арам еткен дүниелер екі дүниемізге  де зиян алып келері белгілі. Дініміздегі осындай арам етілген нәрселердің бірі – ішімдік. Жалпы ішімдік атауы ішуге болатын барлық сұйық заттарды білдіргенімен, дініміз бен дәстүрімізде бұл атау ішуге болмайтын, мас қылатын сұйық заттарға қатысты қолданылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 90-91-аяттарында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ.  إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللّهِ وَعَنِ الصَّلاَةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілік орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?!» – деп айтқан.

Дінімізде харам атаулының екі түрі бар. Олардың біріншісі жаратылысынан харам болған нәрселер болса, екіншісі адалдан харамға айналған заттар. Мысалы, бидай, жүзім, сияқты жемістердің адамға пайдасы мол екендігі белгілі. Алайда, оларды ашыту арқылы адамның басын айналдырып, ақылдан адастыратын затқа айналып, харам болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّ مُسْكِرٍ خَمْرٌ وَكُلُّ مُسْكِرٍ حَرَامٌ

 «Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас қылатын нәрсе харам», – деген (имам Тирмизи).

Сан ғасырдан бері дінін қадірлеп, дәстүрін құрметтеген ата-бабаларымыз ақ дастарқанына адалдан өзгені жолатпаған. Жүсіп Баласағұни бабамыз:

Шарап ішпей, бәледен жүр қашықта,

Байқа, атанба зинақор да, пасық та.

Сақ бол, шарап, зинақорлық күйгізер,

Олар тонын кедейліктің кигізер, –  деп өсиет қалдырған.

Халқымыздағы:  «Арақ – атаңнан қалған ас емес», «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де», «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені», – делінген ұлағатты сөздерде біздер үшін үлкен тәлім бар. Бауыржан Момышұлы атамыз «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деп айтқан.

Арақтың адам баласының дүниесі мен ақыретіне келіретін зияндары өте көп. Соның негізгілеріне тоқталар болсақ мынадай:

 

Бірінші: Адамды ақылынан айырады

Арақ Құранда «әл-хамру» деп аталады. Бұл сөз араб тілінде «жасырып тұру» деген мағынаны білдіреді. Себебі арақ адамның ақылын жасырын улайды. Адамның бойындағы ең құнды нығметтердің бірі ақыл десек, арақ ішуші өз қолымен өз ақылын, тек ақылын ғана емес, санасын да алжастырады. Хазіреті Әбу Бакр (Алла оған разы болсын): «Арақ адамды тақуалығынан жұрдай етеді. Өйткені арақ ішкен адам ақылын жоғалтады», – деген.

Жүсіп Баласағұн бабамыз:

Әркім-ақ шарап ішсе мас болады, 

Іштегі барлық сыры паш болады.

Білімді ішсе – наданның кейпін киіп, 

Надан ішсе – жасайды масқараны, – деген сөздерінде түсінген адам үшін үлкен ғибрат жатыр.

Әдетте улы суды ішушінің парасат, төзімділік сезімдері жоғалатындықтан олар күнәлі істерді іркілмей жасай береді. Өзгеге тіл тигізіп, аузына түскен сөзді айтады, ұрыс-жанжал шығарады, қолында барды жөнсіз шашады, ретсіз күледі, кейде жылайды, ертеңінде есін жиғанда ғана қандай абыройсыздыққа тап болғандығын сезінеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

اجْتَنِبُوا الْخَمْرَ فَإِنَّهُ وَاَللَّهِ لَا يَجْتَمِعُ إيمَانٌ وَإِدْمَانُ الْخَمْرِ فِي صَدْرِ رَجُلٍ أَبَدًا لَيُوشِكَنَّ أَحَدُهُمَا يُخْرِجُ صَاحِبَهُ

«Арақтан аулақ болыңдар! Уаллаһи, иман мен араққа мас болу бір адамның кеудесінде ешқашан қатар тұра алмайды. Ол екеуі бірін-бірі шығарып жіберуге тырысады», – дейді (имам Байһақи).

Ертеректе бір ғалымнан «арақтың неліктен арам етілгендігін түсіндіріп беріңізші», – деп өтінгенде, ол кісі мынадай мысал келтірген екен: «Өгізді егіннің қасына әкеп байлап қойса, ол өгіздің ақылы арқанында болады. Арқаны үзілген кезде егінді таптап, құртады. Сол сияқты адам атаулының да ақылы байлаулы болады. Ол ақыл арақ ішкен кезде үзіледі. Арақ ішкен пенде тура сол өгіз сияқты не істеп, не қойып жүретіндігін өзі бақылай алмайды. Ақылдыны санасызға, абыройлы адамды абыройсыздыққа душар етеді. Сол үшін бұл арақ арам етілген», – деп жауап берген екен.

Шынымен де, араққа мас болған адам ақылынан айырылып, өзін игере алмай, күнә мен сауаптың, пайда мен зиянның ара жігін ажыратудан қалады. Хакім Абай «Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі, не пайда, не залалды біле алмай жүр», – деп айтқанындай, арақ атаулының адамзатқа берер ешқандай пайдасы жоқ екендігін әр адам саналы түрде ұғынғаны жөн.

 

Екінші: Күнәға душар етеді

Дінімізде арақ ішудің үкімі – харам. Ибн Хажар әл Хайсами (Алла оны мейіріміне бөлесін): «әз-Зауажир» атты кітабында: «Тіпті бір тамшы болса да арақ ішу, үлкен күнәлардың қатарына жатады», – деп жазған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لُعِنَتْ الْخَمْرُ عَلَى عَشَرَةِ وُجُوهٍ، لُعِنَتْ الْخَمْرُ بِعَيْنِهَا وَشَارِبِهَا وَسَاقِيهَا وَبَائِعِهَا وَمُشْتَرِيهَا   وَعَاصِرِهَا وَمُعْتَصِرِهَا وَحَامِلِهَا وَالْمَحْمُولَةِ إلَيْهِ وَآكِلِ ثَمَنِهَا

 «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады», – деген (имам Әбу Дәуд).

Алла Тағала арақты бірден емес, бірнеше саты бойынша харам еткен. Алғашқыда ешқандай тыйым болмағандықтан мұсылмандар да оны ішетін. Сол кезде хазіреті Омар, Мұғаз сияқты сахабалар және басқа да кісілер ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың елшісі, бізге арақ туралы пәтуа беріңіз, өйткені ол ақылды кетіреді, еріксіз ақша шығындатады», – дейді. Сол кезде Алла Тағаладан:

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ قُلْ فِيهِمَا إِثْمٌ كَبِيرٌ وَمَنَافِعُ لِلنَّاسِ وَإِثْمُهُمَا أَكْبَرُ مِن نَّفْعِهِمَا

«Олар сенен арақ, құмар туралы сұрайды. Оларға: «Екеуінде де зор күнә бар. Адамға пайдасы бола тұра, пайдасынан күнәсі басым де», – делінген аят түседі («Бақара» сүресі, 219-аят).

Осы аяттағы «күнәсі көбірек» деген сөзге қарап бір топ адам арақ ішуді тастап кетті. Ал кейбіреулері ішулерін жалғастыра берді. Бірде Әбдурахман ибн Әуф мұсылмандардың біразын тамаққа шақырып, арақ құяды. Сол кезде ақшам намазының уақыты кіріп қалады да, араларынан біреуін имамдыққа шығарып намаз оқи бастайды. Имамдыққа шыққан сахаба «Кәфирун» сүресіндегі «Сендердің құлшылық қылған нәрселеріңе құлшылық қылмаймын» деп оқудың орнына мастықпен қателесіп: «Сендердің құлшылық қылғандарыңа құлшылық қыламын» деп аятты қате оқиды. Осы жағдайдан кейін «Ниса» сүресі, 43-аятындағы:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَقْرَبُواْ الصَّلاَةَ وَأَنتُمْ سُكَارَى حَتَّىَ تَعْلَمُواْ مَا تَقُولُونَ

«Әй, мүміндер! Сендер мас болып, не айтқандарыңды білгенге дейін намазға жақындамаңдар», – делінген тыйым түсті.

Бұл аятта намаз үстінде мас болып тұруға тыйым салынды. Осы аятқа орай тағы бір топ адамдар «Біздің намаз оқуымызға кедергі жасайтын нәрседе ешқандай жақсылық жоқ» деп арақтан тыйыла бастайды.

Бірде Ғатбан ибн Малик мұсылмандарды қонақ етеді. Олардың арасында Сағд ибн Аби Уаққас (Алла оған разы болсын) та бар еді. Олар тамақтанады, арақ ішіп әбден қызып алғаннан кейін кезектесіп өлең оқи бастайды. Сол кезде олардың бірі өз қауымын мадақтап, ансарлардың ашуына тиіп кетеді де олардың бірі түйенің жақ сүйегімен бір қойып, Сағдтың басын жарып тастайды. Сағд ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шағымданып барғанда, Алла Тағала «Мәида» сүресіндегі аятты түсірді де, арақ толығымен харам етілді. Ол аятта:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ.  إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللّهِ وَعَنِ الصَّلاَةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілік орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?!» – деп айтылды («Мәида» сүресі, 90-91-аяттар).

Осы аятты естігенде, Омар (Алла оған разы болсын): «Тыйылдық, Раббым, тыйылдық» деп айтып ендігәрі мұсылмандар араққа жоламайтын болды. Сол кезде Мәдина көшелерімен бірнеше күн бойы арақ ағып жатқандығы айтылады. Осылайша дана шариғатымыз адамдардың нәпсісін ескеріп, олардың жаны құмар істі бірте-бірте харам еткен. Осылайша көптеген күнәлі іске себепші болатын ішімдік атаулы барша мұсылмандар үшін харам болды.

 

Қисса

Ертеде бір тақуа адам өмір сүріпті. Күндердің бірінде ниеті бұзық бір әйелдің әлгі адамға көңілі ауады. Қол астындағы күңін жұмсап әлгі адамды үйіндегі бір ісіне көмекке шақырады. Ол кісі көмек беруге келісіп, әйелдің үйіне келеді. Әйел тақуа кісіні үйге кіргізеді де, күңіне айтып, үйді сыртынан бекітіп тастайды. Бастапқыда не болғанын түсінбей дағдарған тақуа кісі сәлден кейін мән-жайды түсіне бастайды. Сол кезде барып, үйдің ішінде бір сұлу әйелдің отырғанын, жанында кішкене бала мен бір құмыра арақ тұрғанын байқайды. Әлгі әйел оған: «Саған үш шарт қоямын. Менімен көңілдес боласың, бұған келіспесең мына баланы өлтіресің, ал бұған да келіспесең, мына тұрған арақты ішесің» – дейді. Әрі-бері ойланып, ешбір амал таппаған әлгі кісі ақыры бір кесе арақ ішіп құтылуды жөн көреді. Арақты ішкеннен кейін қыза бастайды да, әйелдің құйып берген тағы бір кесесін ішіп жібереді. Бірнеше кесе ішіп мас болған соң, нәпсісіне ие болмай, әйелмен зина жасайды. Сонан осының бәріне куә болған жас сәбиді де өлтіріп тынған екен.

 

Үшінші. Денсаулыққа зиян әкеледі

Денсаулық – адам баласына берілген үлкен нығмет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ

«Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген (имам Бұхари). 

Денсаулықтың қадірін білудің бір жолы – адал аспен тамақтану. Атақты ғалым Ибн Касирден (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Алланың адал еткенінің барлығы жақсы, ол оның денсаулығына және дініне оң пайдасын береді. Ал харам етілгеннің барлығы лас деп танылып, адамның тәні  мен  дініне зиян келтіреді», – деген сөз жеткен.

Ішімдік атаулына көп адам ішер уақытта: «денсаулық үшін» деп тілек айтқанымен,  ақиқатында ол денсаулыққа орасан зиян алып келеді.  Мысалы, ішімдік ми жасушаларын өлтіреді. Бұл, уақыт өте келе ұмытшақтық, депрессия, ақылсыздық, голлюцинация (елес) сияқты нәтижелерге әкеп соғады. Жүйке ұштарында қабынуды тудырады, осыған байланысты сезім қабілеті әлсірейді, тіл байлану, дірілдеу және ауыртпалықтар пайда болуы мүмкін. Жүрек бұлшық етінің үлкеюі, жүректің ұлғайып, қатты дүрсілдеп соғуы пайда болады. Кеңірдек обырына (ракқа), көмей тамырларының кеңеюіне себеп болады. Бауырды алдымен май басады. Алкоголдік гепатит және бауырдың циррозы пайда болады. Асқазан жасушаларын нашарлатып гастрит және язва ауруларын тудырады.  Бауыр бұзылғандықтан қанның құрамы өзгереді. Теріде дақтар, қызарулар, ісіктер, көз астында күлдіреулер пайда болады. Қанның құрамында кальций азайғандықтан, сүйектегі кальций қолданылады. Нәтижеде сүйектер әлсізденеді, тез сынғыш жағдайға ұшырайды. Сезім қабілетінде және жүріс-тұрыста келеңсіздіктер, әрекет еткенде бұлшық еттің қиналуы, қозғалыс координациясының бұзылуы, өзін-өзі жоғалту, немқұрайлы жүріс-тұрыс, аяқта тұруға қиналу сияқты істерге алып келеді.

Осыны ескерген әр адам Алла Тағаланың берген денсаулығын күтіп, оған зиян беретін кез-келген харам ас түрлерінен сақтануы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты  мен сәлемі болсын):

إنَّ اللَّهَ لَنْ يَجْعَلَ شِفَاءَ أُمَّتِي فِيمَا حَرَّمَ عَلَيْهِمْ

«Ақиқатында Алла менің үмбетіме харам қылынған нәрселерден шипа жасамайды», – деп ескерткен (имам Әбу Дәуд).

 

Қадірменді жамағат!

Кезінде Тайжан биден «ақырзаман қашан болады?» – деп сұрағанда, ол кісі ақырзаман белгілерін айта келіп:

Ашытқан судан асы болады,

Адал-арамды білмейді.

Азған адам осы болады,

Адамда шолақ өмір болады, – деп жауап беріпті.

Ішімдік – рызық-несібенің берекесін кетіреді, қорлық пен бейшаралық, тапшылық, уайым мен қайғы-қасірет алып келеді. Арақтың мінез-құлыққа, қоғамға, рухани өмірге, қаржыға, денсаулыққа тигізер кесірі өте көп. Сондықтан шайтанның сусынынан өзіміз аулақ болып, өзгені де одан тоқтатуға тырысайық.

Алла Тағала баршамызды Өзінің бұйрықтарын орындаған, тыйыл дегендерінен тыйылған ізгі құлдары қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру