Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам - бейбітшілік діні | жұма уағызы

21.05.2019 10610 0 пікір

Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», «ислам» яғни, бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады, ол Алла тағаланың «Салам»  деген көркем есімімен сабақтас.  Ал шариғаттағы мағынасы  толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа жалған құдайларға табынбау. Алла Тағала Құран Кәрімде:  

 

هُوَ الله الّذِي لَا إلَهَ إلَّا هُوَ الْمَلِكُ الْقُدُّوسُ السَّلامُ

Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол патша; өте пәк, есендік беруші[1].

Ислам - Aлла тағаланың Жəбірейіл періште арқылы сүйікті әрі соңғы  пайғамбары  Мұхаммедке ﷺ  жіберген ең соңғы діні. Ол адам баласына осы дүниеде және ақыретте бақытты өмір сүруге жетелейтін қағидалар жиынтығы.

Қазіргі уақытта әлемде 1,5 млрд-қа жуық мұсылмандар өмір сүреді және жыл өте бұл көрсеткіш өсе түсуде. Еліміздің тарихы мен мәдениеті көптеген ғасырлар бойы Ислам дінімен тығыз байланыста дамып келеді. Ислам - қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі болып табылады.

Исламның түбегейлі орнығуына VIII ғ. ортасында, 751 ж. Тараз қаласының маңындағы мұсылман әскербасы Зияд ибн Салих пен Қытай қолбасшысы Гао Сяньчжидің арасында болған Атлах шайқасында мұсылман әскері жеңіске жетіп, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерлері азат етілуі себеп болды. Мұсылман әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде ислам діні мен мәдениетінің қалыптасуына апарады.тX ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғ. басында Қараханит мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ мұсылмандықты қабылдады, ал оның ұлы Боғра-хан Һарун Мұса 960 ж. ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялады.
Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында исламды таратуда ұлы ойшыл Қожа Ахмет Яссауи (1166 ж. немесе 1167 ж. қайтыс болған) зор үлес қосты. Әмір Темірдің Яссауиге деген құрметінің белгісі ретінде XIV-XV ғғ. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынды, қазіргі таңда бұл тарихи жәдігер тек Қазақстандағы ірі мұсылмандық сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар, әлемдік озық үлгілердің бірі болып саналады.
Қазақ хандығы құрылғаннан бастап мұсылмандық құқықтық нормалaрынa жүгінді. Бaрлық қaзaқ хaндaры, соның ішінде Керей мен Жәнібектен бaстап ең соңғы қaзaқ ханы Кенесары (1847 ж. қайтыс болды.) өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін айтып кеткен. 
Тәуке ханның (шамамен 1718 ж. қайтыс болды) «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген.


Соңғы уақытта әлемдік ғаламторда,  БАҚ өкілдері тарапынан исламға қатысты таңылып жатқан қара дақтардың бұл пәк дінге ешбір қатысы жоқ. Ислам  терроризм,  экстримизммен, сондай-ақ күштеп жаулап алумен  түбегейлі байланыспайды. Бұл асыл діннің негізгі құндылықтарына мән бермегеннің, діни сауатсыздықтың белгісі. Әу баста  ислам - әлемге тек бейбітшілік әкелу үшін жіберілген соңғы дін. Кейбір қаламгерлердің исламның тек қылышпен жайылды деген негізсіз сөздері бұл дінге деген жала жабу, исламның адами құндылықтары жайында хабарсыздығы. Қару алып күш көрсету тек Oтанға, жеке өмірге қауіп төнген жағдайда ғана қолданылады. Ұлы тәрбиеші Пайғамбарырымыз ﷺ өзінің сахабаларына былай деп айтқан:

لاَ تَتَمَنَّوْا لِقَاءَ الْعَدُوِّ، وَسَلُوا اللهَ الْعَافِيَةَ

Жаумен кездесуді игі тұтпаңдар, керісінше Алладан амандық сұраңдар[2].  Шынайы мұсылманның табиғатында озбырлық, біреуге күш көрсету секілді жаман қылықтар болмайды.

Ал, егер Отанға, елге, отбасыға қауіп төнген  жағдайда әрбір мұсылман қасық қаны қалғанша қорғауға міндетті. Алла Тағала:

     أُذِنَ لِلَّذِينَ يُقَاتَلُونَ بِأَنَّهُمْ ظُلِمُوا وَإِنَّ اللهَ عَلَى نَصْرِهِمْ لَقَدِيرٌ * الَّذِينَ أُخْرِجُوا مِنْ دِيَارِهِمْ بِغَيْرِ حَقٍّ إِلاَّ أَنْ يَقُولُوا رَبُّنَا اللهُ

Шынында шабуыл жасалып, зұлымдыққа ұшырағандарға соғысу үшін рұқсат берілді. Күдіксіз Алланың оларға жәрдем етуге күші толық жетеді. Олар сондай жазықсыз: "Раббымыз Алла" дегендіктерінен ғана жұрттарынан шығарылғандар.[3] 

Бұл жерде соғысқа рұқсат берілуі  аятта келгендей тек зұлымдыққа ұшырағанда, елдерінен күштеп шығарылғанда. Осыған ұқсас басқа аятта:

وَقَاتِلُوا فِي سَبِيلِ اللهِ الَّذِينَ يُقَاتِلُونَكُمْ وَلاَ تَعْتَدُوا إِنَّ اللهَ لاَ يُحِبُّ الْـمُعْتَدِينَ

Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла (Т.) шектен шығушыларды жақсы көрмейді[4].

Бұл жердегі аяттарда өздерімен соғысқандармен ғана соғысу міндетті екенін меңзейді. Аяттағы шектен шықпаңдар деген әмір, сол секілді сендермен соғысқандар деген аяттар соғысты мұсылмандар бастамайтынын көрсетеді. Ислам дінінің бейбіт дін екенінің тағы бір дәлелі ой, сенім бостандығына еркіндік бергендігі. Бейбітшілік аясына мұсылмандарды ғана сыйдырып қоймай, басқа дін өкілдерін де бауырына басады, оларды өз діндеріне кіруге мәжбүрлемейді, басқа секталар секілді үйді-үйге жүріп соңынан қалмай, қаламаса да оларға дінді жеткізуге тырыспайды. Алла тағала Құран Кәрімде айтады:

  لَا إكْرَاهَ فِي الدِّينِ 

Дінде зорлық жоқ[5].

 

Әрбір адам өзінің ықтиярымен, қанағаттана отырып, ол дінге толық сенім артқаннан кейін барып қабылдайды. Ал біреуді күштеп немесе ақшалай көмек жасап, оның есесіне дінді қабылдатқызу - ол исламнан емес.

 

وَلِكُلِّ وجْهَة هُوَ مُوَلِّيها فَتَسْتَبِقُوا الْخَيْرَاتٍ 

 

Әр адамның  бет берген бір құбыласы бар. Жақсылыққа асығыңдар[6]

«Әркімнің бір бет алатын құбыласы бар» деген сөздің мағынасы әркімнің өзінің жолы, ұстанымы бар деген сөз. Алла Тағала басқа бір аятта Пайғамбарымызға ﷺ былай дейді:

فَإنْ أَسْلَمُوا فَقَدْ اهْتَدَوْا وَإنْ تَوَلَّوْا فَإنَّما عَلَيْكَ الْبَلاَغُ

Егер олар мұсылман болса, онда олардың  тура жол тапқаны. Ал егер олар бет бұрып кетсе, (саған ешқандай зиян жоқ) сенің міндетің тек жеткізу ғана [7]

Алла Тағала тарапынан келген соңғы дін ислам болғандықтан, қабылданатын дін де тек ислам болмақ, ол жөнінде Алла: 

  إنَّ الدِّينَ عِنْدَ اللهِ الِإسْلَام 

Алланың қасындағы шынайы дін - Ислам.[8]

Дегенмен, исламға шақырғанда адам баласының бойында хикмет, сабырлық тағы басқа мұсылман сипатталу керек қасиеттер болуы ләзім. Алла Тағала Құран Кәрімде:

ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ ۖ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ ۚ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ ۖ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ 

Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі.[9]

Мұсылмандардың бейбіт сүйгіштігінің бір  дәлелі - олардың амандасуларында. Әрбір мұсылманның «Ассаламу алайкум» деуі «мен саған аманшылық, бейбітшілік тілеймін» дегені. Алла тағала барлық мұсылмандарға амандасуға, сәлем жаюға әмір береді:

 

فَإِذَا دَخَلْتُم بُيُوتًا فَسَلِّمُوا عَلَىٰ أَنفُسِكُمْ تَحِيَّةً مِّنْ عِندِ اللَّهِ مُبَارَكَةً طَيِّبَةً

Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе (мұсылмандарға) Алла тарапынан болған берекетті де көркем амандасумен сәлем беріңдер[10]

          Пайғамбарымыздың ﷺ бір хадисінде:

 

أنَّ رَجُلًا سَأَلَ رَسُولُ اللهِ صَلّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ الْإِسْلَامِ خَيْرٌ قَالَ تُطْعِمُ الطَّعَامَ وَتُقْرِأُ السَّلَامَ عَلَى مَنْ عَرَفْتَ وَمَنْ لَمْ تَعْرِفْ

«Бір адам: «Иә, Расулулла ﷺ  ! Исламдағы ең жақсы амал қандай?», – деп сұрағанда Расулулла ﷺ  : «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген»[11] . Демек, күнделікті біз мұсылмандар басқа адамдарға мейлі оларды таниық, танымайық сонда да оларға Алланың аманшылығын, бейбітшілігін тілеудеміз. Бұл - біздің мұсылмандық міндетіміз. Осындай адамның бойынан озбырлық, жаман әрекеттердің болуы - оның шынайы мұсылман емес екенінің дәлелі. Өйткені, мұсылман ол басқа біреуге қолымен де, тілімен де зиян келтірмеген адам. Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

 

«Мұсылман басқа бір мұсылманға  тілімен, қолымен зиян келтірмеген»[12]. Ал жазықсыз кісі өлтіру ол -  өте үлкен күнә. Алла Тағала         Құран Кәрімде:

 

وَمَنْ قَتَلَ نَفْساً بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأرْضِ  فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعاً

Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең.[13]

Ислам дінінің негізгі мақсаты әлемде бейбітшілік орнату деп айтқан болатынбыз, осы тұста кейбір дінді, ислам тарихын таяз білетін қаламгерлер ислами жорықтарды алға тартып, ислам дінін бейне қылыштың ұшымен жайылды деген тұжырымды алға тартуда. Ислам жорықтарына келмес бұрын пайғамбарлық келгенге дейін арабтардың өмірі қандай болды деген мәселеге тоқталсақ. Бұл орайда исламның алғашқы дәуірінде Мекке тұрғындарынан езгі көрген алғашқы мұсылмандар Хабашстан (Эфиопия) еліне көшіп барған еді. Сол кезде Хабашстан патшасы Нежашидің алдында сөйлеген Жафар бин Әбу Талибтің сөзі арабтардың  сол уақыттағы жағдайынан айқын көрініс береді. Ол арабтарды былай сипаттағaн: «Әй елбасы! Біз надан ұлттың ішінде жүрген жан едік. Пұттарға табынатынбыз. Өлекселерді жейтінбіз. Әртүрлі жаманшылықтарға баратынбыз. Туысқандарымызбен қарым-қатынас жасамайтын едік. Көршілерімізге жаманшылық істейтін едік. Қуатты байлар әлсіз кедейлерді аяусыз пайдаланатын. Алла тағалаға шүкір, арамызда ата-бабасынан танымал қадірлі де қасиетті, өзі де халық арасында абыройлы, әділетті болып танылған адам пайғамбар болды. Алла осы пайғамбар арқылы бізді бұл қараңғылықтан құтқарды[14]», деді.

Ислам кемеліне келіп, Құранның түсуі тоқтағаннан кейін мұсылмандарға бұл дінді Құранның тікелей әмірімен әлемге жаю міндет болды. Өйткені, Ислам әлемге жіберілген соңғы дін еді. Дін жаюда отарлау, қанау, елді құлдыққа айдау секілді мақсаттардан аулақ болды. Исламға дейін шөлде надандық дәуірінде өмір сүрген жабайы арабтар жарты ғасыр өтпей әлемнің ұстаздарына айналды. Исламның бір шеті - Африкадағы Мысыр, Ливияға жетсе, енді бір шеті - Орта Азияда Қытай шекарасына дейін  жетті. Ислам дінінен нәр алған халықтар бұл ақиқат діннің құндылықтарын зерттей келе, әлемде сол кезде теңдесі жоқ ғылым бұлақтарының көзін ашты. Медицина, астрономия, математика, химия ғылымдарының негізін қалап әлемге паш етті. Ислам жайылған бүкіл аймақтар өздерінің ұзақ шырт ұйқысынан оянды. Бұл аймақтарда білімнің сан саласы дамып, медицина, зерттеу орталықтары ашылды, әлем жұртшылығы басқа күйде өмір сүре бастады. Міне, бұл шынайы жиһад, шынайы Алла жолында күш жұмсау болды. Ал қазіргі Алла жолында өздерін «жиһадтамыз» деп санайтындардың соңында тек үйінділер ғана қалуда. Осы заманда исламды керағар түсінетін топтар арасында «ислами жанұя құрып, исламда өмір сүреміз» деушілерден «ислам үшін өліп жәннатқа кіреміз» деушілер көбейіп  кетті.  Алғашқы дәуір мұсылмандарында басқа елге әскермен кірудегі мақсат - ислам жаю болатын,  қазірдегідей әр жерде жарылыстар ұйымдастырып, бейкүнә бала-шаға, қарттар мен қарапайым халыққа зұлымдық жасамайтын.

Ислам шариғатынада бекітілген қағида бойынша бір елдің аумағына мұсылман әскері кірмес бұрын халқын исламға шақырып насихаттайтын, егер ислам қабылдаса ол ел ислам мемлекетінің бір бөлігі болып, жалпыға бірдей ислам шариғаты жүргізілетін. Ислам қабылдамаған жағдайда жизия (тән салығы) төленеді. Бұл салықтан ол мемлекеттің ұтатыны түгел жері мұсылман мемлекетінің аясына кіреді, сол себепті шекараларын өзге мемлекеттерден қорғау мұсылман мемлекетінің міндетінде болды. Ал, бұған келіспеген жағдайда басқа мемлекеттерге ислам жаюға кедергі болғандықтан соғыс жариялауға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта да осы пікірді ұстанатын деструктивті тұлғалар бар. Олар әлемді екіге бөледі: «дәрул ислам», яғни мұсылман мемлекеттері, «дәрул харб» әрдайым соғыстық жағдайда болу керек мұсылман емес мемлекеттер. Бұл мемлекеттермен соғысу оларға күштеп шариғат заңдарын жүргізуді заңды деп санайды.  Қазіргі уақытта әлемнің кез келген елінде мешіттер, ислами орталықтар жұмыс істейді, тіпті мұсылман емес Қытайдың өзінде 40 млн.-ға жуық мұсылмандар өмір сүреді. Ресейде, Индияда, Францияда да халықтың ауқымды бөлігін мұсылмандар алып жатыр, сол секілді ғаламторда әрбір мұсылман ешбір шекарасыз  дінді насихаттай алады. Сол себепті, ислам дағуаты бүкіл ғаламшарға жеткен. Алла Тағаланың:

ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ 

Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр[15], деген әмірі күшпен, қарумен емес, даналықпен, біліммен жаю керектігін меңзейді.

Тарихтан мысал келтірер болсақ, екінші халифа Омардың тұсында ислам әлемі етек жайып, көптеген жерлер халифа билігіне қарайды. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүре білді. Оның айқын көрінісі ретінде мысалға келтірсек Ислам әскері әһли кітап яғни христиан, яхуд дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын басып алғаннан кейін, ондағы тұрғындармен Хазіреті Омар 637 жылы былайша келісім шарт жасайды: «Бұл Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы: Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулеріне ешкім тұрғын үй есебінде жасамайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді[16]».

Бұл заманда дінді жаю тек бейбіт түрде болуы ләзім. Соғыс әрекеттерінің басталуы жайында шешім қабылдау тек Елбасының тікелей бұйрығымен жүзеге асады. Бір адамның немесе ғалымның жиһад немесе соғыс деп жариялауы орындалуы ләзім үкімге жүрмейді, өйткені ол жеке тұлғадан шыққан сөз.

 Ал, пайғамбарымыз ﷺ меңзеген нағыз жиһадқа келер болсақ, ол адамның өзінің нәпсісімен күресу, қызғаншақтық, тәкәппарлық, көреалмаушылық секілді лас сипаттардан бойын  арылту, сол секілді тілімен, жаман іс-әрекеттерімен  күресу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық», — деген кезде, сахабалары: «Уа, Расулуллаһ, «үлкен жиһад» деген не?»- деп, таңғала сауал қойды. Пайғамбарымыз ﷺ: «Ол — өз нәпсіңмен күрес»,- деп жауап қайырды[17].

 

Осы заман ғалымдарының пікірі бойынша 21-ғасыр жиһады - сауатсыздықпен күресу, ғылым-білімге ұмтылу. Статистикаға сүйенсек көптеген мұсылман мемлекеттерінде, соның ішінде тұрақсыз соғыс халіндегі мұсылман мемлекеттерінде сауатсыздық кең етек жайғаны баршамызға мәлім. Бұл мұсылмандардың заманға сай өмір сүре алмағандығының, діни түсінігінің таяздығының белгісі.

 

 


 

 

[1] Хашр сүресі, 23-аят

[2] Бұхари хадистер жинағы, №2804

[3] Хадж сүресі, 39-40 аяттар

[4] Бақара сүресі 190-аят            

[5] Бақара сүресі 256-аят

[6] Бақара сүресі 148-аят

[7] Али Имран 20-аят

[8] Әли Имран сүресі, 19-аят

[9] Нахл сүресі 125-аят

[10] Нұр сүресі, 61-аят

[11] Сунан Аби Дауд №5194, Бұхари, Муслим хадистер жинағында келген.

[12] Бұхари хадистер жинағы, № 10

[13] Мәида сүресі, 32-аят

[14] Фиқһу ас-Сира кітабының қазақша аудармасы, 118-бет

[15] Нахл сүресі 125-аят

[16] Әділетті төрт халифа, Жолдасов Абдолла

[17] Байхақи хадистер жинағы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру