Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Басшыға бағыну - міндет | жұма уағызы

27.11.2018 11754 0 пікір

Алла Тағала бүкіл жаратылысты көркем әрі сұлу етіп жаратты. Әрбір үлкенді кішілі жаратылыстың орны,  белгіленген тәртібімен жүйеленген. Бұл таңғажайып жаратылыстың үлкен мәні Өзі аса сүйіспеншілікпен жаратқан пенделерінің де көркемдікпен кемелділікке тырысып, белгіленген тәртіп бойынша өмір сүру керек екендігін түсіндіру еді. Жаратушы Иеміз тіпті дұрыс өмір сүрулері үшін ақыл есі болмаған жан-жануарлармен құрт-құмырсқаның өзін белгіленген тәртіп бойынша өмір сүретін етіп жаратты. Шынымен де адам болып жер бетінде дұрыс өмір сүру үшін ешбір дәлелді қажет етпейтін бірнеше үлкен қажеттіліктерге мұқтажбыз. Солардың ең үлкені бірлік пен тыныштық және жүйеленген тәртіптің болуы. Бұл ұғымдар Жартушымыз тарапынан берілген үлкен нығмет.

Ал, тәртіп белгілі бір адамға бағыну арқылы жүзеге асатын құбылыс. Алла Тағаланың басшыға бағынумен белгіленген тәртіп бойынша өмір сүруді бұйыруының себебі, тұтас қоғам болып өркендеп, бейбіт өмір сүруді қалауынан. Сонымен қатар, бұл жүйе белгіленбесе қоғамда бейберекетсіздіктер орын алып, елдің жарқын болашағы болмасы кез келген сау ақылға белгілі. Бұл заңдылық адамзаттың ертеңі үшін өте маңызды болғандықтан Алла Тағала Құран Кәрімде былайша бекіткен:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ ۖ فَإِنْ تَنَازَعْتُمْ فِي شَيْءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى اللَّهِ وَالرَّسُولِ إِنْ كُنْتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ ۚ ذَٰلِكَ خَيْرٌ وَأَحْسَنُ تَأْوِيلًا

«Уа, иман келтіргендер! Аллаға қалтқысыз бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан болған басшыларыңа бағыныңдар.  Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар, қандай да бір мәселе төңірегінде өзара келісе алмай таласып қалғандарыңда, Аллаға және Алла елшісіне жүгініңдер.Солай істегендерің әлдеқайда қайырлы һәм ақыры да анағұрлым жақсы болады»[1], - деп баяндаған.

Ислам дінін бірлік пен айнымас тәртіптен ажырату мүмкін емес. Тіпті, шариғаттың әрбір қағидаттары бірлікпен тәртіпке негізделген. Мысалға мұсылмандар айт және жұма намаздарын бір уақытта бір адамның артына ұйып оқуы, барлық мұсылмандардың ораза күндері бір уақытта ауыз бекітіп бір уақытта ауыз ашуы, сонымен қатар миллинодаған  мұсылмандардың бірдей тәртіппен және бірдей киімдер киіп қажылық жасауы сияқты дәлелдерді  көптеп келтіре беруге болады.

Дінді дұрыс түсінген мұсылман үшін мына бір дәлелдің өзі толық жеткілікті болар еді. Парыз болған намаздың ішінде имамның уәжіп саналатын міндеттерді белгілі себептермен орындамай кетсе, ұйып  тұрған жамағаттардың имамның соңына еріп сол уәжіптерді орындамауы міндет болады. Мысалы төрт немесе үш ракағаттық намаздың екінші ракағатынан кейін имам аттахиат дұғасын оқымай тұрып кетсе, жамағаттарда бірге тұрады. Сол сияқты айт намазында имам зауайд тәкпірлерін айтуды ұмытса, жамағаттар да айтпайды. Міне, пенде ғибадат құлшылықтың ішінде болса да басшылық еткен адамға қателескен күннің өзінде де бірге болуға мән берілген. Ондай болса, намаздың сыртында бұл ұғымға тіптен мән берілуі тиіс. Өйткені, Жаратушы Раббымыз үшін одан үлкен ұғым жоқ.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) өміріне мән берсек, әрбір ісін бірлікпен тәртіпке негіздей отырып жүзеге асырғанын байқаймыз. Себебі, кез келген ақылды адам үшін одан қастерлі ұғым жоқ екені белгілі. Ақиқатқа қол жеткізіп, пайғамбарымыздың сүйікті үмбеті болуды қалаған мұсылманға құлшылықтың төресі саналатын бірлікті сақтай отырып, белгіленген тәртіп бойынша өмір сүруден басқа жол жоқ. Алланың елшісі (ﷺ) адамдардың жоғарғы санамен үздік өмір сүрулері үшін пайғамбарлық міндетін әрбір іске лайықты адамдарын белгілеп оларға бойұсынуды үйретумен бастады. Мысалы Исламның рәмізі саналатын азанды Біләлдің ғана шақыруы тәртіптің болғандығын көрсетеді. Басқа сахабалар да азан шақырудың сауабының жоғары екендігін біліп, азан шақыруды қалағанымен тәртіптен асып кетпеген.

Пайғамбарымыз (ﷺ) Аллаға және ақырет күніне сенген мұсылмандарды басшыдан өзін жоғары қойып, менсінбеушілік қылудан қайтарған. Тіпті, білімімен қабілеті артық болса да, бірлік пен тәртіпті сақтаудың маңызы бәрінен де жоғары екендігін үйреткен. Пайғамбарымыз (ﷺ) Усамә ибн Зайдты (р.а) өте жас болғанына қарамастан қолбасшылық қызметіне тағайындайды. Алла елшісі (ﷺ) дүниеден озып кеткеннен кейін де Римдіктермен болған жорықта жастары мен тәжірбиелері және дәрежелері үлкен бола тұра барлық сахабалар Усамә ибн Зәйдтің (р.а) қолбасшылығына бойұсынды. Бұл бірліктерінің нәтижесінде жорық жеңіспен аяқталып, Шам, Египет және де бүкіл солтүстік Африка мемлекеттерінің ашылуына бастама болды.     

Сол сияқты Алланын қылышы атанған Халид бин Уалидті Омар (Алла одан разы болсын) халифа қолбасшылық жауапкершіліктен алып басқа адамды тағайындағанда Халид бин Уалид ешбір ренішсіз жауынгерлермен бірге ортақ мүдде үшін міндетін атқара берген.

Бәріне белгілі болғандай Халид бин Уалид (Алла одан разы болсын) өз ісінің қас шебері еді. Сол істе ең үздігі бола тұра басшының шешіміне еш реніш білдірмеуі Халид бин Уалидтің (р.а) пайғамбарымыздың (ﷺ) тәрбиесі бойына сіңіп, Иләһи санаға қол жеткізгендігінің дәлелі.  Міне, бұл оқиға адам тәрбиесіндегі Ислам өркениетінің көрнісі. Омар (Алла одан разы болсын)  халифаның да бұл шешімге мәжбірлі баруы адамдардың  Халидтің (Алла одан разы болсын) асқан шеберлігіне арқа сүйеп сенімдеріне селкеу түспеуі еді.

Адам әртүрлі дәрежедегі қоғамда өмір сүруі мүмкін. Діндар адам қандай дәрежедегі қоғам болса да, өзінің парасаттылығымен төзімділігін көрсете біледі. Өйткені, кемшіліксіз тек Алла ғана екендігін жақсы ұғынады. Сондықтан әртүрлі даналық жолдарды қолдана отырып, қоғамның ізгілікте болуы үшін жан аямай еңбек етіп, өз үлесін қоса біледі. Сонымен қатар жарқын болашақтың барлығы тек тыныштық пен бірлікте екендігін жақсы түсінеді.

Ал, басшыға бағыну жайында пайғамбарымыз (ﷺ):

مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ اللهُ وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللهُ وَمَنْ أَطَاعَ أَمِيرِي فَقَدْ أَطَاعَنِي وَمَنْ عَصَى أَمِيرِي فَقَدْ عَصَانِي

«Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсынғаны. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбағаны. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны»[2],– деп жолын көрсетті.

Адамзаттың ардақтысы (ﷺ) тағы бір сөзінде береке бірліктің өте маңызды екендігін меңзеп:

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ :"اسْمَعُوا وَأَطِيعُوا وَإِنِ اسْتُعْمِلَ عَلَيْكُمْ عَبْدٌ حَبَشِيٌّ وَإِنِ اسْتَعْمَلَ عَلَيْكُمْ عَبْدًا حَبَشِيًّا كَأَنَّ رَأْسَهُ زَبِيبَةٌ" رواه البخاري

«Сендерге басшы болып, басы мейіз секілді эфиопиалық құл тағайындалса да, дегеніне құлақ асып, толық бой ұсынындар»[3],- деген.

Алла елшісі (ﷺ) бірлік пен тәртіптің маңыздылығын жан-жақты түсіндіріп кеткен. Жүрегінде иманы бар мұсылмандар үшін оны орындау міндет болады. Сонда ғана өзінің армандаған жәннатына қол жеткізуі мүмкін. 

Ибн Аббастан жеткен хадисте, пайғамбарымыздың (ﷺ): «Кім өзінің басшысынан өзіне ұнамсыз бір нәрсе көрсе, оған сабырлықпен қарасын. Өйткені, көпшіліктен бір елге болса да бөлініп өлген адам, өлімді надандықпен тапқан болады» [4], - деп қатаң ескертуі бірлікпен тәртіптің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

Жаратушымыздың сүйіктісінен (ﷺ) тәлім алған сахабалардың әр қайсысының өмір тарихы да бірлік пен тәртіпке негізделген. Сахабаларымыз өздерінің қарабас қамынан және жан қалауларынан бірлік пен тәртіпті жоғары қоя білген. Адамдардың арасындағы ең абзалы саналатын, Алланың разылығына бөленген сахабалардың істері мұсылмандар үшін әрқашан үлгі-өнеге. Сахабаларымыз қандай жағдайда да бірлікпен тыныштықтың маңызды екендігін  істерімен үлгі етіп кетті.

Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Мекке қаласын күшпен басып алады. Көптеген адамдардың жазықсыз қаны төгіледі. Жеңіске қол жеткізген соң имам болып намаз өткізеді. Сол кезде Меккеде Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзін көрген қаншама сахабалар бар еді. Соның ішінде Абдуллаһ ибн Омар (Алла одан разы болсын) да бар болған. Халық залым Хажжаждың артында намаз оқу мәселесінде Абдулла ибн Омарға (Алла одан разы болсын) қарайды. Абдуллаһ ибн Омар (Алла одан разы болсын) Хажжаждың артында тұрып намаз оқиды. Оны көрген басқалар да намазға тұрады. Намаз оқып болған соң  неліктен мұндай залым адамның артында намазға тұрғанын сұрайды. Сонда ол: «Егер мен оның артында намазға тұрмағанда, тағы да қаншама адамның қаны төгілетін еді», - деп жауап берген. Демек, елдің бірлігі мен тыныштығы жеке бастың пайдасы мен көңілдің қалауынан абзал болмақ.

Осман (Алла одан разы болсын) халифалық құрып тұрған тұсында мұсылмандықтың шекарасы біраз жерді ауқымдаған болатын. Сахабалар да барған жерлерінде өздері жаттаған қырағат бойынша Құран үйреткен еді. Құранды жаңадан үйреніп, аржағындағы терең қағидаларын жіті білмеген адамдардың өзінің үйренген қырағатынан бөлек Құран оқушыны көргенде бірін-бірі теріске шығара бастайды. Мұсылмандардың бірлігі мен тыныштығын сақтау үшін халифа Осман (Алла одан разы болсын) барлығы бір қырағатпен оқуына бұйырады. Пайғамбарымыздан ең жақсы Құран оқушы деп мақтау естіген Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын) сынды сахабалар өздерінің оқыған қырағаттары дұрыс бола тұра еш қарсылықсыз халифа бұйырған қырағат бойынша Құран оқитын. Себебі, пайғамбарымыздан тәлім алған сахабалар өздерінің көңіл қалауларынан бірлік пен тәртіптің жоғары екендігін жақсы түсінген. 

Бірлік пен тәртіпке мән беру саналылық пен көргендіктің өлшемі. Пайғамбарымыздың ұлылығының көрсеткіші елдің бірлігі мен тыныштығын сақтай отырып, құқықтық тәртіпке негізделген үздік қоғам құрды. Осы Алладан келген ақиқатты бабаларымыз жан дүниелеріне сіңіре білді. Сондықтан да арлы өмір сүрді. Бұл ойымыздың дәлелін елбасымыздың: «Біз тарихта ешкімнен ұялатындай жөніміз жоқ», - деген сөзімен қуаттасақ болады.

Қазақ даласында да бабаларымыз береке бірлікті сақтай отырып, өте жоғары талғамдардан өткен сыйластық тәртібімен өмір сүру үлгісін қалыптастырған. Бұл нәзік қалыптастырылған заңдылықтар өмірдің бұлжымас қағидаттарына айналған. Солардың ең үлкені үлкенді сыйлау, кішіге ізет, әйел адамның ер адамның алдын кесіп өтпеуі және үлкен тұрып, кіші сөйлемеуі, ешкімнің ала жібін аттамау сияқты үрдістерді айтсақ болады. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тәртіпке бағынған құл болмас, тіртіпсіз ел болмас»,-деп осынау ақиқатты бір ауыз сөзге сыйғызған. Бірлік пен тәртіп турасында бабаларымыздың өсиеттері өте көп. Солардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз былай деген сөзі:

 

Басшы жоқ, бастаушы жоқ жүре қалсаң,

Ұры бар жолың тосқан әрбір жайда.

Сол жолмен жүрсең, көп қауіп-катер,

Басшысыз қадам қойсаң, басың қатар.

Жетпек түгіл желкеңнен қиыларсың,

Аяғың бір басқанда-ақ миға батар!

Жарандар, олай болса, керек басшы,

Насихат наданға айтқан удан ащы.

Бетімен болғаннан соң бара алмайтын,

Кәнеки, адастырмас басшы тапшы!

 

Бұл өмірдегі ең құнды нығмет бірлік пен тыныштықтың болуы. Ал, ең жаманы бейберекетсіздік пен жүйесіздік. Сондықтан дінімізде қарапайым ғана сапарға бірнеше адам шықса, арасынан біреуді басшы қылып, қалғандары оған жәрдем етуін бұйырады.

 

Бүгінгі күнде әлем бойынша тыныштық пен тұрақтылық маңызды мәселе болып көтерілуде. Біздің еліміз үшін де тыныштық пен тұрақтылық басты құндылықтардың бірі. Күн өткен сайын бұл құндылықтың маңызы арта берері сөзсіз. Сондықтан еліміздегі әрбір азамат бұл құндылықтың жауапкершілігін сезініп, әр қайсымыздың сөзіміз бірлікпен, тыныштықпен басталып, осы тілекпен аяқталса деймін.    

  

 


 

 

[1] Ниса сүресі 59  

[2] Муслим хадистер жинағы №1865

[3] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари №6723

[4] Бұхари және Мүсілім риуаяты

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру