Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АПАТҚА ҰШЫРАҒАН ҚАУЫМДАР

19.07.2018 20297 0 пікір

 

Адам баласы жаратылғаннан бастап Алла Тағала пендесін тура жолға салу және Өзіне ғана құлшылық етуі үшін пайғамбарлар жіберді. Пайғамбарлар әкелген дінді кей қауымдар қабылдаса, кейбірі қабылдамай, қарсы шықты. Ондай қауымдардың басым көпшілігі пайғамбарға қарсы шығып, пайғамбарды өлтіруге дейін барған. Пайғамбарларға иман еткендерге қысым жасап, зәбір көрсеткен. Ақиқатты әкелуші Алла Елшілерін қабылдағысы келмей оларға «жалғаншы, өтірікші, жынды, сиқыршы» деп жала жапқан.

Пайғамбарлар өз қауымдарынан бір ғана нәрсені сұрады, яғни бір Аллаға иман ету және Оған серік қоспау.

Кейбір қауымдар Алланың жіберген елшілерін қабылдамай, азғындықтың шегіне жеткен. Аллаға серік қосумен қатар Алланың азабынан да қорықпай, ақиқатты қабылдамай, тәкәппарлық танытқан. Өздерінің байлықтары мен күштеріне сеніп, көптіктерін мақтан тұтқан. Аллаға серік қосып, шектен шыққан ондай қауымдар Алланың қаһарына ұшырап, жер бетінен жойылып кеткен. Құран бізге ғибрат үшін Алланың азабына ұшыраған адамдар мен қауымдар жайында баян етеді. Алла тағала Құран кәрімде:

لَقَدْ كَانَ فِي قَصَصِهِمْ عِبْرَةٌ لِّأُولِي الْأَلْبَابِ ۗ مَا كَانَ حَدِيثًا يُفْتَرَىٰ وَلَٰكِن تَصْدِيقَ الَّذِي بَيْنَ يَدَيْهِ

Сол пайғамбарларға қатысты әңгімелерде ақыл иелері үшін (еріксіз ойға қалдыратын) бір ғибрат бар. Біліп қойыңдар бұл құран ойдан шығарылған  жай сөз емес. Керісінше ол өзінен бұрын түскен иләһи кітаптарды растайды.[1]

 Кейбір қауымдар жайында аз айтылса, кейбірі жайында кеңірек тоқталады. Солардың кебін кимеу, солар секілді ақиқатты қабылдамай көрсоқырлыққа, тәкәппарлыққа, зұлымдыққа, азғындыққа, ысрапқорлыққа, шектен шыққан бейәдепке бармауымызды ескертуде. Қайшы жағдайда сол қауымдарға келген апат біздерге де келуі мүмкін екенін түсінген жанға баян етеді. Құран бізге ғибрат алу үшін жер бетін шарлап, азапқа ұшыраған қауымдардың мекенін көруді ескертеді.

Құранда апатқа ұшырағандар мына қауымдар мен тұлғаларды баян етеді: Нұх, Ад, Самуд, Хижр, Ибраһим, Рәс, Лут, Мәдян (әйкә), Сәбт, Тубба, Қария, Ухдуд, Фил және Сәбә қауымдары. Ал жеке адам ретінде Перғауын, Һаман, Қарун, Әбу Ләһабтың ақыры жайында баяндайды.

Азапқа ұшыраған қауымдар мен тұлғалар мұнымен шектелмейді. Себебі адамзатқа 124 000 пайғамбар жіберілген болса, олардың тек 25-і ғана Құранда аталғанын ескерсек, азапқа ұшыраған қауымдар саны одан да көп болуы мүмкін.

Енді жоғарыда аталған апатқа ұшыраған қауымдар ішінен Нұх, Ад, Самуд және Лут қауымына қысқаша тоқталып өтелік.

 

Нұх қауымы және топан су

 

Баршамызға мәлім Нұх қауымы жер бетіндегі алғашқы апатқа ұшыраған қауым еді. Оның қауымы Аллаға серік қосып, өз араларынан шыққан танымал кісілер өлген соң оларға құрмет ретінде ұмытпау үшін уақыт өте мүсіндерін жасап, оларға тағзым етіп, соңында құдайға айналдырып, табынуға көшеді. Алланы қойып, өз қолдарымен құдай жасап, Аллаға серік қосып, шектен шығады. Алла азғындаған қауымды тура жолға салу үшін Нұхты пайғамбар етіп жіберді. Ол өз қауымын Аллаға иман етуге, азғындықтарын тоқтатуға шақырды. Бірақ қауымы оны қабылдамай, керсінше оны мазаққа айналдырып, азғындықтарын жалғастырды. Олар иман ету былай тұрсын Нұхты жынды деп жала жабумен қатар, қысым көрсетуге дейін барады. Мына бір аят сол жайында былай деп баяндайды:

وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا نُوحًا إِلَىٰ قَوْمِهِ فَقَالَ يَا قَوْمِ اعْبُدُوا اللَّهَ مَا لَكُم مِّنْ إِلَٰهٍ غَيْرُهُ ۖ أَفَلَا تَتَّقُونَ فَقَالَ الْمَلَأُ الَّذِينَ كَفَرُوا مِن قَوْمِهِ مَا هَٰذَا إِلَّا بَشَرٌ مِّثْلُكُمْ يُرِيدُ أَن يَتَفَضَّلَ عَلَيْكُمْ وَلَوْ شَاءَ اللَّهُ لَأَنزَلَ مَلَائِكَةً مَّا سَمِعْنَا بِهَٰذَا فِي آبَائِنَا الْأَوَّلِينَ (24) إِنْ هُوَ إِلَّا رَجُلٌ بِهِ جِنَّةٌ فَتَرَبَّصُوا بِهِ حَتَّىٰ حِينٍ (25قَالَ رَبِّ انصُرْنِي بِمَا كَذَّبُونِ

«Рас біз Нұхты өз қауымына пайғамбарлықпен жібердік. (Ол еліне): Ей, қауымым, бір Аллаға құлшылық етіңдер, одан өзге ешбір құдайларың жоқ. (Алладан) қорықпайсыңдар ма? – деді. Оның елінің имансыз адамдары: Бұл (Нұх) өздерің сияқты бір адам. Ол сендерден үстем болмақшы. Егер Алла (пайғамбарды жіберуді) қаласа, періштелерді жіберер еді. Мұндай сөзді бұрынғы ата-бабаларымыздан естіген емеспіз. Ол бір жынды, сондықтан сендер оны бір мезгіл тоса тұрыңдар, - деді. (Нұх): Раббым, олар мені жалғанға санағандығы үшін жәрдем бере көр! – деді»[2].

Алладан жәрдем сұраған Нұхқа Алла кеме салуды бұйрады. Кеме салған Нұхты көрген қауымы одан бетер мазақ етуге көшеді. Ақырында кеме құрылысы бітіп, Алладан әмір келеді де, жан-жануар, хайуанаттардан бір жұптан кемеге мінгізеді. Нұхқа иман еткендерде кемеге мінеді. Нәтижесінде Алланың уәде еткен азабы басталып, жерден су атқылып, көктен жаңбыр себелеп, жер бетін топан су алады. Аллаға қарсы келген азғын қауым осылайша опат болады. Аталмыш топан су б.э. бұрын 4000 жыл бұрын болған деген болжам бар. Нұх және иман еткен пенделер аман қалып, адамзат жер бетінде қайта тіршілігін жалғастырады.

Нұх қауымы өз араларынан шыққан танымал тұлғаларды құдайға теңеп, мүсінін табынатын пұт етіп, арсыздық пен имансыздықтың шегіне жеткені үшін Алла топан сумен жазалады.

 

 Ад қауымы

 

Ад қауымы Құранда аты аталған ескі араб қауымының бірі. Ад қауымы өмір сүрген аймағы жайында екі түрлі пікір бар. Көпшілік тарихшылар Йемен аймағында десе, кейбіреулері Омман мемлекетінің аумағында өмір сүрген деуде. Ад қауымы Нұх пайғамбардың ұлы Сам, Самның ұлы Ирам, Ирамның ұлы Аус, Аустың ұлы Адтың ұрпағынан тараған. Топан судан кейін шамамен 800 жылдан кейін өмір сүрген.

Нұх пайғамбардың ұрпақтарының бір бөлігі араб түбегінің оңтүстігіне қарай жылжып, теңіз жағасына дейін барып, қазіргі Йемен аймағына тұрақтаған. Араб түбегіне алғашқы болып қоныстанған қауым.

Олар өте ірі денелі, ұзын бойлы еді. Өздерін өзгелерден артық санап, ешкім қол жеткізбеген жетістікке жету үшін барын салып, жартасты қашап сарай салады. Алайда азғындыққа бет алған қауым уақыт өткен сайын шектен шығып, байлыққа мастанып, өз күштеріне сеніп, Аллаға деген сенімдері өзгеріп, пұтқа табынуға көшіп, құдайын ұмытады. Дінсіздікке бет бұрған қауым өкілдері зұлымдық жасауды әдетке айналдырып, сырттан келушілерге күн бермей қанайды. Өздерінің ірі денелі, бойшаң, күшті екенін алға тарта отырып, тәкәппарлыққа бой алдырады. Құранда бұл жайында былай дейді:

فَأَمَّا عَادٌ فَاسْتَكْبَرُوا فِي الْأَرْضِ بِغَيْرِ الْحَقِّ وَقَالُوا مَنْ أَشَدُّ مِنَّا قُوَّةً ۖ أَوَلَمْ يَرَوْا أَنَّ اللَّهَ الَّذِي خَلَقَهُمْ هُوَ أَشَدُّ مِنْهُمْ قُوَّةً ۖ وَكَانُوا بِآيَاتِنَا يَجْحَدُونَ 

«Ад қауымы жер бетінде орынсыз өркеуделік істеп: Бізден күшті кім бар? – деп даурықты. Өздерін жаратқан Алланың өздерінен күшті екенін олар білмей ме? Олар аяттарымызға қарсы шықты»[3].

Алла Тағала осындай азғындаған қауымды тура жолға салу үшін Һудты (а.с.) пайғамбар етіп жібереді. Һуд (а.с.) текті әулеттен шыққан, абыройлы жан еді. Алла Һуд пайғамбарға сені қауымыңның ішінен таңдадым, оларға бар, қорықпа деп ескертеді. Қауымын Аллаға иманға шақырып, лас істерінен бас тартуға үндейді. Құранда осы көріністі былай деп келтіреді:

وَإِلَىٰ عَادٍ أَخَاهُمْ هُودًا ۚ قَالَ يَا قَوْمِ اعْبُدُوا اللَّهَ مَا لَكُم مِّنْ إِلَٰهٍ غَيْرُهُ ۖ إِنْ أَنتُمْ إِلَّا مُفْتَرُونَ (50) يَا قَوْمِ لَا أَسْأَلُكُمْ عَلَيْهِ أَجْرًا ۖ إِنْ أَجْرِيَ إِلَّا عَلَى الَّذِي فَطَرَنِي ۚ أَفَلَا تَعْقِلُونَ (51وَيَا قَوْمِ اسْتَغْفِرُوا رَبَّكُمْ ثُمَّ تُوبُوا إِلَيْهِ يُرْسِلِ السَّمَاءَ عَلَيْكُم مِّدْرَارًا وَيَزِدْكُمْ قُوَّةً إِلَىٰ قُوَّتِكُمْ وَلَا تَتَوَلَّوْا مُجْرِمِينَ (52قَالُوا يَا هُودُ مَا جِئْتَنَا بِبَيِّنَةٍ وَمَا نَحْنُ بِتَارِكِي آلِهَتِنَا عَن قَوْلِكَ وَمَا نَحْنُ لَكَ بِمُؤْمِنِينَ 

«Ад қаумына туыстары Һудты (а.с.) жібердік: Әй, елім! Аллаға құлшылық етіңдер. Сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Сендер өте жалақорсыңдар - деді. Әй, елім! Мен пайғамбарлығым үшін сендерден ақы сұрамаймын. Маған ақы мені жаратқан Алланың өзінен. Сонда да түсінбейсіңдер ме? Әй, халқым! Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Онан соң Оған тәубе етіңдер. Сендерге көктен жаңбыр жаудырып, қуаттарыңның үстіне қуат қоссын. Сондай-ақ күнәкар болып, жалтармаңдар - деді. Олар: Әй, Һуд! Сен бізге ашық дәлел келтірмедің. Біздер сенің сөзің бойынша тәңірлерімізді тастамаймыз да саған сенбейміз - деді.[4]

Ад қауымының көсемі Халжан өздерінің күпірлігін былайша тілге тиек етеді: «Ей, Һуд! Сен білмейтін бе едің, біз күшті қауымбыз және көппіз. Сен бізге қарсы келетіндей кім едің? Сен болсаң жалғызсың. Білесің бе, біздің қауымда күніне мың сәби дүниеге келеді», - деді.

Һуд (а.с.) пайғамбарды тыңдамай, күпірліктерін жалғастырған қауымға Алла апат ретінде әуелі жауын жаудырмады. Жауын жаумай қуаңшылық басталып, егіс алқабы қурап, мал қырылып, Ирам бағы қурайды. Артынан дауыл тұрып, көз көріп, құлақ естімеген дауыл 8 күн ішінде ад қауымын опат етеді. Тек Һуд және оған иман еткендер ғана аман қалады.

Амал мен сенімде шектен шыққандықтан Нұх топан суынан кейінгі азапқа ұшыраған қауым болды.

 

 Самуд қауымы

 

Самуд қауымы да араб тайпаларының бірі еді. Олар араб түбегінің солтүстік аймағында, яғни Сирияға жақын маңда өмір сүрген тайпа. Арғы аталары Ад қауымынан тараған деген дерек бар. Самуд қауымы Ад қауымынан кейін Аллаға күпірлік еткен, пұтқа табынған қауым. Дінсіздікке бой алдырып, азғындыққа белшеден батады. Ад қауымы секілді сарайлар салып, тауларды үңгіп қазып, баспана етеді.

Салих пайғамбар Самуд қауымын Аллаға иман етуге шақыруын жалғастыра береді. Самуд қауымының бір мерекесі болатын. Сол күні пұттарын қала сыртына алып шығып мерекелейтін еді. Аталмыш мереке күні қарсаңында олар Салихқа былай деп ұсыныс тастайды: «Ей, Салих. Біз мерекемізді тойлайтын уақытта сенде бізбен бірге кел. Бізге пайғамбар екеніңді дәлелдейтін керемет көрсет. Сен өз құдайыңа жалбарын, бізде өз құдайларымызға жалбарынып, дұға етейік. Егер сенің құдайың дұғаңды қабыл етсе, саған иман етеміз. Ал егер біздің құдайларымыз біздің дұға тілектерімізді қабыл етсе, онда сен бізге ересің», - деді. Салих пайғамбар олардың айтқан ұсыныстарын қабыл етеді.

Салих пайғамбар аталмыш мерекеде жерлестерімен бірге қала сыртына шығады. Қауымы пұттан жасаған өз құдайларына жалбарынғанымен ештеңеде болмайды. Самуд қауымының көсемі Салихқа: «Ей, Салих. Мынау тұрған жартастан бізге түйе шығаршы. Егер соны жасай алсаң, саған сенеміз», - дейді. Салих пайғамбар олардан Алланың қалауымен сол жартастан сұраған түйелерін шығарған жағдайда өзіне иман ететіндігі жайында уәде берулерін және ант ішулерін талап етеді. Олар да уәделерінде тұратыны жайында ант ішеді. Салих пайғамбар әуелі намаз оқып, Аллаға дұға етеді. Алланың құдіретімен жартас жарылып, ішінен буаз әрі аш түйе шығады. Алайда сондай таңғажайып көріністі керсе де, самудтықтар берген уәделерінен айнып, иман етпей қояды.[5]

Алла Тағала Құранда:

وَإِلَىٰ ثَمُودَ أَخَاهُمْ صَالِحًا ۗ قَالَ يَا قَوْمِ اعْبُدُوا اللَّهَ مَا لَكُم مِّنْ إِلَٰهٍ غَيْرُهُ ۖ قَدْ جَاءَتْكُم بَيِّنَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ ۖ هَٰذِهِ نَاقَةُ اللَّهِ لَكُمْ آيَةً ۖ فَذَرُوهَا تَأْكُلْ فِي أَرْضِ اللَّهِ ۖ وَلَا تَمَسُّوهَا بِسُوءٍ فَيَأْخُذَكُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ 

"Сондай-ақ Самуд халқына өз бауырлары Салихты жібердік. Ол да қауымына (өзге пайғамбарлар секілді): «Уа, халқым! Аллаға құлшылық етіңдер. Сендердің одан өзге құдайларың жоқ. Сендерге Раббыларыңнан айқын муғжиза келді. Алланың түйесі сендерге муғжиза болмақ. Оны Алланың жеріне қоя беріңдер, жайылсын, оған тиіспеңдер, сұмдық азап түптеріңе жетеді», - деді.[6]

Самуд қауымы Салихтің дағуатын қабыл еткісі келмей, уақыт өткен сайын оған деген өшпенділіктері артып, түйені өлтіруді ойластырады. Алла олардың арам ойларын Салихқа білдіреді. Салих қанша ескерткенімен оның айтқан сөздерін тыңдамай мазақ етеді. Бір күні сәтін тауып азғындар түйені бауыздап тастайды.  

Салих олардың істеген істерін көріп жылайды да, былай дейді:

فَعَقَرُوهَا فَقَالَ تَمَتَّعُوا فِي دَارِكُمْ ثَلَاثَةَ أَيَّامٍ ۖ ذَٰلِكَ وَعْدٌ غَيْرُ مَكْذُوبٍ 

«Үйлеріңде үш күн рахат көріп алыңдар, бұл жалған уәде емес»[7].

Нәтижеде үш күннен кейін ескертілген апат келді. Алла тағала Құран кәрімде:

وَأَخَذَ الَّذِينَ ظَلَمُوا الصَّيْحَةُ فَأَصْبَحُوا فِي دِيَارِهِمْ جَاثِمِينَ  * كَأَن لَّمْ يَغْنَوْا فِيهَا ۗ أَلَا إِنَّ ثَمُودَ كَفَرُوا رَبَّهُمْ ۗ أَلَا بُعْدًا لِّثَمُودَ

«Залымдарға бір ашты айғай естілді де, олар лезде серейіп қатып қалды. Олар мұнда тіршілік кешпеген сияқты болып қалды. Біліп қойыңдар, самуд елі Раббыларына қарсы болды. Самудтықтар құрыды»[8].

Бұл апаттан тек Салих пайғамбар мен өзіне иман еткен азғантай адам ғана құтылады.

 

Лут қауымы

 

Лут пайғамбар Ибраһим пайғамбармен бір кезеңде өмір сүрген. Ибраһим пайғамбарға жақын маңдағы қауымға елші болып жіберіледі. Лут қауымы деп аталған бұл қауым біздің эрамыздан бұрын 1900 жылға дейін Иордания мен Израилдің шекарасындағы өлі теңізге жақын маңда өмір сүрген.

Ол қауым сол уақытқа дейін адамзат көрмеген, естімеген азғындыққа бой алдырады. Әрине азығындықтары тек бұл ғана емес әділетсіздік, жетім-жесір құқығы аяқ асты ету, тәкәппарлық, әлсізге зәбір көрсету етек алған болатын. Сырттан келушілерге қоқан лоқы жасалып, саудагер болса, тауарларын тартып алу әдетке айналған.[9]

Лут пайғамбар азғын қауымға насихат айтып, азғындықтарынан қайтуға, бір Аллаға иманға шақырады:

وَلُوطًا إِذْ قَالَ لِقَوْمِهِ إِنَّكُمْ لَتَأْتُونَ الْفَاحِشَةَ مَا سَبَقَكُم بِهَا مِنْ أَحَدٍ مِّنَ الْعَالَمِينَ (28) أَئِنَّكُمْ لَتَأْتُونَ الرِّجَالَ وَتَقْطَعُونَ السَّبِيلَ وَتَأْتُونَ فِي نَادِيكُمُ الْمُنكَرَ ۖ فَمَا كَانَ جَوَابَ قَوْمِهِ إِلَّا أَن قَالُوا ائْتِنَا بِعَذَابِ اللَّهِ إِن كُنتَ مِنَ الصَّادِقِينَ

«Сендер расында өздеріңнен бұрын әлемде ешкім істемеген көргенсіздік істеп  жүрсіңдер. Сендердің (әйелдерге жуымай) еркекке шабуларың, жолкестілік істеулерің, топтасып әшкере арсыздық істеулерің шарт па?» - дейді. Сонда қауымы: «Егер шыншыл болсаң қане Алланың азабын келтіріп көрші», - деді[10].

Алайда олар оны мазақ етіп, иманға келуден бас тартады. Алланың азабының келуінен сақтандырғанымен аз ғана адам иман етеді.

Құранда апатқа ұшыраған қауымдардың тарихын зерделегенімізде аталмыш қауымдардың апатқа ұшырауына, Алланың қаһарына душар болуына өздері кінәлі екеніне көз жеткіздік. Алла шексіз мейірім иесі. Өзі жаратқан пендесіне ешқандай зұлымдық етпейді. Керісінше әлемдегі бар нығметті адамның игілігі үшін жаратқан өте мейрімді, рахымды. Адамның жасаған күнәсі үшін жазалай бермейді. Тәубе етсе, қателігі үшін кешірім тілесе, күнәсін жарылқайды. Құранда былай дейді:

 

إنَّ اللّهَ لاَ يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَـكِنَّ النَّاسَ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

«Шынында Алла адамдарға зұлымдық етпейді. Адамдар өз-өздеріне зұлымдық етеді» [11]

 

Қауымдардың апатқа ұшырау себептері:

  1. Алланың берген нығметіне күпірлік және пайғамбарларын жалғанға шығару: Әрбір қауымға Алла тура жолды көрсетуші, ақ пен қараны айырушы, сауап пен күнәні, адал мен арамды үйретуші пайғамбарлар жіберген. Кейбір қауымдар азғындықтың шегіне жетіп, Алла тарапынан жіберілген елшілерді қабылдамай, мазақ етіп, күпірліктерінен қайтпай, тіпті пайғамбарларды өлтіруге дейін барған. Түзелуге, бет бұруға құлық танытпаған ондай қауымдар апатқа ұшыраған.

وَقَوْمَ نُوحٍ لَّمَّا كَذَّبُوا الرُّسُلَ أَغْرَقْنَاهُمْ وَجَعَلْنَاهُمْ لِلنَّاسِ آيَةً ۖ وَأَعْتَدْنَا لِلظَّالِمِينَ عَذَابًا أَلِيمًا

«Нұхтың елін де пайғамбарларды мойындамағаны үшін суға батырдық, адам баласына бір ғибрат қылдық. Ал залымдарға қатты азап дайындадық»[12]
  1. Қоғам ішінде түрлі алауыздық пен азғындыққа жол берді:

{وَإِذَا أَرَدْنَا أَنْ نُهْلِكَ قَرْيَةً أَمَرْنَا مُتْرَفِيهَا فَفَسَقُوا فِيهَا فَحَقَّ عَلَيْهَا الْقَوْلُ فَدَمَّرْنَاهَا تَدْمِيرًا}

«Бір қаланы тып-типыл еткіміз келсе, олардың дәулеттілерін бойсұнуға бұйырамыз. Бірақ олар бойсұнбай бұзақылық істейді. Сондықтан оларға азап үкімін беру дауа. Сонымен оларды тып-типыл етеміз»[13]
  1. Өлшеу мен таразыдан жеу

Ислам діні адал, таза саудагерлердің бұл өмірдегі адалғы үшін ақыреттік сыйлығы жұмақ екенін сүйіншілейді. Адамзаттың ұстазы Мұхаммед бір хадисінде:

«Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, турашылдар және шәһидтермен бірге болады» деген.

Ілгерідегі қауымдардың таразыда асыра жеп шектен шыққаны үшін Алла азабын жіберген. Ислам сауда жасауда адалдықты талап етіп, таразы мен өлшемде әділ болуды бұйырады. Бұл хақында Құранда:

وَأَقِيمُوا الْوَزْنَ بِالْقِسْطِ وَلَا تُخْسِرُوا الْمِيزَانَ

«Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер»[14]

"Мутаффифин" сүресінің алғашқы аяттарында да:

وَيْلٌ لِلْمُطَفِّفِينَالَّذِينَ إِذَا اكْتَالُوا عَلَى النَّاسِ يَسْتَوْفُونَوَإِذَا كَالُوهُمْ أَوْ وَزَنُوهُمْ يُخْسِرُونَأَلَا يَظُنُّ أُولَئِكَ أَنَّهُمْ مَبْعُوثُونَلِيَوْمٍ عَظِيمٍيَوْمَ يَقُومُ النَّاسُ لِرَبِّ الْعَالَمِينَكَلَّا إِنَّ كِتَابَ الفُجَّارِ لَفِي سِجِّينٍ

«Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да; Қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма? Ол зор күн үшін; Ол күні адамдар, бүкіл әлемнің Раббының алдында тұрады. Олай емес. Негізінен бұзықтардың дәптері төменгі орында болады».[15]

Бүгінгі таңда базардағы саудагердің көпшілігі таразыдан жеу арқылы құнығып, пайда табуды әдетке айналдырғаны жасырын емес. Тіпті, кейбіреулер үшін үйреншікті жағдайға айналып үлгерген. Алушыны алдағанымен, бүкіл әлемнің Жаратушысын алдау мүмкін емесі ақиқат. Сондықтан бес күндік пайда үшін ақыретті тозаққа айналдырып алмаған жөн.

  1. Дүниеқоңыздық: Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді:

فَوَاللَّهِ مَا الْفَقْرَ أَخْشَى عَلَيْكُمْ؛ وَلَكِنِّي أَخْشَى عَلَيْكُمْ أَنْ تُبْسَطَ الدُّنْيَا عَلَيْكُمْ كَمَا بُسِطَتْ عَلَى مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ، فَتَنَافَسُوهَا كَمَا تَنَافَسُوهَا، وَتُهْلِكَكُمْ كَمَا أَهْلَكَتْهُمْ

«Аллаға ант етем! Мен сендердің кедей болуыларыңнан қорықпаймын. Бірақ сендерге дейінгілерге дүние қалай билік қылса, солай билік қылуынан және дүние үшін олардың жарысқаны секілді сендердің де жарысуларыңнан, дүние оларды апатқа ұшыратқанындай сендерді де апатқа ұшыратуынан қорқамын»[16]
  1. Зинаның етек алуы

Зина – ауыр қылмыс, апатқа апарып соқтырушы үлкен күнә, ар-ождан мен абыройға қарсы жасалынған дұшпандық. Таза ақыл да оны құп көрмейді, шариғат та оған рұқсат бермейді және оны дін де қабыл алмайды. Бізге дейінгі жойылып кеткен қауымдарда зинақорлық кең етек алғаны тарихтан мәлім. Бұл істің тыйым салынған харам амал екендігіне Алла Тағаланың Кітабынан да және Оның елшісінің сүннетінен де дәлелдер жеткілікті. Алла Тағала былай дейді:

 ﴿وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً﴾ 

 «Және зинаға жақындамаңдар! Расында ол бір азғындық және жаман жол»[17].
  1. Ішімдіктің судай ішілуі: Алла елшісі мүбарак хадисінде:

عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ تَعَالَى عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »لُعِنَتْ الْخَمْرُ عَلَى عَشَرَةِ وُجُوهٍ، لُعِنَتْ الْخَمْرُ بِعَيْنِهَا وَشَارِبِهَا وَسَاقِيهَا وَبَائِعِهَا وَمُشْتَرِيهَا وَعَاصِرِهَا وَمُعْتَصِرِهَا وَحَامِلِهَا وَالْمَحْمُولَةِ إلَيْهِ وَآكِلِ ثَمَنِهَا«. رَوَاهُ أَحْمَدُ وَأَبُو دَاوُد وَابْنُ مَاجَهْ

Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.)былай дейді: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады»[18].

  1. Пайғамбар әміріне қарсы амал ету мен дінді мазақ ету:

فَلْيَحْذَرِ الَّذِينَ يُخَالِفُونَ عَنْ أَمْرِهِ أَنْ تُصِيبَهُمْ فِتْنَةٌ أَوْ يُصِيبَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ

«....Пайғамбардың әміріне қайшылық істегендер (дүниеде) бір бәлекетке жолығудан (ақыретте) қатты азапқа душар болудан сақтансын»[19]

Құран азғын қауымның басына келген апаттарды бізге ғибарт үшін баян етуде. Сондай апат пен азапқа ұшырамау үшін шектен шықпай, күпірлік етпей, арсыздық пен зұлымдық жасамай, ішімдік пен нашақорлықтан алыс тұрып, әлсіздерге қамқор болып, ысырап етпей, зинаға жақындамай, парақорлыққа бармай, Аллаға деген сенімі берік болу керек.

 

[1] Жүсіп сүресі, 111-аят.

[2] Муминун сүресі, 23-26 аяттар.

[3] Фуссилат сүресі 15-аят.

[4] Һуд сүресі, 50-53 аяттар.

[5] (Şamil İslam Ansiklopedisi. Ömer Tellioğlu. Semud kavmi тармағы).

[6] Ағраф сүресі, 73-аят.

[7] Һуд сүресі 65-аят.

[8] Һуд сүресі 67-68-аят.

[9] (Mehmet Katar. Tevratın Lut kıssası üzerine bir araştırma. AÜİFD XLVIII (2007), sayı: 1, s. 57-76).

[10] Анкабут сүресі, 28-29 аяттар.

[11] Юнус сүресі, 44-аят.

[12] Фурқан сүресі, 37-аят.

[13] Исра сүресі 16-аят.

[14] Рахман сүресі, 9-аят.

[15] Мутаффифин сүресі, 1-аят.

[16] Бұхари хадистер жинағы.

[17]  Исра сүресі, 32-аят

[18] Ибн Мәжә хадистер жинағы.

[19] Нұр сүресі 63-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру