Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дін және зайырлы мемлекет | жұма уағызы

28.08.2018 10710 0 пікір

Күллі жаратылысты адамзатқа бағындырып, дүние тіршілігінде Өзінің ғана Ұлы Құдіретін таныту үшін ұлттар мен ұлыстарды жаратқан, әрі Өз кеңшілігімен түсініктерімізді түрлі еткен Аллаға барша мақтау мен мадақтар болсын! Сондай-ақ, Алланың кемел дінін жеткізіп берген адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымызға Алланың сәлемі мен игілігі бола бергей!

Адамзат қай елде болмасын қауіпсіз әрі тыныш өмір сүре алуы үшін өзін қоршаған ортамен мәмілесін жөндеп алуы қажет. Онсыз ешқандай игіліктерге қол жеткізу де мүмкін емес. Себебі, адам баласы жаратылысынан қоғамның ішінде біте қайнасып өмір сүруге бейімделе жаратылған. Оның өз бетінше жеке-дара өмір сүре алуы әсте мүмкін емес. Алла Тағала адам баласын жердің бетіндегі ұлы мақсат үшін жаратқан. Бұл мұратты бүкіл адамзатқа тура жол нұсқауы етіп түсірген Құранында баяндайды: 

وَإِذْ قالَ رَبُّكَ لِلْمَلائِكَةِ إِنِّي جاعِلٌ فِي الْأَرْضِ خَلِيفَةً قالُوا أَتَجْعَلُ فِيها مَنْ يُفْسِدُ فِيها وَيَسْفِكُ الدِّماءَ وَنَحْنُ نُسَبِّحُ بِحَمْدِكَ وَنُقَدِّسُ لَكَ قالَ إِنِّي أَعْلَمُ مَا لا تَعْلَمُونَ

«(Ей, Мұхаммед Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Раббың бүкіл періштелерге: «Расында, Мен Жерде орынбасар жасаймын!», – деген кезде олар: «Онда бұзақылық істейтін және қан төгетін біреуді жасамақсың ба? Біз Сені дәріптеп пәктейміз әрі Сені қастерлейміз», – деді. Ол: «Шындығында, Мен сендер білмейтінді білемін», – деді[1].

Бұл аяттан алынатын тәлім – Алланың Адамды Жерде орынбасарлық міндетке арнап жаратуы және періштелердің сөзінен бұл мәртебенің ұлылығы айқындалады.

Орынбасарлық міндеттің әуелгі талабы – адамның Алла Тағаланы лайықты деңгейде танып білуі және Оған тиісінше құлшылық етуі. Алланың білімі мен құдіретіне шек келтірмей бас ию – ең басты міндет.

Барша адам баласы жер бетіндегі әрбір сәтінде негізгі үш байланыстан ешқашан ажырамайды әрі сол үшін мойнына жауапкершілікті әу баста арқалап алған. Сөзімізді Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисімен бекемдесек:

اتَّقِ اللَّهِ حَيْثُمَا كُنْتَ، وَأَتْبِعِ السَّيِّئَةَ الحَسَنَةَ تَمْحُهَا، وَخَالِقِ النَّاسَ بِخُلُقٍ حَسَنٍ

«Қайда болсаң да, Аллаға қатысты тақуалық қыл! Әм жаман ісіңнің соңынан жақсылық жаса, ол оны өшіреді. Және де адамдарға жақсы мінез көрсет!», – деген[2]. Әлемдердің Раббысы осы үш принципті адамдарға ортақ заңдылық етіп бекіткен.

Біріншіден, «Қайда болсаң да Алладан қорық!» – бұл Алла хақысының атқарылуы арқылы адам мен Алласы арасындағы иман мен бойсұнуды нығайтатын, сондай-ақ оның дүниенің қасіреті мен ақиреттің азабынан құтылуына нақты кепілдік береді.

Екіншіден, «Тағы жамандықтың ізінше оны өшіретін жақсылық жаса!» – бұл рухани тәрбие арқылы адам мен өз жанының арасындағы рухани тазалық пен әділеттілікті нығайтатын, өзіне әділетсіздік жасау қатерінен сақтайды.

Үшіншіден, «Тағы адамдарға жақсы мінез көрсет!» – бұл адамдарға тек жақсы мінез көрсетуі арқылы адам мен қоғам арасындағы құқықтар мен бостандықтарына кепілдік беретін, сондай-ақ теңдік, бірлік пен бауырмалдық, бейбітшілікті нығайтады.

Міне, шариғаттың осы талаптарын терең түсінген әрбір мұсылман жүректері тыныштықта өмір сүрері сөзсіз. Сонымен қатар, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету де үлкен мақсат болып табылады. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін тарихтың таңынан елді басқарудың әртүрлі жүйелері қалыптасты. Сол формалардың бірі – зайырлық негізде басқару жүйесі бүгінде қазақ елінің таңдауы екені белгілі.

Әрине, «зайырлық» ұғымы атеизм дегенді білдірмейді. Ислам – күнделікті өмір салтымен санасатын дін. Ол – дін мен дүние, Алла мен әлем, адам мен ақыретті өз алдына жүйелеп танытатын, қабылдайтын дін. Сондықтан зайырлылық ұғымы мемлекеттік институтқа оның құндылықтық тұрғыларына ғана қатысты емес. Олай болмаса кешегі кеңестік атеизм ұстанымынан еш айырмашылығы қалмайды. Біздің еліміздегі зайырлылықтың өзегі – адам құқығын қорғау, оның кәсібіне, міндетіне, қызметіне, тегі мен дініне қарай ерекшелемеуге бағытталған. Адамдар тең құқылы болғанымен әрбір азаматтың өзіндік статусы, жауапкершілігі мен міндеттерін жоққа шығаруға да болмайды.

Бұл мәселелерде қос дүние сәруарының өмірі бізге жол көрсетеді. Ислам діні мұндай қоғамдағы мәмілелер қалай жүргізілу керектігін он төрт ғасыр бұрын көрсетіп берді. Әлемге жер бетіндегі құқықтық мемлекеттің озық үлгісін ұсынды. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасиетті Мекке қаласынан, нұрланған Медина қаласына һижрет еткен кезінде шаһар тұрғындарының ішінде мұсылман да, мұсылман емес те, яһудилер мен мұнафықтар да бар еді. Билік өз қолына өткен кезде де олардың ешбіріне жәбір көрсетпей, керісінше бір отаудың ішінде татулықта өмір сүрудің қағидаларын үйретті.

Еуропаның оянуына, ғылым-білім жолында өздерін құрбандық етулері ислам дінінің  Еуропаға келуімен тікелей байланысты, өйткені зайырлық ұғымы ислам дінінің негізінде жатыр. Ислам дінінің негіздеріне үңілер болсақ ол тек адамның рухани жақ құлшылық-ғибадатпен ғана қамтып қоймай сонымен қатар ол адамның материалдық жағын да қамтиды.

Алла Тағала Құран кәрімде:

الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الْإِسْلَامَ دِينًا ۚ

Міне, бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тамададым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым,[3] дейді

Ислам дініндегі кемелдік дегеніміз –дін аясында адам өмірінің әр тұсы, кез-келген жағдаяттарына жауап бере алуы.  Ол иман, амал, сенім, шариғат, құлшылық, қарым-қатынас, ілім, көркем мінез.

Ислам діні аясында экономика негіздері, ұшқыр саясаттың кемел көрінісі, өмірдің әр саласындағы, қоғамның әртүрлі қабаттарына бағытталған сауықтандыру бағдары қамтылған. Бұл мінсіз жүйе адамның бұл дүниеде бақытты болуына жетелеуімен қатар ақыретте де мәртебесінің жоғары болуына жол сілтейді.

Ислам дініндегі кемелдік анықтамасы  - жоғарыдағы мақсаттарды қамти отырып, жеке тұлғаның, жанұяның, қоғамның, бүтін үмметтің өмірін реттейтін жүйелер мен заңдар, қағидалар жиынтығы.

Ислам барлық ұлттарды, ұлыстарды теңестіреді. Ислам діні аясында ақтың қарадан, арабтың араб еместен, азат адамның құлдан еш айырмашылығы жоқ. Алла Тағала қасиетті құран кәрімде:

﴿ قُلْ يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنِّي رَسُولُ اللَّهِ إِلَيْكُمْ جَمِيعًا الَّذِي لَهُ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ يُحْيِي وَيُمِيتُ فَآمِنُوا بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ النَّبِيِّ الْأُمِّيِّ الَّذِي يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَكَلِمَاتِهِ وَاتَّبِعُوهُ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ 

(Уа, Мухаммед! Күллі адамзатқа): Уа, адамзат! Шүбәсіз, мен Алланың баршаңа ортақ елшісімін! Ол күллі аспан әлемі мен жердің иелігі, бар билігі өзіне тиесілі болған Алла. Одан басқа тәңір жоқ. Жан бітіріп өмір силайтын да, өмірді қиятын да бір Алла. Ендеше, сендер де Аллаға және оның барлық сөздеріне (яғни барлық кітаптары мен үкімдеріне) кәміл иман еткен «үммі» пайғамбары әрі хақ елшісіне иман келтіріп, соңынан еріңдер. Сонда тура жолға түсесіңдер», деп жар салғын[4],  деп, ислам дінінің  барша адамзатқа жіберілген дін екенін ескертеді.

Ислам діні адамның жеке өмірін, жақындарымен және қоғамның әр түрлі қабаттарымен қарым-қатынасына ерекше мән бере отырып мінсіз жүйе қалыптастырған. Бұл иләһи жүйенің бір негізі орындалып, енді бір негізі қалыс қалуы әсте мүмкін емес оның мүлтіксіз орындалуы әрбір мұсылманнан талап етіледі.

Алла Тағала осы турасында:

﴿ إِنَّ الَّذِينَ يَكْفُرُونَ بِاللَّهِ وَرُسُلِهِ وَيُرِيدُونَ أَنْ يُفَرِّقُوا بَيْنَ اللَّهِ وَرُسُلِهِ وَيَقُولُونَ نُؤْمِنُ بِبَعْضٍ وَنَكْفُرُ بِبَعْضٍ وَيُرِيدُونَ أَنْ يَتَّخِذُوا بَيْنَ ذَلِكَ سَبِيلًا * أُولَئِكَ هُمُ الْكَافِرُونَ حَقًّا وَأَعْتَدْنَا لِلْكَافِرِينَ عَذَابًا مُهِينًا 

Расында, (жазаға лайық болғандар) Аллаға және пайғамбарына күпірлік қылады. (Аллаға сенеміз деп айтқанымен пайғамбарларының кейбірін мойындамай) Алла мен пайғамбарларын бір-бірінен бөліп жаруды көксейді һәм пайғамбарлардың кейбіріне сенеміз, кейбірін мойындамаймыз», - деп иман мен күпірлік арасында бір жол ұстанғысы келеді, [5] дейді.

Ислам мұсылман қоғамындағы негізгі бес мүддені қорғауды көздейді. Олар: дінді қорғау, адамның жанын қорғау, ар-намысын қорғау, ақылын қорғау, мал-мүлкін қорғау. Бұл сайып келгенде зайырлы мемлекеттің де мүддесі болып табылады.

Аталмыш мақсаттардың барлығы тек қана мемлекет қамқорлығымен іске асатыны белгілі. Сондықтан, біздің дінімізде мемлекеттілік ұғымы ең қасиетті құндылықтардан болып табылады. Себебі, мемлекет болмаған жерде адамның қауіпсіздігін қорғау мүмкін емес. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің сахабаларымен бірге Меккелік кезеңде мүшріктер тарапынан әрдайым теперіш көріп, қысымшылықтың құрбаны болатын. Бұл қиыншылық Мединаға қоныс аударып, өзалдына мемлекет құрған күннен бастап қана жойылды.

Тәуелсіздіктің таңында жетпіске жетпеген мешіттердің саны бүгінде үш мыңға жуықтап отыр. Кеңес одағының тұсында қор болған діни және ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, тіліміз бен салт-санамызды түлетудеміз. Мешіттерімізде ата дінімізді ұлықтап, Исламның тәлім-тәрбиесін уағыздап, Алланың Кәләмін еркін үйреніп, үйрететін мамыражай өмірге қол жеткіздік. Дін мамандарын дайындайтын медреселеріміз қызмет етуде. Көп конфессиялы елімізде тек қана мұсылмандардың ғана емес, басқа дін өкілдерінің құқықтары мен бостандықтары толығымен қорғалуда. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Біз тегіміз – түрік, дініміз – Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз қажет. Дінімізді, тілімізді сақтау – ұлттығымызды, мемлекеттігімізді сақтайды», – деген сөзі арқылы еліміздің зайырлылық жүйесінің басты қағидатын бекітіп бергендей. Міне, Елбасының осы бағыт-бағдарының желісімен зайырлылық принциптері діни құндылықтармен бірге бітеқайнасып дамуда. Сондықтан да, мемлекетіміздің зайырлы басқару формасы елдің ертеңі мен болашағы болмақ.

Сөзсіз ислам адамзатқа жіберілген соңғы кәміл дін. Бұл діннің рақымдылығының, әділдігінің аясында барлық жаратылыс орнын тапқан. Бұл орайда адамзаттың орны тым қымбат, соның ішінде әйел заты ерекше құрметке бөленген.

Ислам діні аясында Алла Тағала ер адамға нені бұйырса әйел адамға да соны бұйырған. Әйелдерің жаратылысын ескере отырып оларға қатысты көптеген мәселелерде жеңілдіктер бар.

Алла Тағаланың әйел адамдарға деген ерекше құрметінің бірден бір көрінісі – Құранда «Әйелдер», «Мәриям», «Нұр» деп аталатын сүрелердің түсуі, бұл сүрелерде әйелдерге қатысты көптеген мәселелердің қамтылуы.

Ислам діні адамдарды өзара ауызбіршілікке ынтымаққа үндейтін дін. Мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида,  исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі.

Исламдағы бауырмашылдық сезім Алла Тағаланың ықыласты, тақуа мұсылман құлдарының бойына дарытатын иләһи қасиет. Алла Тағала Құран кәрімде:

 

وَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ ۚ لَوْ أَنفَقْتَ مَا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا مَّا أَلَّفْتَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ وَلَـٰكِنَّ اللَّهَ أَلَّفَ بَيْنَهُمْ ۚ إِنَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды (һәм оларды саған мызғымас қорған қылды). Егер сен жер бетіндегі байлықтың барлығын осы жолда жұмсасаң дағы, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарастырды. Шүбәсіз Ол бәрінен үстем әрі ұлық және әр ісі мен әр үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі.[6]

Шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес. Мұндай сезімдегі бауырлар ағаштың бұтақтары іспеттес саны көбейген сайын қуаттала түседі. Бұтағы көп мықты ағашқа қатты жел әсер ете алмағандай ауызбіршілігі, бауырмашылдығы мығым елге ешқандай қара пиғылды күштер әсер ете алмайды. Әлбетте бұл ағаштың қажетті жеміс беруі имандылыққа тікелей байланысты, Алла Тағала Құран кәрімде:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ

Шын мәнінде мүміндер бауыр.[7]

Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов өз сөзінде:  «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса - халықтық мақсат сонда орындалады», деген. Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, бауырмашылдықта болса, өркендеп гүлденеді.

Сонымен қатар ислам мемлекетінің іргесінің берек әрі бекем болуының негізі – басшыға бағыну.

Алла Тағала Құран кәрімде:

وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَرَسُولَهُ وَلاَ تَنَازَعُواْ فَتَفْشَلُواْ وَتَذْهَبَ رِيحُكُمْ وَاصْبِرُواْ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ

Аллаға әлі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара таласып, тартыспаңдар. Әйтпесе бойларыңда үрей билеп жасып қаласыңдар һәм күш-қуаттарыңнан айырыласыңдар. Тиісінша сабырлық танытыңдар Расында Алла, сабырлылармен бірге[8], деген.

         Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар:

إِنَّ اللهَ يَرْضَى لَكُمْ ثَلَاثًا وَيَكْرَهُ لَكُمْ ثَلَاثًا فَيَرْضَى لَكُمْ: أَنْ تَعْبُدُوهُ، وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا، وَأَنْ تَعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا، وَيَكْرَهُ لَكُمْ: قِيلَ وَقَالَ، وَكَثْرَةُ السُّؤَالِ، وَإِضَاعَةُ الْمَالِ. 

Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу, Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету,[9] деді.

Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: ««бөлінбеңдер» деген әмір мұсылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді», деген. Бұл исламның бұлжымас қағидаларынан.[10]  

Басқа бір хадисте:  «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннәттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын»[11]деген.

Сөзімізді қорытындыласақ, мұсылман барлық адамдарға жақсылық қалап, олардың тура жолда болуын көздеуі керек. Себебі, Исламның жолдауы – бүкіл әлемдерге жіберілген игілік және нұр. Алла Тағала Құранда:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«Сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік»[12], – деуімен Өзінің соңғы Елшісі арқылы жіберген дінінің басты мақсатын көрсетті.

Сондықтан да, мұсылман ешбір адамға нәсілшілдік немесе ұлтшылдық қырын көрсетпейді, керісінше, оған рақымдылық сезімімен қарап, игілік пен туралық тілейді.

Алла Тағала еліміз бен жерімізді түрлі апаттардан сақтап, әлем алдындағы абыройымызды арттырғай!

 


 

[1] «әл-Бақара»: 30.

[2] «Сунан ат-Тирмизи»: 4/355 (1987). Шарикат мактаба уа матбаъа әл-Мутафа әл-Баби әл-Халаби. Мысыр.

[3] Маида сүресі 3-аят.

[4] Ағраф сүресі, 158-аят.

[5] Ниса сүресі, 150,151 аяттар.

[6] Әнфәл сүресі 63-аят

[7] Хужурат сүресі, 10-аят

[8] Әнфал сүресі, 46-аят

[9] Муслим хадистер жинағы,

[10] Имам ән-Науауидің «Сахих Муслим» хадистер жинағы түсіндірме кітабының 12 томы, 11-беті.

[11] Тирмизи хадистер жинағы 4-том, 465-бет.

[12] «әл-Әнбия» сүресі, 107.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру