Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАСИЕТТІ ҚҰРАНДАҒЫ МҮМИННІҢ СИПАТЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 22.04.2022 3460 0 пікір
ҚАСИЕТТІ ҚҰРАНДАҒЫ МҮМИННІҢ СИПАТЫ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранның толықтай бір сүресін «Муминун», яғни «мүминдер» деп атаған. Осы сүренің өзі мүмин кісінің ардақты, құрметті екендігіне дәлел. Алайда мүмин кісі соған лайықты дәрежеде көңіл бөліп, соған сай амал жасауы керек.

Сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді:  

لَقَدْ أُنْزِلَ عَلَيَّ عَشْر آيَات مَنْ أَقَامَهُنّ دَخَلَ الْجَنَّة ثُمَّ قَرَأَ قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ حَتَّى خَتَمَ عَشْر آياتٍ

«Маған он аят түсті. Кім оларды орындаса, жәннатқа кіреді», – деп, содан соң قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ «Шынында иман келтірген муминдер құтылды» деген аяттан бастап, оныншы аятты тәмамдағанға дейін оқыды» (Хадисті имам Тирмизи риуаят етті).

Атақты тәпсіршісі Ибн Кәсир (Алла оны рақымына алсын) «Муминун» сүресінің бірінші аятын төмендегідей тәпсірлеген: «Алла Тағаланың: «Шынында мүминдер құтылды», – дегені, яғни жетістікке жетіп, бақытқа және құтылуға қол жеткізді. Олар мына сипаттармен сипатталған мүминдер», – деп одан кейінгі келген аяттарда айтылған мүминдердің сипаттарын меңзеген болатын.

Сонымен аталмыш сүренің алғашқы аяттарына тоқталатын болсақ, олар мүминдерге тән мынадай алты сипатпен басталған.

 

Бірінші сипат:

الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ

«Олар сондай мүминдер, намаздарында (Аллаға) шын ықыластарымен, барынша кішіпейілділік танытатындар».

Атақты сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын)  خَاشِعُونَ деген сөзді «Намаздарында қорқынышпен және тыныш тұрғандар», – деп тәпсірлесе, Мұхаммед Али ас-Сабуни: «Олар намаздарында Алланың ұлылығы мен құдыретінің алдында жүректерін үрей басып, мойынсұнған күйде қорқынышпен тұратындар», – деп түсіндірген.

Мұхаммед ибн Сирин (Алла оған разы болсын):

كَانَ أَصْحَاب رَسُول اللَّه صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَرْفَعُونَ أَبْصَارهمْ إِلَى السَّمَاء فِي الصَّلَاة فَلَمَّا نَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَة " قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتهمْ خَاشِعُونَ " خَفَضُوا أَبْصَارهمْ إِلَى مَوْضِع سُجُودهمْ

«Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары намазда көз жанарларын аспанға көтеретін еді. Алайда,

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتهمْ خَاشِعُونَ

«Шынында иман келтіргендер құтылды. Олар сондай мүминдер, намаздарында (Аллаға) шын ықыластарымен, барынша кішіпейілділік танытатындар» деген аят түскен соң, көздерін сәжде орындарына бағыттайтын болды», – деген.

Кейбір ғалымдар «Хушуғ» деген сөзді намазда денесінің бір бөлігімен ойнап тұрудан және артық қимылдан аулақ болу деп түсіндірген. Олардың келтірген дәлелі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазда өзінің сақалымен ойнап отырған кісіні көріп:

لَوْ خَشَعَ قَلْبُ هَذَا لَخَشَعَتْ جَوَارِحُهُ

«Егер мынаның жүрегі тынышталғанда дене мүшелері тынышталар еді», –деп ескерту айтқан. Сахаба Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ  «Олар сондай мүминдер, намаздарында (Аллаға) шын ықыластарымен, барынша кішіпейілділік танытатындар» – деген аят жайында: «Хушуғ» ол – жүректе болады. Бұл – мұсылман адамға алақаныңды иіп, намазыңда (қажетсіз қимылдар жасамауың) жан-жаққа бұрыла бермеуің», – деп айтқан.

 

Екінші сипат: 

وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ

«Олар, пайдасы жоқ, бос нәрселерден бас тартатындар».

Аяттағы  اللَّغْوُ «Әл-Лағу» сөзі Ибн Кәсир (Алла оны рақымына алсын) тәпсірінде: «Ширк пен күнәні қамтыған (батыл) жалған істер, сондай-ақ, пайдасыз сөздер мен істер жатады», – деп тәпсірлеген.

Ал тәпсірші Али ас-Сабуни «Сафуату әт-Тәфәсир» тәпсір кітабында: «Өтірік, балағат, әзіл сөздер», деп түсіндірілген. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Жаман сөз айтушы мен оны басқаларға жеткізуші күнәда тең», – деген. Келесі бір хадисте: «Мүмин жәннатқа кірмейінше жақсы сөзді тыңдаудан жалықпайды». «Мүмин басқаларды масқараламайды, әдепсіздік істемейді, ұятсыз болмайды және лағынет айтпайды», – деп айтқан.

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүминдердің абзалы – жүрегі таза, тілі шыншыл болған мүмин», – дейді. Сонда қасындағы сахабалар: «Таза жүрек қандай болады?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол тақуа, күпірліктен таза, күнә істеу ниеті мен әділетсіздіктен аулақ, кек сақтамайтын және күншіл болмаған жүрек», – деп жауап береді.

Демек, мүмин тек жақсы сөз сөйлеп, оған құлақ асып, өсек-аяңнан т.б. жаман сөздерден күнә істерден аулақ болады. Жаратқан Алла «Фұрқан» сүресінің 72-ші аятында мүминдер жайлы былай деген:

وَإِذَا مَرُّوا بِاللَّغْوِ مَرُّوا كِرَامًا

«Әрі олар өтірік нәрселерге қатыспайды және бос нәрселердің (пайдасыз бос сөздер мен істердің) жанынан өткенде, өз қадір-абыройын сақтап өтеді».  

 

Үшінші сипат:

وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ

«Олар, зекеттерін береді».

Зекет – ислам дінінің негізгі бес тіректерінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда: тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағыналарды білдірсе, шариғатымызда зекет деп – нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады. Алла Тағала мүминдерді сипаттағанда олар зекетті кешіктірмейді, өз уақытында береді деп баяндаған. Сондықтан мүмин кісі өзіне берілген байлықтың бір мөлшерін мұқтаж жандарға, кедей-кепшіктерге беруі тиіс. Сонда ол Құранда сипатталған нағыз мүмин болады.

Бұрынғы ізгілер қолдарындағы дүние-мүліктері нисап мөлшеріне жетсе, дереу зекет беруге асығады екен. Тіпті кеш батса, таңға дейін аман шыға аламын ба деп қорқатын болған.

 Міне, зекет беруші өзін де құтқарады, өзгені де құтқаратын парыз құлшылық.

 

Төртінші сипат:

وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ إِلَّا عَلَى أَزْوَاجِهِمْ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ فَإِنَّهُمْ غَيْرُ مَلُومِينَ فَمَنِ ابْتَغَى وَرَاءَ ذَلِكَ فَأُولَئِكَ هُمُ الْعَادُونَ

«Олар, ұятты жерлерін сақтайды. Тек адал жұбайлары мен қоластындағы күңдеріңнің жөні бөлек, оларға сөгіс жоқ. Ал кімде-кім бұлардан басқаны іздесе, міне солар нағыз шектен шығушылар».

Яғни, мүминдер тек ұятты жерлерін некелі жұбайларына ғана арнайды. Ал кімде-кім адал некелі әйелінен басқа ойнас пен зинаны қаласа, Алланың дінінде шектен шығып, зор күнәға бой алдырады. Нағыз мүмин ары мен ұятты жерін зинадан сақтайды.

Зина жасау мүминнің рухани жандүниесін құрдымға жетелейтін арсыз іс. Адам зина жасаған сәтінде мүмин ретінде зина етпейді және шынайы мұсылман мұндай әрекетке бармайтыны жайында хадисте былайша баяндалады: «Зина жасаған кісі зина жасаған кезде мүмин ретінде зина етпейді (иманы жоғалады)» (Имам Бұхари).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам баласын жұмаққа жетелейтін амалы жайында мынадай кепілдік берген. Хадисте:

مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ

«Кімде-кім маған мына екі нәрседе: біріншісі, екі жақ арасындағы тіліне, екіншісі, екі аяқтың арасына (әуретіне) жамандық жасамауға кепілдік берсе, мен сендерге жәннатқа баратындарыңа кепілдік етемін», – деген.

 

Бесінші сипат:

وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ

«Олар өздеріне сеніп тапсырылған аманаттарды қорғаушы, уәделерін орындаушы».

Шын мүминдер аманаттарына бекем болады, өздеріне аманат ретінде тапсырылған затқа қиянат жасамайды. Егер біреуге сөз берген болса, сөздеріне берік болады, яғни уәдесінде тұрады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланыі салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Мүминнің әдептілігі: сөйлегенде дұрыс сөз сөйлеу, сөйлеушінің сөзіне құлақ асу, кездескенде көңілді болу, уәде берсе уәдесінде тұру», –деген.

 

Алтыншы сипат:

وَالَّذِينَ هُمْ عَلَى صَلَوَاتِهِمْ يُحَافِظُونَ

«Олар, намаздарына ұқыпты, яғни намаздарына берік».

Мүмин адам намазына аса ұқыптылық танытып, өз уақытында өтейді. Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Мен Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың алдындағы ең сүйікті амал қайсысы? – деп сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уақытында оқылған намаз», – деді.

Міне, жоғарыда баяндалғандай бойында осындай сипаттар табылған мүминдерді Алла Тағала фирдауыс жәннатымен сүйіншілейді. Осы сипаттардан соң мынадай аят баяндалады:

أُولَئِكَ هُمُ الْوَارِثُونَ الَّذِينَ يَرِثُونَ الْفِرْدَوْسَ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ

«Міне, солар нағыз мұрагерлер. Олар онда мәңгі қалатын фердауыс жәннатына мұрагер болады».

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жәннатта жүз дәреже бар. Ол дәрежелердің бірі мен екіншісінің арасы жер мен көк арасының ұзақтығындай. Фердаус жәннаты – олардың ең үстіңгі қабатында тұрғаны. Жәннаттың төрт өзені осы жерден шығады. Оның үстінде Аршы бар. Егер Алладан жәннат сұрасаңдар, осы Фердаусты сұраңдар».

 

Жаратушы Хақ Тағала мүмінге тән сипаттар бойымыздан табылуын және фирдаус жәннатымен сүйіншіленген құлдардың қатарында болуды нәсіп етсін!

 

Құрметті жамағат!

Құранмен өмір сүретін адам махаббатын да Құранмен өмір сүретін мүминдерге арнайды. Мүминдердің құрметке бөленулеріне де кейбір ерекшеліктер мен сипаттар бар. Аллаға иман келтірген пенде өзге мүминдердің бойынан да сол ерекшеліктер мен сипаттарды іздейді, оны мүминнің бойынан көргендігі үшін оны жақсы көреді. Ал бұл ерекшеліктер бір кісінің бойынан қаншалықты жақсы көрінген сайын, оған деген құрметі де соншалықты арта түседі.

Қасиетті Құранда жоғарыда айтқан сипаттардан бөлек мүмин құлдардың ерекшеліктері мен сипаттары туралы өте көп баяндалған. Солардың кейбіреулеріне қысқаша тоқталатын болсақ, «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарында былай деген:

الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ (٣) وَالَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْكَ وَمَا أُنْزِلَ مِنْ قَبْلِكَ وَبِالآخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَ

«Міне, олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды кемеліне келтіріп, толық орындайды, Біз өздеріне ризық етіп берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды. (Уа, Мұхаммед!) Сондай-ақ олар саған түсірілгенге (Құранға) әрі сенен бұрынғы түсірілгенге иман келтіреді және ақыретке кәміл сенеді». («Бақара» сүресі, 3-4 аяттар).

Міне бұл аятта да мүминдердің сипаттарын былайша тізбектейді:

Біріншіден, шынайы мүминдер ғайыпқа иман келтіреді. Яғни олар көздерімен көрмесе де ақыретте болатын жәннәт, тозақ, қайта тірілу, сырат көпірі, есеп беру т.б. ғайыбқа қатысты Алла Тағаланың және Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хабар берген нәрселерінің барлығына күмәнсіз иман келтіреді.

Екіншіден, намаздарын әдеп-шарттарын толықтырып кәміл түрде орындайды.

Үшіншіден, Алла Тағаланың өздеріне берген ризық-несібелерінен Оның жолында садақа етіп немесе басқа да игі шараларға жұмсайды.

Төртіншіден, олар Алла тарапынан келген барлық нәрсені растайды. Яғни мүминдер Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келген барлық нәрселеріне және одан бұрынғы пайғамбарлардың алып келгендерін де күмәнсіз растайды. Олар Алла Тағаланың түсірген кітаптары мен жіберген елшілерінің арасын бөліп-жармастан барлығын бірдей қабылдайды. Жәннат, тозақ, есеп беру, жаза беру, таразы сынды ақыреттік жағдайлардың барлығына айқын түрде иман келтіреді.

Адам баласының жаратылысы Алла Тағалаға құл болуға негізделген. Құл болудың алғашқы адымы күмәнсіз, таза сенімге ие болу мен тәслім болудан тұрады.

Қорыта айтқанда, мүмин адам өтірік айтпайды, қателікке бой алдырса қасарыспайды. Аллаға тәуекел етіп, сыпайылық танытады. Мұндай сипаттағы мүмин құлдар үшін Алла Тағаланың әзірлеп қойған сыйлықтары бар. Аятта ол сыйлық жайында былайша баяндалады:

أُولَئِكَ جَزَاؤُهُمْ مَغْفِرَةٌ مِنْ رَبِّهِمْ وَجَنَّاتٌ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهَا الأنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا وَنِعْمَ أَجْرُ الْعَامِلِينَ

«Олардың алатын сыйы Раббыларының кең кешірімі мен (жайқалған жасыл бауларының арасынан және зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағатын жәннат бақшалары болмақ. Олар сонда мәңгі-бақи қалып, бақытты ғұмыр кешеді. Білгенін іске асырып, игілікті іс атқарғанның сыйы неткен ғажап десеңізші!»

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мүмин барлық ісімен пайда келтіреді. Онымен бірге жүрсең де, одан кеңес сұрасаң да, онымен бір істе серік болсаң да пайда табасың. Мүминнің барлық ісі пайдалы», – деген.

Алла екі дүниеде шынайы мүминдердің қатарынан болуды баршамызға нәсіп еткей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру